• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2014

Кесапат өркендеуге қауіп төндіреді

621 рет
көрсетілді

Бүгінде елді елеңдететін бір-ақ нәрсе бар: ол – мемлекеттің өркендеуіне төнетін қауіп. Ал бұл қауіп қайдан шығады? Әрине, сырттан келмейтіні анық. Демек, іштен шыққан жау жаман дегендей, елдің өркендеуіне қатер төндіретін жалғыз аса қауіпті кедергі – сыбайлас жемқорлық. Мұны, яғни мемлекетті жайлаған асқынған дертті құртудың жолы туралы біз әңгімелескен Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Марат ШАБАҚБАЕВ та жасырмай айтады. – Құрметті Марат Несіпбекұлы, Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында сыбайлас жемқорлық мәселесіне ерекше назар аударды. Осы орайда Президент тапсырмасына сәйкес қандай игі жұмыстар атқарылмақ? – Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы басты мақсаты әлемнің 30 дамыған елінің қатарына қосылуды белгіледі. Әрине, өзіңіз айтқандай, сыбайлас жемқорлық еліміздің өркендеуіне қауіп төндіріп, кедергі келтіретіндігі даусыз. Сондықтан да Елбасының мін­деттеріне сәйкес, Қаржы поли­ция­сы өз қызметінің басым бағыттары ретінде сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы тұру, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қорғауды қолға алды. Сөйтіп, сыбайлас жемқорлықтың ұйымдасқан нысандарының жолын кесуге бағытталған «жүйелі сыбайлас жемқорлыққа» қарсы жұмыстың жаңа тәсілдері жасалды. Бұл бағытта орасан жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, өткен жылы ұйымдасқан қылмыстық топ­тарға басшылық ету, сондай-ақ олар­дың құрамында мемлекеттік органдардың уәкілетті адамдары қатысқан алты дерегі анықталды. Ал 2012 жылы мұндай қылмыстар мүлдем анықталмаған болатын. Атап айтар болсақ, өткен жылы «Алматы қаласының жылжымай­­­тын мүлік орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіп­­­орнының директоры С.Оразақынов бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, 12,5 жылға сотталды. Ол 2012 жылғы тамыз-желтоқсан аралығында Жылжымайтын мүлік орталығы басшыларынан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, жетекшілік еткен. Олар аза­маттар мен заңды тұлғалардан жыл­­жымайтын мүлікке кедергісіз тех­никалық төлқұжатын дайындау, сондай-ақ тұрғын жайдың қайта жоспарлауын заңдау үшін пара алған. Сөйтіп, тұтастай алғанда, 300-ден аса адамның 100-ден астам жүйелі түрдегі жасаған сыбайлас жемқорлықтары анықталды. – Қазіргі таңда қаржы полициясы басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 2011-2015 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудің салааралық бағдарламасын іске асыруда. Яғни, бұл бағдарламаға сәйкес қандай шара қабылдайсыздар? – Бұл бағдарламаның шеңберінде ұлттық заңнаманы жетілдіруге, мем­лекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді азайту, көлеңкелі экономиканың деңге­йін төмендетуге бағытталған ұйым­дас­ты­ру-құқықтық шаралар көзделген. Елба­сының сыбайлас жемқорлыққа қар­сы стратегиясының жаңа тәсіл­дерін жасау туралы тапсырмаларын орындау мақсатында агенттік Қазақ­стан Республикасының сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы саясатын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасына ұсыныстар дайындап енгізді. Ұсыныстарды жасау бары­сында агенттік халықаралық тәжі­ри­бені, еліміздің сыбайлас жемқор­лық­­­­­­­­­қа қар­сы саясатына мониторинг жүр­гі­зетін халықаралық сарап­шыла­рының ұсы­ныстарын, құқық пайдалану тәжі­­рибесінде туындайтын келелі мәсе­ле­лерді қаперге алды. Атап өту қажет, басты назар Қазақстан әлі іске асыр­маған Ыстамбұл жоспарының ұсы­ныстары мен БҰҰ Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы конвенциясы ере­желеріне, сондай-ақ 2011-2015 жыл­дарға арналған сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы әрекет етудің сала­аралық бағдарламасының іс-шара­ларына аударылды. Мұндағы іс-шара­лардың бір қатары Қазақстан үшін кон­цептуалдық сипатқа ие дегім келеді. – Қазір сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағандар үшін жауапкершілікті күшейту керек дейді көпшілік. Қаржы полициясының бұл мәселеде ұстанымы қандай? – Сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін қатаң жазалау шараларына қарамастан, оған қосымша мем­лекеттік қызметкерлердің жауап­кершілігін күшейту және мемлекеттік қызметте болуға байланысты тағы да шектеулерді арттыруды біз де ұсынып отырмыз. Атап айтқанда, ең маңызды бастамалардың бірі болып заңсыз баю, пара беруге уәде ету және пара ұсыну, оларды қабылдау, үшінші тұлғалардың пайдасына пара беру және коммерциялық сатып алу, ықпал етуді саудалау (теріс пайдалану), пайда болуын түсіндіре алмайтын мүлікті тәркілеу, және т.б. белгіленді. Осындай шаралар Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде қолданылады. Аталған жаңалықтарды енгізу үшін жаңа заңдардың бірқатарын дайындау мен қолданыстағы заңнаманы «түзейтін» заңдарды қабылдауды көздейтін іс-шаралар қосылды. Біздің ойымызша, ұсынылған бастамаларды іске асыру ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға барынша жақындатуға, сөйтіп, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың деңгейін іс жүзінде төмендетуге мүмкіндік береді. – Алдында айтып өткеніңіздей, агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп отырған сая­­сат­тың тиімділігін арттыру үшін кешенді іс-шаралар қабыл­дауда дейсіз. Бірақ қаржы полиция­сының 2012 және 2013 жылдар көрсеткіштері бір деңгейде тұр ғой. Бұған не дейсіз? – Біз сандық көрсеткіштерді қуудан бас тарттық. Бұл бар күш-қуатымызды жүргізіліп отырған жұмыстың сапа­сына бағыттауға мүмкіндік берді. 2013 жылдың 2012 жылмен салыс­тыр­ғанда, қылмыстарды ашу көрсет­кіш­­тері бір деңгейде қалғанымен, жем­­қорлық қылмыстарын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартыл­ған тұлғалардың саны үштен бірге арт­қан (784-тен 1121-ге дейін), ал сотқа жіберіл­гендердің саны 1,5 есеге (501-ден 853-ке дейін) артқан. Жалпы, сыбайлас қылмыстарды жасағаны үшін әртүрлі деңгейдегі 200-ге жуық басшы­лар (республикалық деңгейде – 17, облыс­тық – 58, қалалық – 36, аудандық 88) қылмыстық жауапкершілікке тартылды. – Сотталған бұрынғы ірі лауазымды тұлғаларды атасаңыз? – 2013 жылы қылмыстық жауап­кершілікке Білім және ғылым вице-министрі С.Шаяхметов, Ауыл шаруа­шылығы вице-министрі М.Өмірияев, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлт­тық компания перзиденті Г.Мыр­зақұлов, Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі Т.Бастенов, ТЖМ Мем­лекеттік материалды резервтер жөніндегі комитетінің «Резерв» РМК Пайдалану және капиталды құрылыс басқармасының бастығы М.Біләлов және т.б. бар. Мемлекеттік міндеттерді атқаруға уәкілетті және оларға теңестірілген тұлғаларға қатысты барлығы 1445 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде жартысына жуығы 46 пайыз (660) – әкімшілік пен оның құрылымдық бөлімшелері қызметшілеріне, 16 пайыз (232) – ішкі істер органдары, 5 пайыз (70) – әділет органдары, 5 пайыз (66) – Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне, 3 пайыздан салық қызметі органдары мен әкімдерге (49 пен 47 сәйкес) қатысты қозғалған. Бұл осы ведомстволар басшыларының тарапынан өз қатарларындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді. – Қаржы полициясы мемлекет мүддесіне қауіп төнетін жағдайда, мемлекеттік қаржы бөлінген жобалар аясында тексеру­лер жүргізуге құқылы дейміз. Бірақ, қазір көптеген арыздар бойынша тексерістер жүргізу мүлдем тоқтатылды. Бұл Қаржы полициясының тексеру дәрменін төмендетпей ме? – Біз қаржы полициясының кәсіп­керлер арасындағы азамат­тық-құқық­тық дауларына арала­су тәжі­рибесін тоқтаттық. Қаржы полициясы орган­дары арамза шенеуніктер мен эко­номиканың «көлеңкелі» секторы арасындағы сыбайлас жемқорлық байланыстарын әшкерелеуге бағытталған. «Мемлекеттік бақылау мен қадаға­лау» заңына сәйкес Қаржы полициясына бизнес пен мемлекеттік орган­дар субъектілерінің қаржы-шаруашылық қызметін жеке тексеру уәкілеттігі берілмеген. Біз тексерістерді қозғалған қылмыстық істер шеңберінде ғана біздің қызметкерлердің қатысуынсыз салық комитетінің, қаржылық бақылау және басқа органдардың мамандарымен өткізуге тапсыра аламыз. Олардың түйіндемесі негізінде жазықтылардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуы туралы шешім қабылданады. – Сонда кәсіпкерлікті тексеру мәселесі қандай деңгейде? – Жалпы, соңғы екі жылда қабыл­­данған шаралардың арқа­сында уәкілетті органдардың Қар­жы полициясының бастамасымен кәсіпкерлерді тексеруі 5 есеге азайтылды. Атап айтқанда, 2011 жылы 1715 тексеріс, 2012 жылы – 1009, ал 2013 жылы Қаржы поли­циясының бастауымен бақылаушы органдармен барлығы 340 тексеріс өткізілді. Керісінше, Қаржы полициясы қызметкерлері үшін басты бағыт ретінде бақылаушы орган қызметкерлерінің заңды кәсіпкерлікке бөгет жасау фактілерінің жолын кесу белгіленді. Соңғы 2 жылда біз бизнес істеріне заңсыз қолсұғушылықтың 500-ге жуық дерегін анықтадық, қылмыстық жауапкершілікке 325 лауазымды адам тартылды. – Дұрыс екен. Ал бұл орайда бизнеспен өзара ынтымақтастықты одан әрі жақсарту үшін қандай шаралар қабылдап отырсыздар? – Қоғамның, оның ішінде кәсіп­керлердің қаржы полициясына деген сенімін арттыру біз үшін өте маңызды және жұмысымыздың бас­ты көрсеткіші. Жақында агенттік және Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы бизнес субъектілердің құқығын қорғау мәселелері бойынша өзара қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойды. Қазіргі таңда кәсіпкерлер – біздің тең құқылы серіктестеріміз, олар бізге қауіп-қатері көп салаларды анықтауға және сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканың пайда болу себептерін жоюға жәрдемдеседі. – Шетелдермен сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес бойынша өзара әрекет ету барысы қалай? – Агенттік құрылғаннан бері еуро­палық және азиялық мем­лекеттердің құзырлы органдарымен тығыз ынты­мақтастық жасалуда. Аталған ынты­мақтастықтың құқықтық негізі халық­­аралық келісім болып табылады. Сы­байлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету мәселелері бойынша Франция, Түркия, Қытай, Италия, Испания және ТМД мемлекеттерімен 19 келі­сімге қол қойылған. Сонымен бірге, Еуропаның алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі бюросымен келісімге қол қою жөнінде жұмыс жүргізілуде. Қазақ­стан осы жылдан бастап 2010 жылы халықаралық ұйым ретінде БҰҰ қамқорлығымен құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық академияның толық мүшесі болып саналады. Жалпы ойымызды түйіндей келе айтқанда, Мемлекет басшысының Жолда­уындағы мақсаттарын ескере отырып, Қаржы полициясы агент­тігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегия жобасын дайын­дауға қатысуда. Осыған байланыс­ты сыбайлас жем­қорлыққа қарсы жаңа саясатта отандық заңна­маны халықаралық стандарттарға сәй­кес келтіру көзделеді. Әсіресе, қыл­мыс­тылықтың бастапқы кезеңінде алдын алу және әшкерелеу, сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына себеп болатын жағдайларды жою, сондай-ақ саясатқа қоғамды белсенді тарту қажет. Әлбетте, бұл жұмыс қазақ­стандық ерекшеліктерге сай ұйымдастырылады, тиімді шаралар ғана қолданылады. Ал еліміздің заңнамасы бүкіл мемлекеттік меке­мелерді және лауазымды тұлғаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға міндеттейді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».