Жақында Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында бейнебақылау қондырғыларының орталық жүйесінің ашылу рәсімі өтті. Осы жылдан бастап аудан әкімі Аманғали Аймұрзаевтың бастамасымен жергілікті халықтың тыныштығы мен тәртібін қадағалап, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында аудандық бюджет есебінен 43 миллион теңгеге 24 бейнебақылау қондырғылары алынып, негізгі нысандарға орнатылып, іске қосылған болатын.
Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы іссапармен келген Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлік Кененбаев жақында Созақ ауданында болып, ел ішіндегі тәртіп пен реттіліктің деңгейімен танысып, аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің жұмыс жүйесін көрді. Және жылқы жылын жағымды жаңалықпен бастап, озық технологиялық қондырғылармен жабдықталған аудандық ішкі істер бөлімінің орталық жүйесінің ашылу рәсіміне қатысты. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Ж. Әлімбеков вице-министрге аудан орталығының негізгі 24 нүктесіне орнатылған бейнебақылау жұмысының шартты орындаулары мен бақылау жасап отырған операторлардың іс-әрекеттерінің желісін түсіндірді. Сондай-ақ, бөлімдегі жедел топтың шұғыл іс-қимылдарын бейнебақылау арқылы көрсетті. «Мұндай бейнебақылау қондырғылары республика көлемінде облыс орталықтары мен үлкен қалаларда орнатылғанымен, аудандар бойынша бірінші рет осы Созақ ауданында орнатылып тұр. Осындай игі іске қолдау танытқан аудан әкімі Аманғали Аймұрзаевқа ризашылығымызды білдіреміз. Бұл жүйе бірінші кезекте ел ішіндегі құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіптің сақталуына үлкен әсерін тигізеді» деген министрдің орынбасары Е.Кененбаев құқық қорғау органы қызметкерлерінің алдағы іс-әрекеттеріне сәттілік тілеп, аудан әкімі А.Аймұрзаевқа Ішкі істер министрінің бұйрығымен белгіленген «ҚР Ішкі істері саласына 20 жыл» мерейлі медалін тапсырды. Осындай марапатқа Созақ аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ж.Әлімбеков те ие болды.
Нұржамал МАЙУСОВА.
Оңтүстік Қазақстан облысы.