Қауіп әлі сейілген жоқ
Оңтүстік Қазақстан облысының аудандарындағы қардың мөлшерін анықтау мақсатында өткен аптада тікұшақпен шолу жасалды. Облыс әкімінің орынбасары, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия төрағасы Сәкен Қаныбеков пен осы өңірдегі төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Уәлихан Ережепов тасқын қаупі бар аймақтарды бағдарлап қайтты. Осы сапар барысында Төле би, Түлкібас аудандарының таулы аймақтарын толығымен қар басып жатқаны анықталды. Сондай-ақ, Бәйдібек және Созақ өңірлерінің асуларын да қар басып қалған. Облыстың таулы аймақтарында қардың көп болуына байланысты су тасқын қаупі әлі сейілген жоқ. Яғни ауа райы күрт жылынып, жауын-шашын орын алған жағдайда, аймақтың барлық аудандарында еріген қардың салдарынан қиындық болуы ықтимал. Қазіргі таңда су тасқынының алдын алу мақсатында аудан, қала, ауыл әкімдіктері бірқатар іс-шаралар атқаруда. Сырдария өзеніндегі жағдайға келер болсақ, Отырар ауданының Маяқұм ауылынан бастап Балтакөл елді мекеніне дейінгі өзеннің арнасына толығымен мұз қатқан. Бірақ, мұздың әр жерден еріп, ағып жатқаны көрінуде. Сондай-ақ, өзен суының деңгейі төмен түскен. Жағаға шығып жатқан су жоқ. Қазіргі таңда Сырдария өзенінде жағдай тұрақты. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.12 ауыл ерекше назарда
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өңірде көктемде су тасқыны аса қауіп төндірмейді деп сендіруде. Жергілікті «Қазгидрометтің» мәліметтері бойынша, биыл мұндағы қардың қалыңдығы 16 сантиметр, яғни нормадан 2 сантиметрге төмендейді. Ал былтыр 25-ке жеткен екен. Қазір ауылдардан қар шығарылуда. Жалпы, су тасқынының алдын алуға облыста 28 672,5 тонна жанар-жағармай, 6 750 тонна құм, қиыршықтас, 121 мыңнан аса қап сатып алыныпты. Техника да дайын. Қыс айларында ауыл-қалалардан 443 мың текше метр қар шығарылыпты. Облыстық қосалқы қордан 232 миллион теңге бөлінбекші. Өңірдің су өтінде отырған Кенжекөл, Теңдік, Қараащы Көкдомбақ, Жаңажол, Шолақсор сияқты 12 ауылы төтенше жағдайлар департаментінің жіті назарында. Жуантөбе, Ақши ауылдарын Баянауыл өңірінің Қызылтау бөктерінен ағатын қар суы әбігерге салуы мүмкін, деп отыр мамандар. Сонымен қатар, Лебяжідегі Аққу, Жамбыл және Широкое ауылдарына, Павлодар ауданына қарасты Мичурин елді мекендерінде сақтық шаралары жүргізілуде. Ленин, Мойылды ауылдарында бөгеттер биіктетіліп, су өткізетін құбырлар орнатылды. Ақтоғай ауданындағы Шолақсор ауылында су өткізу құрылғылары қалпына келтіріліпті. Осылайша, дейді төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, Сілеті өзенінен осы ауылдарға келетін тасқын қаупі сейілді. Облыс орталығында да қарбалас жұмыс. Қала көшелерін қардан тазалау жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталықтары мен ауылдардағы ғимарат шатырлары қардан тазартылуда. Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына орай қалалар мен аудандардың әкімдері, мекемелер басшылары көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жұмыстарын жедел қолға алуда. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.Су қоймасы алаңдатады
Былтыр сай-саланы қуалай аққан қарғын судың салдарынан 200-ден астам баспана, 27 автөлік жолдары зардап шеккен болатын. Биыл мамандар тасқын судың төндіретін қауіп-қатері бұдан зор болмаса кем соқпайды деп жобалап отыр. Оның басты себебі, қардың нормадағыдан көп түсуі болса, екіншіден, кей жерлерде дайындық жұмыстарының талапқа сай жүргізілмеуі. Биыл тасқын судың алдын алу мақсатымен 14 жедел топтары құрылып, арнайы техникалармен, құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Елді мекендерден 300 мың текше метр қар шығарылып, 4300 қума метр канализация жүйелері тазартылған. 30 мың тонна инертті материалдар қауіпсіз жерлерге жеткізіліп, 150 тонна жанар-жағармай қоры жасақталған. Бұл шаралар үшін жергілікті бюджеттен 337 миллион теңге қаражат бөлінген. Жалпы сыйымдылығы 693 миллион текше метрді құрайтын Сергеевка су қоймасы жылдағыдай ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Еріген қарға көктемгі жауын-шашын қосылса, су мөлшері арнасынан асып жығылып, 2-3 есеге дейін артуы мүмкін. Көктемгі су тасқыны шегіне жеткен жағдайда 8 мың адам тұратын 38 елді мекен, 302 шақырым автомобиль жолдары, 22 көпір, 2022 су жіберетін құбырлар зардап көруі ықтимал. Облыс аумағында орналасқан 33 гидротехникалық құрылыстардың бәрі сақадай-сай емес. Мәселен, Шарық гидрожүйесі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сол сияқты иесіз қалған су плотиналарын мемлекет иелігіне алу мәселесі түпкілікті шешілмеген. Облыстық әкімдіктің кезекті мәжілісінде аталған олқылықтар атап көрсетіліп, сыннан қорытынды шығару міндеттелді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.Жауапты жұмыс күтіп тұр
Ақмола өңірінде биыл қар әдеттегіден көп түсті. Ол жекелеген аудандарда былтырғыдан 40 пайызға артық. Осыған байланысты су тасқыны өткен жылғы деңгейден 1,5 есе көп болады деп болжануда. Атбасар, Астрахань, Жақсы, Жарқайың, Целиноград және Шортанды аудандарында төтенше жағдайлардың ықтималдығы басым. Облыс әкімі басқаратын комиссия іс-шаралар жоспарын бекітіп, оның орындалу барысын қатаң бақылауда ұстауда. Бүгінгі күнге елді мекендерден 487 мың текше метр қар шығарылды. Апаттың алдын алу мақсатында 22 мың тонна құм,10 мың дана қап, 193 тонна бензин дайындалды. Сондай-ақ, 656 дана инженерлік, 273 су тартқыш және 143 жүзу құралдары кез келген уақытта іске кірісе алады. Сілеті және Шағалалы су қоймаларындағы жағдай күнделікті бақылауда. Бұған қосымша, 108 гидротехникалық нысан түгел тексерістен өткізілді. Облыс аумағындағы мұз жарылысы жұмыстарын атқаруға рұқсаты бар 4 арнайы кәсіпорында 6 бригада жасақталған. Мамандардың есептеуі бойынша 9 мың шаршы метр аумақта жарылыс жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Аудандар мен қалалар әкімдіктері тарапынан қауырт істерге 48,5 миллион теңге қаржы босатылып, игерілуде. Алдыңғы күні өткізілген мәжілісте өңір басшысы Қосман Айтмұхаметов 266 миллион теңге резервте ұсталуда екенін мәлімдеді. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.Алдын алу шаралары жүргізілуде
Биыл Жетісу мен Іле Алатауларының және Кетпен қыраттарының батыс бөктерлеріне қар әдеттегіден 20-40 пайызға аз түсті. Жалпы алғанда Балқаш – Алакөл су бассейндеріндегі қар қоры жылдағыдан көп төмен. Әйткенмен «Қазгидромет» РМК болжамына сүйенсек, наурыз айының екінші онкүндігінде күн күрт жылынып, қардың жылдам еруі мүмкін. «Облыс аумағында төтенше жағдайдың алдын алу үшін 2065 тонна жанармай, 40410 дана құм толтырылған қаптар, қауіпті аймақтарға апарылып, 1494 шақырым арықтар аршылып, 41 мың текше метр қар күрелді. Сонымен қатар, су тасқыны бола қалғанда қорған болар өзге де шаралар атқарылуда. Қызметкерлеріміз уақытпен санаспай еңбек етуде», деді Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Сәбит Битаев, Тұтастай алғанда, төтенше жағдайды тосып отырмай, оның алдын алу шараларын жүргізуде дамылсыз еңбек етіп жүрген жетісулықтар ұстанымы «қамдансаң қапы қалмайсың» деген халық даналығы болып отыр. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.