Екі жыл бұрын Egemen Qazaqstan газетінде «Қасиетті Қызбелге қамқорлық қажет» деген тақырыппен мақаламыз жарияланған. Басылым бетінде ауылдағы ағайынның мәселесін көтеріп, базынасын жазғанбыз. Содан бері біраз дүние өзгергенге ұқсайды.
Қостанай облысындағы 71 947 гектар жерді алып жатқан Қызбел ауылдық округінің халық саны – 734 адам. Оның ішінде 140 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұндағы жұрт атаулы әлеуметтік көмек алмайды. Себебі – бәрі өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Ауылдық округтің басым бөлігі мал және егін шаруашылығымен айналысады. 23 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Биыл мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасына «Қайнар» жеке шаруа қожалығының басшысы Қарғалы Рысбеков қатысып, ауылшаруашылық қаржылай қолдау қорынан 6% несиемен Литва мемлекетінен 45 бас «герефорд» асыл тұқымды ірі қара малдарын сатып алып, төл басын көбейтуді қолға алды.
Халық үшін ауыз судан мәселе жоқ. Қысқа дайындықтары жаман емес. Қазірдің өзінде шаруа қожалықтары 6 мың тонна, ал ауыл тұрғындары 5 мың тонна мал азығын дайындап үлгерген. Тұрғындар 840 тонна көмір түсіріп алған.
Бертінге дейін осы бір ауылдың ажары тайып, сәні кетіп бара жатқандай көрініп еді. 2021 жылдың мамыр айында ауыл түлеп сала берді. Қызбел ауылдық округінің әкімі Қайсар Нұрғазин ауылдың келбетін ашып, шырайын келтіру мақсатында жүргізілетін «Көркейе бер, Қызбелім!» атты кешенді жұмыс жоспарын қолдауға үндеп, жұртшылықпен бейресми кездесу өткізді. Әкімнің бастамасын тұрғындар құптаған. Байгерей Какимов, Елжан Садуақасов, Манар Есжанов, Асқар Қошқаров сынды ел ағалары қор ашып, іске білек сыбана кірісті. Өзге де азаматтар ел мүддесіне жұдырықтай жұмылды.
– Биыл ауыл азаматтарының ерікті түрде, өз ұсыныстарымен бірқатар жұмыс атқарылды. Бұл ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының маңызы зор болды. Себебі дәл осы мақаладан кейін аймақтарда «Туған жерге тағзым» атты акциялар көптеп ұйымдастырыла бастады. Біздің бастамамыз да осы бағдарлама аясында қолға алынды. Кеудесінде намыс оты маздаған, ауылына алаң көңілімен қарайтын азаматтарымыз көп екен. Сондай қолдаушыларымыздың арқасында туған жеріміз құлпырып келеді, – дейді ауыл әкімі Қайсар Сұлтанбекұлы.
Атап айтқанда, биыл көшелерді жарықтандыру мәселесі шешімін тапты. Қызбелдік мүсінші Мұхаметқали Рахалиев салған Міржақып Дулатұлының бюсті орнатылды. «Тәуелсіздік саябағы» аталатын демалыс орыны ашылып, қажетті орындықтар қойылды және жолдарына тас төсеніш қаланды. Ауылдың кіре берісіне және орталығына заманауи дизайндағы визит-белгілер салынды. Дала сахнасы жаңартылды. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында жаһандық талаптарға сай әмбебап волейбол-футбол алаңы пайдалануға берілді. Орталық алаңға 20 метрлік ту тұғыр орнатылды. Бұдан бөлек мемлекеттік қаржыға Міржақып Дулатұлы атындағы мектепте орналасқан Алаш арысының музейі мен спорт зал күрделі жөндеуден өтті. Ұзақ жылдар бойы жаңғыртуды қажет етіп келген мәдениет үйіне аудандық бюджеттен 7 млн теңге бағытталды. Көптің тілегі орындалып, ұялы байланыс желісі тартылды.
Жақында ғана ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жоғарыда аталған жаңа кешендердің ашылу салтанаты өткізілді.
Жаңа демалыс орындарының ашылу рәсіміне Жанкелді ауданы әкімдігінің өкілдері, мәслихат депутаттары және ауыл тұрғындары мен сыртта жүрген ел жанашырлары жиналды.
Жангелді ауданы әкімінің орынбасары Еренбол Алматов туған жерді түлету мақсатында демеушілік білдірген меценаттарға аудан әкімінің грамотасын табыс етті.
Ілкімді істердің таныстырылымы Қызбел ауылының мәдени ұйымдастырушысы Айжамал Баймырза әзірлеген ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасына және спорттық жарыстарға ұласты. Іс-шара барысында ауыл ақсақалдары еліне еңбегі сіңген азаматтарға алғысын жаудырды.
Қорыта айтқанда, бұл – ауқымды істердің алғашқы қадамы. Ендігі кезекте жол мәселесі шешіліп, ауыл жаққа сапалы интернет тартылса деген тілек бар.