«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты тау атқыштары бригадасында әртүрлі қызметтер арасында үздік мамандарды анықтау байқауы аяқталды.
Бөлімнің тәжірибелі офицерлері мен кәсіпқой сержанттарынан тұратын комиссия үш күн бойы келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің арасынан неғұрлым сауатты мамандарды анықтады. Үздік маман атағына әскери бөлімнің 55 әскери қызметшісі қатысты. Байқау бағдарламасына олардың теориялық және тәжірибелік дағдысын тексеру енгізілді.
Тау атқыштары бригадасының сержанты – 58395 әскери бөлімі сержанттық құраммен жұмыс жөніндегі бөлімше бастығы бірінші сыныпты сержант Қуандық Мадияров:
– Байқаудың басты тапсырмасы – қатысушылардың жеке дайындығын тексеру негізінде мамандар мен бөлімше командирлерінің әскери-кәсіби тұрғыдағы дайындығын анықтау, – деп атап өтті.
Сержанттардың кәсіби даярлық ережелеріне сәйкес байқау Қазақстан Қарулы Күштерінің жарғылары, тактикалық-арнайы және атыс дайындығы, дене тәрбиесі, сап дайындығы, жаппай қырып-жою қаруынан қорғану сабақтары бойынша жүргізілді.
Барлық пәндерден сынақ тапсыру үшін келісімшарт бойынша әскери қызметшілер плацта, тренажерлік сыныптарда жұмыс істеп, полигонға шықты. Байқау барысында олар спорт дайындығы бойынша сынақ тапсырып, жеке қаруды бұзып жинауды жүргізді. Қысқа мерзім ішінде противогаздар мен жалпы әскери қорғаныш костюмдерін киюден, сап дайындығынан тәжірибелік және теориялық білімдерін көрсетті.
– Біз бөлімдегі гранататқыш, атқыш, пулеметші, мерген, сапер, радиотелефоншы және көптеген мамандықтар арасынан үздік мамандарды анықтадық. Биылғы жауынгерлік жарыс «Кәсіпқойлық – армия негізі» ұранымен өтуде. Сол себепті, олардың бүгінгі жеңісі ертеңгі жеңістерінің бастауы, – деп атап өтті тау атқыштары бригадасының командирі, подполковник Қуанышбек Үштаев.
«Егемен-ақпарат».