Аlmaty Investment Forum-2021 қаланы дамыту, агломерация, урбандалу және цифрлы трансформацияның басым бағыттары мен құралдарын талқылауға басымдық берді. Жиында белгілі болғандай, енді Алматы экономикасы «мега-қала», «поли-сити» және «метро-қала» айналасында дамиды.
Бұл бағыттардың басты идеясы – Алматыны кеңейту, әр ауданның жеке инфрақұрылымы мен тұрғындар үшін барлық қолайлылығы, көліктік байланысы және басқа да факторлар болған кезде полицентрлікті нығайту. Сондай-ақ мегаполистің өңірлік бәсекеге қабілеттілік, әуе қатынасы, таланттар мен экспаттар үшін қолайлы орта сияқты негізгі артықшылықтарын дамыту маңызды екені айтылды.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев шаһардың алдағы уақытта бірнеше бағытта дамитынын айтты. Соның ішінде серіктес қалаларды дамыту, урбандалу мәселесіне ерекше басымдық берілмек. Қалаға тәулігіне кем дегенде 500 мың адам келіп-кетеді. Ал Алматыда тұрақты жұмыс істейтін азаматтардың саны 200 мың. Сондықтан қала билігі Алматы агломерациясын көрші облыстардың экономикасымен қатар дамыту керек деген байламға келіп отыр. 2030 жылға қарай Алматы агломерациясында 5 млн-ға жуық адам тұрады. Бұл фактор қала экономикасы мен креативті индустрияға жаңа мүмкіндіктер береді. «Алматы-2050» стратегиялық жоспарына сәйкес халықаралық инвестиция тарту және дарынды мамандарды дамыту мақсатында қала смарт жоспарлауға көшіп, жаңа Жібек жолының ірі сауда, логистикалық және коммуникациялық хабын қалыптастырады.
М.Әзірбаев атап өткендей, урбандалуды жоспарламасақ, көлік пен қоршаған ортаға байланысты проблемалар туындауы бек мүмкін. Тиісті заң әзірленіп, көлік жүйесі, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, экологиялық жағдай мен инфрақұрылымды жақсарту бойынша жобалар пысықталып жатыр. Қала шетіне кең жолақты интернет және басқа да инженерлік желілер орнатылып, жаңа технологиялар мен цифрлы жобаларға инвестиция тарту қолға алынды. Стартаптар үшін акселерация бағдарламасы іске қосылып, 2 жоба жүзеге асырылды, 9 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Қала әкімінің орынбасары креативті экономиканы дамытуға айтарлықтай көңіл бөлу жоспарланып отырғанын да қаперге салып өтті. Қазір бұл саладан 37,7 млрд теңге түсім түсіп, 402,8 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. Алматы билігі жеке серіктестермен 562,4 млн теңгеге 11 жобаны қаржыландыруға дайын.
Centras тобының жетекшісі Елдар Әбдразақов сұранысты қанағаттандыру үшін бизнес қалаға не қажет екенін білуі керек екенін айтты. ХХI ғасыр бизнесіндегі басты тренд – клиенттің ішкі сұранысын қанағаттандыруға басымдық беру. Егер тауарға елде сұраныс болмаса, шетелге өткіземіз деп армандаудың қажеті жоқ. Екінші мәселе – тек қана тиімділік, цифрландыру және интеграцияға басымдық беру. Себебі бизнестің инерциясына байланысты қозыкөш кейін қалғанымызды сарапшылардың бәрі айтады. Алдағы уақытта белсенді болу керек. Бұл үшін бизнестің барлық сегменті цифрлы тізбектер арқылы орталықтандырылуы маңызды. Сарапшы айтып өткендей, цифрлы немесе смартфондардың өмірімізге әсері – кешегі күннің әңгімесі. Қазір смартфон әлемдегі процестерді өзінің қауызына сыйдырды. Алдағы бірер жылда әлемнің кез келген нүктесіндегі бизнесті ас үйде отырып, смартфон арқылы басқарамыз. Сондай-ақ ол урбандалу мәселесін бірнеше бағытпен қатар талқылауға кеңес берді. Бұл процестің жағымды аспектілерімен қоса, қоғамдық болмысқа әсер ететін жағымсыз тұстары да бар.
Цифрлы үрдістер тереңдеп, мүмкіндіктері әртараптандырылған сайын адамдардың ұжымдасып бірге өмір сүруге деген қажеттілігіне селкеу түсіреді. «Смартфон кәрінің де, жастың да барлық қажетін қанағаттандырып отыр. Мұның алдын алмасақ, ұрпағымыз онжылдықтарда жалғыздық дертіне шалдығады, ешкімді керексінбейді. Балаларымыздың да, өзіміздің де бір мезгіл болса да одан бас тартып, бір-бірімізбен жиірек кездесуге мүмкіндік беретін жайттар жайында қазірден бастап ойлану керек, адамның техникаға тәуелділігі жақсылыққа апармайды», деп түйіндеді Е.Әбдразақов.
«Жыл жобалары» тақырыбындағы пленарлы сессияда «АлЭС» АҚ даму және трансформация жөніндегі басқарушы директоры Серік Қалиев Алматы ЖЭО-2 жаңғырту жобасы бойынша шешім 2020 жылдың қазан айында қабылданғанын, модернизациялаудың төрт нұсқасының ішінде жылу электр орталығын көмірден газға көшіру мақұлданғанын айтты. Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Алматыдағы ЖЭО-2-де қуаттылығы 400 МВт-қа дейінгі құрамдас циклді станса құрылысына инвестиция тарту есебінен 315 млрд теңге қажет. Оның 10,5 млрд теңгесі 2022, 101,4 млрд теңгесі 2025 жылға дейін жұмсалады.
Еске сала кетейік, биыл сәуір айында ЖЭО-2 газға көшіру жобасының алғашқы нұсқасы сараптамадан өтпеді, құнының қымбаттағаны белгілі болды. С.Қалиев қымбаттау құрал-жабдықтардың құрамын нақтылау және басқа да шараларға байланысты екенін, жобаның қаржылық-экономикалық бөлігі әлі пысықталатынын атап өтті.
Онлайн арқылы байланысқа шыққан Париж, Рим қалалары билігі өкілдері ірі қалалардың миграциялық тартылыс ошағына айналуы әлемдік құбылысқа айналғанын, бірақ қала іші, қала сыртына қатынайтын электрлі жүрдек пойыздар арқылы оның салмағын жеңілдетіп отырғанын айтты. Халықаралық Mercer жобасының жетекшісі Слажин Паракатил мегаполистер үшін қазіргі тренд адам саны емес, өзімен қатар дамып келе жатқан шағын серіктес қалалардың әлеуеті екенін айтты. Мысалы, Париж, Рим, Ыстанбұлдың дамуына айналасындағы қалалар септесіп отыр. Бұл – әлемдік тәжірибеде сыннан өткен құбылыс. «Миграция мен урбанизациядан туған проблемалар жыл өткен сайын тереңдей береді. Бірақ оның шешімі бар. Сондықтан әлемдік тәжірибені қаперге алған дұрыс. Серіктес қалаларды дамыту арқылы үлкен, тарихи қалалардағы санғасырлық тарихы бар ғимараттарды сақтап қаламыз. Үлкен қалалар санғасырлық тарихты жермен-жексен етіп, жою емес, жан-жағындағы елді мекендердің дамуы арқылы ғана қаланың тарихи келбетін сақтап қалады, сонымен бір мезгілде жаңарады», деп түйіндеді С.Паракатил.
Форумға қатысушылар әлемнің айтулы мегаполистерінің басшыларымен телекөпір өткізіп, интеграция мүмкіндіктерін талқылады, әкімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіру мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.
АЛМАТЫ