Қазыналы Қарағанды өңірінің шежіресін тоқсан жылдан бері түзіп келе жатқан қос басылым – «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газеттерінің мерейтойы кең көлемде аталып өтті.
Іс-шара өткен Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ театрының фойесінде бүгінде «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің қарамағына көшкен қос басылымның тарихынан сыр шерткен көрме тойға келген қонақтардың көзайымына айналды.
Салтанатқа арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек сахна төрінен құттықтау сөзін айтып, ізгі тілегін жолдады.
– Тоқсан жылдан бері жарық көріп келе жатқан «Ortalyq Qazaqstan» мен «Индустриальная Караганда» газеттерінің мерейтойы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Қос басылымның ел мүддесі жолындағы еңбегі зор. Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы да мықты» деген сөзі бар. Отандық массмедианың беделі ел дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан да ақпарат құралдарына жан-жақты қолдау көрсету – уақыт талабы. Облысымызда бұл бағытта атқарылып жатқан бірқатар іс бар. Жыл сайын сала үздіктеріне облыс әкімінің арнайы сыйлығы беріліп келеді. Алдағы уақытта ашылатын «Қасым үйі» де руханияттың орталығына айналып, ол жерден Журналистер одағының филиалы да ойып орын алады. Қалың оқырманы қалыптасқан екі газет бүгінде «Saryarqa аqparat» медиахолдингі құрамында жемісті қызмет етуде. Биыл қос газеттің «Алтын сұңқар» сыйлығын иеленуі – осынау еңбекке берілген шынайы баға, – деді өңір басшысы.
Салтанатты кешке облыс әкімі құр қол келмеген екен. Өзінің құттықтау сөзінде ол қарағандылық журналистерге баспана алуға арнайы квота бөлінетінін мәлім етіп, қалам ұстаған қауымға қуанышты хабарды жеткізді.
Сонымен бірге бұл кеште қос газеттің ұжымына Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің, Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошановтың, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның арнайы жолдаған құттықтау хаттары оқылды.
Қос басылымның мерейтойына арнайы келген «Egemen Qazaqstan» РГ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айбын Шағалақ, төраға Дархан Қыдырәлінің құттықтауын жеткізді.
Кештің құрметті қонағы Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаев Қарағандыда еңбек еткен жылдарын еске алып, қаланың өзі үшін қашанда ыстық екенін айтты.
Бұдан кейін аймақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып, сандаған шәкірт тәрбиелеген қарт қаламгер Аман Жанғожин, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі Әлібек Әбдіраш, «Индустриальная Караганда» газетінің ардагері Андрей Пухальский «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағымен марапатталды.
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек пен белгілі фототілші Валерий Петуховқа Қазақстан Журналистер одағының Алтын медалі табыс етілді.
Сондай-ақ салтанатты кеште Президент Әкімшілігі басшысының Алғыс хатына «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі Жансая Омарбек, «Индустриальная Караганда» басылымының тілшісі Светлана Свич ие болды. «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ардагері Сүйіндік Жанысбай, «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Оксана Мягких пен «Ortalyq Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Ілияс Мұқай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыс хатын «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бет қаттаушысы Шынар Адамбекова және «Индустриальная Караганда» басылымының тілшісі Самал Шиль иеленді.
Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасы «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі, аға дизайнер-бет қаттаушы Марал Әйнековаға, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ардагер журналисі Аман Жанғожинге, «Индустриальная Караганда» басылымының аға дизайнер-бет қаттаушысы Юрий Билушенкоға, «Индустриальная Караганда» басылымының тілшісі Әсел Жетпісбаеваға және корректоры Бағдат Нұрмағамбетоваға табыс етілді.
Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушілері Жәлел Шалқар, Аяулым Совет және газет тілшісі Нұрдос Кәрім, «Индустриальная Караганда» басылымының дизайнер-бет қаттаушысы Дмитрий Мехаев марапатталды.
Одан кейін Мағауия Сембай атындағы облыстық байқаудың жеңімпаздары ретінде белгілі қаламгер Төлеубай Ермекбаев пен «Ortalyq Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы Қызғалдақ Айтжанова арнайы жүлдеге ие болды.
Салтанатты жиынды түйіндеген «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахметов қос газеттің уақыт талабына сай қызмет етіп келе жатқанын айтты.
ҚАРАҒАНДЫ