• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Мамыр, 2010

МАЙДАНДА ШЫРҚАЛҒАН ӘН

1040 рет
көрсетілді

Әкем Кенжеболат пен ағасы Асан 1942 жылғы 7 қаңтарда Бура­байдағы Ақшоқыдан әскер қатарына шақырылып, майданға аттанған екен. Майданға барған­да 35 жаста болған Асан Әб­­ді­­халық­ұлы бір шайқаста тұтқынға түседі. Ал әкем Кенжеболат 77-атқыштар полкы­ның құрамында Сталинград қаласын қорғауға қатысады. Сол жылғы маусымда аяғынан жарала­нып, әскери госпитальда емделіп шыққаннан кейін, Ленинград майданына жіберіледі. 250-атқыш­тар брига­да­сы­ның құрамында жүрген әкем 1943 жылғы 15 наурыздағы қатты ұрыста тағы ауыр жарақат алады. Қансырап, ессіз жатқан ол кісіні ұрыс даласы­нан өзіне де оқ тиген солдат арқа­лап алып шығыпты. Санитарлық бөлімге жеткізілген әкемді ал­ғашқы көмек көрсет­кеннен кейін госпитальға жібереді. Операциядан кейін есін жинаған оған дәрігерлер темекі қорапша­сына жазылған қолхатты табыс етеді. Онда: “Сен өмір сүруге міндеттісің, украин азаматы Вася” деп жазылған екен. Өзінің тірі қалуына себепші болған сол жігітті артынан көп іздегенмен әкем оны таба алмады. Әкей операциядан кейін жара­қаты жазылмай, төсекте жатқанда әсем бір әуен естиді. Ол соғыстың ба­ры­сы жайлы барлық ақпаратты радио арқылы хабарлайтын кез бола­тын. Алғы шепте жүріп шай­қасқа кіргелі отырғанда талай естіп, дауы­сына тәнті болып жүр­ген сүйікті әншісі Роза Бағланова­ның әнін естіген әкем медбикеге радио­қабыл­дағыштың даусын көтерсеңіз деп өтінсе, ол концерт радиодан емес, дала­да жүріп жатыр депті. Әлгі мед­бикеге жалынып, сүрініп-қабынып әкем концерт алаңына жеткенде бірінің аяғы, бірінің басы, бірінің қолы байланған, дәкеден қан дағы көрінген жаралы солдат­тар мен гос­питаль қызметкерлері­нен көз сүрін­гендей екен. Алаңда құйқылжыта ән салып тұрған кіп-кішкентай, үріп ауызға салғандай сұлу, жанарынан жылылық ұшқын­даған жап-жас нәзік қазақ қызы орысша-қазақша бұлбұл­дай сайрап тұрыпты. Роза Тәжібай­қызының сол күні салған “Степь да степь”, “Қараторғай”, “Айнамкөз”, “И кто его знает”, “На солнечной поляночке”, “Сырымбет” әндері жауынгерлер бойына күш-жігер беріп, көңілге жақсылықтың нұрын құйғандай әсер береді. – Сол концертті шыбынның дыбысы естілетіндей тыныштықта тұрып тыңдадық. Бір жарым сағат­тық мәдени демалыс кезінде туған елдің самал желін сезгендей, ыстық топырағынан жылу алған­дай, ананың аялы құшағында болған­дай әсер алдық, – дейтін әкем. Операциядан кейін госпитальда жатқанда командирлер әкемнің кеудесіне “Ле­нин­градты қорғағаны үшін” медалін тағады. “Батыр бір оқтық” болғанымен “қы­рық жыл қырғын болса да ажалды ғана өледі” демекші, ұзақ емделуден кейін сапқа қайта тұрған қатардағы жауынгер Әбдіхалықұлы Кенжеболат Жеңіс хабарын 191-гвардиялық ат­қыштар полкының құрамында Бал­тық майданында естиді. Сол кезде “Ерлігі үшін” және “Германияны жеңгені үшін” медальдарымен марапатталады. Содан кейін, 1945 жылғы 20 қыр­күйектегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының Жарлығына сәйкес төрт және одан да көп жарақат алған жауынгерлер қатарында әкем сол жылғы 21 қазанда елге қайтарылады. Күздің қара суығында Щучье стансасынан жаяулап 45 шақырым­дай жол жүріп, түн ортасында үйіне келген әкем есік ашқан жеңгесіне: “Ағатайымнан хабар бар ма?”, – деген екен. Жалғыз інісімен соғысқа бір күні аттанған атам, мүлде хабар­сыз кеткен. Жеңгесі соны айта­ды. Әкем таң атқанша демалып, ерте тұрып, ағасынан бір хабар білу үшін қайтадан 18 шақырым жол жүріп, военкоматқа барады. Көп ізденіс, сұраныстың арқасында ол кісінің тірі екенін біліп, көңілі тынышталған. Атам соғыстан 1947 жылы оралды. Ұлы Отан соғысының отты жылдары туған жерінің азаттығы, жас ұрпақтың болашағы үшін күрескен ағайынды азаматтар Ұлы Жеңістің 65 жылдық тойына жете алмады. Көздері тірісінде еншілері бөлінбеген екі арыс Қазақстанның інжу-маржа­ны атанған Бурабай бөктеріндегі бейітте жатыр. Елінің еркіндігі мен азаттығы жолын­да айқасқан азамат­тардың ерлігі ұрпақ­тарының есінен ешқашан шық­пақ емес. Сол екі ағайын­ды азаматтар салған дәстүрді жалғастыру ниетімен әкесі Асан мен ағасы Кенжеболатты соғысқа шыға­рып салғанда анасы мен апасының жанында қара шаңыраққа ие болып қалған 7 жастағы, бүгінгі күні 75 жас­қа толған ағамыз Естай Асанұлы ұлы Жеңістің 65 жылды­ғында ағайынды екі жауынгерден тараған 65 ұрпақты Ақшоқы етегіндегі бейітте жатқан аталарымызға құран оқытуға Щучье ауданының Мәдениет ауылына шақырып отыр. Бұл бүгінгі ұрпақтың отты соғыс жылдарында қасық қаны қалғанша елін қорғаған жауынгер аталарына деген құрметі. Бақыт ӘБДІХАЛЫҚОВА, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы. АСТАНА.