• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2014

Сөз бен істе алшақтық көп

303 рет
көрсетілді

Кеше Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің алқа мәжілісі өтті. Онда агенттіктің өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, алға қойған мақсат-міндеттері талқыланды. Отырысқа Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Гүлшара Әб­діқалықова, агенттікке қарас­ты ведомстволардың басшы­лары мен спорт мамандары қатысты. Жиында агенттік төра­ғасы Тастанбек Есентаев баян­дама жасады. Ол алдымен спорт­шылардың өткен жылғы жетіс­тіктері жайлы айтып, алдағы кез­дегі атқарылатын істерге тоқ­талды. – Өткен жылы қазақстандық спортшылар 732 медаль жеңіп алды. Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 279 медальді иеленсе, соның ішінде 112 алтын, 80 күміс, 87 қола медальға ие болды. Спортшыларымыз әлем чемпионаттарынан 92, Азия чемпионаттарынан 43, халықаралық турнирлерден 114 медаль алып қайтты. Ал мүмкіндігі шектеулі спортшыларымыз 28 медальді жеңіп алды. Оның ішінде 9 алтын, 13 күміс және 4 қола медаль бар, – деді Т.Есентаев. Осыдан кейін ол елімізде бұқаралық спортты дамытуда, соның ішінде жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттауда атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, қазір студенттердің 45 пайызы спортпен айналысатынын атап өтті. Осы ретте ол бүгінде агенттік 2017 жылы Алматыда Қысқы Универсиаданың өтетінін ескере отырып, студенттік спортты дамытуға көп көңіл бөліп жатқанын, оған дәлел ретінде былтырғы жылдың қорытындысы бойынша еліміздің ЖОО-ларында оқитын студенттердің спорттық үйірмелерге қатысуы 45 пайызды қамтитынын немесе 168,5 мың адамға жеткенін айтты. Оның айтуынша, қазір 139 рес­публикалық ЖОО-ның 64-ін­де спорттық клубтар, ал 75 білім ошағында спорттық секция­лар жұмыс істеп тұр. Дегенмен, Т.Есентаев проблемалардың да бар екенін, бұқаралық спорт­ты дамытуда қажетті инфра­құ­рылымының жоқтығын жасыр­мады. «Бұқаралық спортты дамытудағы басты проблемамыз – бұл кәдімгі, қарапайым ха­лық айналысатын спорт инфра­құрылымының жоқтығы. Қазір ауылдық жерлерде 4483 спорт залдары бар. Бірақ соның 3650-і жалпы білім беретін мектептерде орналасқан және олар тек сабақтарды өткізу үшін ғана пайдаланылады. Соның салдарынан спорт залдарының тек 20 пайызы ғана халыққа қолжетімді болып отыр. Сонымен бірге, спортпен, денешынықтырумен айналысқысы келетін адамға мекемелер мен оқу орындарында спорттық құрал-жабдықтар  жетіспейді», – деді ол. Осылай дей келіп, агенттік төрағасы жергілікті әкімдердің спорт алаңдары мен залдарының құрылысына салғырт қарап отырғанын айтып, сынады. «Қазір облыстық, аудандық, қалалық спорт басқармаларының бәрі жергілікті әкімдерге қарайды. Спорт кешендерін салу, қайта жаңарту – солардың ісі. Өкінішке қарай, бұл істе кемшіліктер аз емес. Сондықтан бізге  үкіметтік деңгейде спорт ин­фра­құрылымын дамыту үшін облыс­тық маңызы бар әрбір қала мен аудандарда денешынықтыру-сауықтыру кешендері құрылысы бойын­ша шараларды қабылдау қа­жет», – деді ол. Төрағаның айтуын­ша, бүгінде Үкіметтің қол­дауы арқасында 2014 жылы мем­лекеттік бюджетте 14 дене­шынықтыру-сауықтыру кеше­ні­нің құрылысына қаржы қарас­тырылған. Дегенмен, жергілікті жерде іске жауапты қарау керек. Қазір елімізде денешынықтыру мен спортпен айналысуға ар­нал­ған спорт алаңдарына деген тап­шылық 50 пайыздан асады. Осы жағдайды ескере отырып, спорт кешендерін одан әрі қарай қаржыландыруды қарастыру қажет, деді ол. Отырыста Сочи Олимпиадасы туралы айтылмай қалған жоқ. Осы мәселе туралы агенттік төр­ағасы мынадай қорытынды жаса­ғанын айтты. Ол алдымен Олимпиадада алға қойған мақ­саттың орындалмағанын айтып, спортшылардың бір ға­на қола медальді иеленуіне жат­тық­тырушылар құрамы кінәлі екенін мәлімдеді. – Өкінішке қарай, Сочи Олим­пиадасында біздің құрама Ван­кувер ойындарына қарағанда, лайықты өнер көрсете алмады. Оны біз мойындаймыз. Біз кемінде екі медаль аламыз деп едік. Бірақ олай болмады. Шаңғы жарысы, биатлон, шаңғымен тұғырдан секіру сияқты спорт түрлерінде көрсеткіштеріміз көңіл көншітпеді. Әсіресе, шаңғы жарысына қатысқан спортшыларымыз үмітімізді ақтамады, – деді ол. Сонымен бірге, ол Қазақ­стан құрамасының лайықты нәтиже көрсетпеуі тек спорт­шыларға ғана байланысты емес­тігін, ең бастысы, ол жаттықты­ру­шы­лардың тікелей кінәсі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жат­тықтырушылар құрама спортшыларымызбен дұрыс жұ­мыс жасамады. Соның кесірінен, спортшылар мен бап­керлер арасында жарысқа дай­ындық тиісті деңгейде жүргізілмеді. Енді осыған байланысты агенттік 14 наурыз күні Қазақстан Олим­пиада комитеті өкілдерінің қаты­суымен жиын өткізуді жоспар­лап отыр. «Осы кездесуде барлық кемшіліктер айтылып, спорт­шылардың нәтижесіз өнер көрсету себептері кеңінен талқыланады», деді төраға. Десек те, Т.Есентаев қысқы спорт түрлерінде елімізде алға жылжушылық бар екенін, Ван­кувер Олимпиадасына 38 спортшымыз жарыстың 8 түрінен ғана лицензия алса, биылғы Сочи Олимпиадасында Қазақстанның 52 спортшысы 60 жолдаманы жеңіп алғанын айтты. Осыдан кейін агенттіктің алқа мәжілісін Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова қорытындылап, спортты дамытуда бірқатар тапсырмалар берді. Онда вице-премьер алдымен ведомствоға ұзақ мерзімді кезеңге арналған спортты дамыту мәселелерін қарастыруды тапсырды. «Агенттік барлық мүдделі органдармен бірлесе отырып, ұзақ мерзімді кезеңге арналған денешынықтыру және спортты дамыту мәселелерін қарастыруы тиіс. Агенттік тарапынан ұзақ мерзімге арналған нақты ұсыныстар беру керек», деді Г.Әбдіқалықова. Содан кейін Гүлшара Наушақызы қазіргі кезде мектеп оқушыларының 80 пайызының спортпен жүйелі айналысуларына мүмкіншіліктері жоқ екенін,  осыған байланысты агенттікке тиісті жұмыстарды тапсыратынын айтты. – Біз алдағы кезде елімізде 10 аймақаралық спортқа арналған колледж ашуды жоспарлап отырмыз. Осы уақытқа дейін студенттер спортына тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. Шет мемлекеттерде университет спорты есебінен кәсіпқой клубтар мен ұлттық командалар құрылады. Университет спортына тиісті деңгейде көңіл бөлмеу еліміздің халықаралық командаларының спорттық резервін дайындауға кері әсер етеді. Сондықтан атал­ған колледждерден басқа Спорт және денешынықтыру істері агенттігіне Білім және ғылым ми­нистрлігімен, жергілікті атқа­рушы органдармен бірлесе отырып, мектеп спортын дамыту, студенттердің спорттық клубтар желісін кеңейтуді тапсырамын, – деді вице-премьер. Сондай-ақ, ол агенттікке жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, өңірлерді қажетті кадрлармен қам­тамасыз ету бойынша шараларды қабылдауды тапсырды. Алқа мәжілісінің соңында Үкімет басшысының орынбасары Г.Әбдіқалықова 2013 жылдың қорытындысында «Жыл серпіні» аталымы бойынша «Жыл спортшысы» республикалық конкурсының жеңімпазы атанған Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді марапаттап, дипломды табыс етті. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар