Тәуелсіздіктің ордалы отызжылдық белесінде еліміздің әр азаматы бостандықтың қадір-парқы туралы, әлемдік қауымдастықта айшықты орын алған әлеуетті де қуатты мемлекетіміздің қоғамымыздың әр мүшесіне тигізген шапағаты мен шарапаты жайында ой-тебіреніске беріліп, бір сәт толғаныста жүруі табиғи жайт. Өйткені әркімнің азаттықтың арайлы таңы, аспан түстес алып көк туымыздың саясы жайында айтар ойы, сабақтар сыры бар. Әйткенмен осы бір тарихи мезгілде қара орман халқымыз аңсаған арайлы азаттықты сүйіншілеп жариялап, тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалаған азаттық архитекторы, Елбасы Н.Назарбаевтың ақжарма лебізін білгісі келетіні анық. Өйткені Елбасы тәуелсіздікті жариялап қана қоймай «отыз жыл бойы халқын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, қатарға қосқан» тұғырлы тұлға екені әмбеге аян.
Бұл мақала ғасырларға жалғасқан бодандық бұғауын үзіп, өркениетті әлемнің қатарына қосылған қазыналы қазақ елінің тарлан тарихын терең тануға, ұлт үшін құрбан болған бабалардың ерлігін ұмытпай қастерлеуге, тәуелсіздіктің қадыр-қасиетін бағалауға, татулық пен келісімнің бесігі болған отанымызды аялап, ерен еңбек арқылы тәуелсіздікті нығайтуға қажыр-қайрат арнау парыз екенін болашақ ұрпаққа аманат етуімен ғибратты. Өйткені Елбасы тәуелсіздіктің қандай құрбандықпен, төзім, қайрат, парасатты күреспен келгендігін баршамыздан артық білетін, нәзік сезінген, ең алдымен ұйымдастырған – ұлы оқиғаның бас куәгері. Сол себепті өткеніміз туралы деректі толғау, болашақ жайында абыздық болжау сипатындағы сырлы жазбасы алмағайып дәуірде бейбіт жүзеге асқан ел тәуелсіздігінің тағылымды философиясын нанымды аша түсуімен бағалы.
Алтайдан Атырауға дейінгі кең-байтақ жеріміздің шежірелі тарихына жүйрік Елбасы бұл жолы да тамырымыз бен танымымыздың арқауы ғасырлар керуенінен желі тартатын текті ел екенімізді қайыра айғақтап «Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды... Біздің жұрт – тамырын жеті қат жер астына жіберген алып бәйтеректей өзінің күш-қуатын ғасырлар бойы Ұлы дала төсінен алған байырғы халық», деп тарихи құндылықтарға деген ілтипатын баян етті.
Ұлан-ғайыр атамекеннің тәуелсіздігі туралы ой түйген Тұңғыш Президент «Жалпы ұзындығы 14 мың шақырымдық біздің шекарамыздың барлық бойлығына қатысты сындарлы келіссөздер үдерісін ұйымдастыру оңай міндет болған жоқ... Солайша, бабалар аманатын орындау үшін және күндердің күнінде өз ұрпағымыздың алдынан бұдан да ауыр қиындықтар шықпауы үшін түйткілдер мен кедергілердің бәрін еңсеріп, қолға алынған істі ақырына дейін жеткіздік», деп қастерлі Отанымыздың шекарасын көздің қарашығындай аялауды ұрпаққа өсиет етеді.
Өткен ғасырдағы дүрбелең мен ашаршылықтың екі бірдей толқыны, большевиктердің сұрқия саясаты, атом аждаһасының сынағы, Арал апаты секілді түрлі зобалаң салдарынан болған ұлттық демографиялық құлдыраудың қасіретін күйзеліп еске алған Елбасы «Кейде ойлаймын: қазақ деген не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған», деп қайсар халқының қиыншылық атаулыны қыңқ етпей жеңе білетін нар мінезіне таңданысы мен сүйінгенін білдіреді.
Бодандықтың шырмауында боркемік күй кешкен кеңестік кезеңді Елбасы «Социализмнің артықшылығын да, кемшілігін де көрдік. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес Одағы құрамында болған жетпіс жылдықтың нәтижесі біздің елдің пайдасына шешілген жоқ», деп кесімді қорытынды жасайды. Өйткені экономикасы шикізатқа таңылып күйреген, этностық тұтастығы жоқ, демографиясы әлжуаз, шекарасы ашық-шашық, экологиялық апатқа ұшырап, әлеуметтік күйзеліске душар болған түйткілді елді Кеңес Одағынан мұра етіп алғаны шындық. Одақтас республикалардың біразында ұлтаралық қақтығыстар өршіп, тіпті азаматтық соғыс өрті тұтанып жатқан сол кездері кейбір саяси сәуегейлердің «Қазақстан – Орта Азияның Балқаны болады» деген болжамын жаңылдырған Елбасы егемен елімізді еңселі мемлекетке айналдырды, Есілдің бойына өз қолтаңбасымен жаңа астанамызды ажарландырды.
Ел тізгінін ең сенімді серігіне аманаттағанын айтқан Елбасының тәу етер Тәуелсіздігімізді нығайтып, ардақтап аялауға үндеген мақаласы «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін» деп тұжырымдалып, абыздық өсиетпен аяқталуы да оқырманға ой салады.