• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Наурыз, 2014

Патриот жастардың республикалық форумы

349 рет
көрсетілді

Байырғы Қыздар университеті елдің ертеңіне бейжай қарамайтын студенттердің басын қосып, «Мәңгілік Ел» идея­сы – жастардың жарқын болашағы» атты республикалық патриот жастардың форумын ұйымдастырды. Қазақ мемлекеттік қыздар пе­да­гогикалық университетінде өткен ауқымды жиын аталған оқу орнының 70 жылдық мерейтойы аясында өткенін айта кету керек. Сонымен, Алматы қалалық «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесе ұйымдастырылған форум жұмысына қалалық Жастар саясаты жөніндегі басқарманың өкілдері, Республикалық және Ал­маты қаласы ЖОО-ларының Жас­тар ісі жөніндегі комитет төра­ғалары мен республиканың әр аймағындағы жоғары оқу орын­дарының көшбасшы жастары қатысты. Университет өміріндегі ай­тар­лықтай оқиғаға белсенді студенттермен қатар, І.Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік уни­верситеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Тараз мемлекеттік пе­дагогикалық институты, М.Өтеміс­ұлы атындағы Ба­тыс Қа­зақстан мемлекеттік универ­ситеті, С.Торайғыров атын­дағы Павлодар мемлекеттік уни­вер­ситеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жұмыла қатысты. Жастар үшін маңызды жиынды Қыздар университетінің бірінші проректоры Б.Әлиев салтанатты түрде ашып, Елбасы Жолдауындағы «Мәң­гілік Қазақстан» жобасына қа­тысты ұсынықты пікірлерін ор­таға салды. Ал «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық фи­лиа­лы­ның атқарушы хатшысы Арман Халбеков барша жасты ұлт­жан­ды және өз елінің абзал азаматы болуға шақырды. Форумда арнайы үндеу қа­былданды. Онда форум де­ле­гаттарының «Қазақстан» атауын «Қазақ елі» атауына алмастыруды бірауыздан қолдайтындығы айтылып, «Бүгінгі ұрпақ үшін ұлттық идея айқын, ендігі міндет болашағымызға бағдар беретін «Мәңгілік Ел» идеясын қалыптастыру жолында қызмет ету – басты парызымыз. Мәңгілік Қазақ елінің өркендеуі жастардың қолында!», делінген. Форумның ресми бөлімінен соң республикамыздың көшбасшы жастары «Мәңгілік Ел» көрмесі мен «Ақтұмар» мұражайын, сондай-ақ, «Қыз Жібек» қоғамдық бірлестігі арулары дайындаған сән үлгілері көрсетілімін тамашалап, Қыздар университетінің «Қыз Жібек» клубының жұмысымен танысты. Ауқымды шара түстен кейін «Болашақ педагог имиджі» дөңгелек үстеліне ұласып, бел­сенді жастар «Нұр Отан» партия­сы Алматы қалалық филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжановпен кездесті. Отансүйгіштік рухты көтерген форум арнайы дайындалған кон­церттік бағдарламамен аяқталды. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.