Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен-Семей» тасжолының 10-198 шақырымы жабылып, «Омбы-Майқапшағай» тасжолында көлік қозғалысы шектелді, деп хабарлайды Egemen.kz.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін сағат 06.30-дан бастап өңір бойынша ауа райының нашарлауына, нақты айтқанда жаңбыр жауып, көктайғақ болуына байланысты жол жабылды.
«Республикалық маңызы бар «Өскемен-Семей» тасжолының 10-198 шақырымында (Герасимовка ауылы мен Семей қаласының арасы) автокөліктің барлық түріне жүруге тыйым салынды.
Сондай-ақ республикалық маңыздағы «Омбы-Майқапшағай» тасжолының 756-906 шақырымында (Семей қаласы мен Қалбатау ауылының арасы) тіркемесі бар жүк көліктерінің және автобустардың қозғалысы шектелді», делінген ақпаратта.
Осы ретте департамент мамандары тұрғындарға алыс сапарға шықпауға, жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес береді.