Қор нарығы жайлы ақпарат легі көбейген қазір. Бәріміз бір-бір инвестор атанып кетпесек те, құнды қағаздар сатып алып-сатып жүрудің әйтеуір, бір жағымды құбылыс екенін аңдап, үрдіске ілессек қайтеді деген ниет байқалады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің есебінше, 2021 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша нарықтың капиталдануы 28,9 трлн теңгені құраған.
Осылайша, бір айда акциялар капиталының өсімі 1,9 пайыз немесе 533,5 млрд теңге болған. 2021 жылдың қыркүйегінде акциямен жасалған сауда көлемі 87,3 млрд теңгеге жетті. Яғни тамыздан бері 7,3 есе артқан. Ал жыл басынан бері сауда көлемі 187,5 млрд теңгені құрады.
Қазақстан қор биржасында (KASE) саудаланған корпоративтік қарыз көлемі 14,2 трлн теңгені құрап, қыркүйек айында 5,6 пайызға төмендеді. Бұл бірінші кезекте қор биржасы тізімінен мемлекеттік емес облигациялардың алынып тасталуымен байланысты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 1 қазандағы жағдай бойынша қор биржасының ресми тізімінде 122 эмитенттің 137 акциясы және 74 эмитенттің 312 корпоративті облигациясы бар. Биыл күздің алғашқы айында KASE индексі 6,7 пайызға немесе 3 383,68 тармаққа жоғарылаған.
«Қор нарығын дамыту бойынша агенттік институционалдық және бөлшек инвесторлардың рөлін күшейту бойынша жұмыстар жүргізуде. Осыған байланысты брокерлердің мобильді қосымшаларын пайдалана отырып биометрикалық идентификация арқылы брокерлік келісімдерді қашықтан істеу үшін жасалатын жағдайлар ауқымы кеңейтілді. Сонымен қатар банктердің өз клиенттеріне брокерлік қызмет көрсетуіне толықтай құқық берілді», деп жазады Ranking.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде құнды қағаз нарығында инвесторлар санының айтарлықтай өсуі байқалады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, орталық депозитарий есебінің жүйесінде қыркүйек айында депонент клиенттердің 200,8 мың қосалқы шоты ашылған. Ал жыл басынан бері бөлшек инвесторлар шоттарының саны 47,6 пайызға немесе 64 мыңға өсіп, 198,5 мың шотқа жеткен.
Қазір осы нарыққа жеке инвесторларды әлі де әкелу үшін агенттік инвесторлар құқығын қорғау бойынша жұмыс жүргізуде. Ол үшін заңнамалық деңгейде реттеуге Форекс нарығында қызмет көрсететін субъектілерді енгізу және клиентке дұрыс емес инвестициялық рекомендация берген брокерлер мен басқарушыларды материалдық жауапкершілікке тарту ұсынылды. Аталған заңнамалық өзгертулер блогы қазір Парламент Мәжілісі талқылауында жатыр.
Жалпы, биылғы 1 қазандағы ахуал бойынша отандық құнды қағаз нарығында 37 брокер/дилер бар. Олардың 17-сі – банк, 20-сы – банктік емес ұйым. Сондай-ақ 10 банк кастодиан, 19 инвестициялық портфелді басқарушы, 3 трансфер-агент, 2 инфрақұрылым ұйымы – «Қазақстан қор биржасы» АҚ және «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ бар.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мемлекеттік бағалы қағаздарды дамушы елдердің JPMorgan жаһандық облигациялары индексіне қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде дейді.
«Қазір біздің мемлекеттік бағалы қағаздар осы индекске қосылудың бірінші сатысында тұр. 2022 жылы мемлекеттік бағалы қағаздар FTSE Frontier Emerging Markets индексіне қосылады деген жоспар бар. Инвесторлардың қазақстандық нарыққа қол жеткізуін жеңілдету үшін Clearstream халықаралық клирингтік ұйымымен Орталық депозитарий желісі шеңберінде Қазақстанның сауда-саттықтан кейінгі инфрақұрылымы әлемдік стандартқа дейін жақсарды. КASE сауда-клирингтік жүйелерін технологиялық жаңғырту аяқталды. Барлық нарықтарда орталық контрагенттің функционалы енгізілді, бұл барлық сауда-саттыққа қатысушылар үшін тәуекелдерді төмендетеді, биржа нарығындағы өтімділікті арттыруға және тиісінше жаңа құралдарды іске қосуға ықпал етеді. Жақын уақытта қор нарығына шағын және орта бизнес компанияларын тартуға, жеке клиенттердің белсенділігін одан әрі арттыруға және орнықты дамыту саласындағы жобаларды қаржыландыру инфрақұрылымын дамытуға баса көңіл бөлінеді», деді Ұлттық банк төрағасы.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бөлшек инвесторлар санының артуы олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктерін жақсартуды талап етіп отыр.
«Осыған байланысты реттеу аясына қаржы делдалдары енгізіледі. Инвестициялық ұсынымдардың сапасы үшін жауапкершілік айқындалды, инвесторлардың тәуекел бейінін айқындау бойынша тәсілдер өзгертілді. Ұжымдық инвестицияларды реттеу бөлігінде биржаға тәуекелді инвестициялау қорларын жіберуге шектеулер алып тасталды. Қабылданған шаралар инвестициялық қорлар активтерінің жыл басынан бері 47 пайызға немесе 627 млрд теңгеге дейін өсуіне алып келді. Жаңа эмитенттердің нарыққа шығуын ынталандыру үшін рұқсат беру рәсімдерінің санын оңтайландыру және қысқарту арқылы олардың қолжетімділігі жеңілдетілді», дейді.
Қазақстан қор биржасының (KASE) басқарма төрағасы Алина Алдамбергеннің сөзінше, 2021 жылдың он айында 73 мың бөлшек инвестор тіркелген. Бұл 2020-ның он айымен салыстырғанда 2 есе көп.
«Бұған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің белсенді жұмысы көп себебін тигізді. Брокерлік ұйымдардың өз клиенттерімен онлайн қарым-қатынас орнатуына жол ашқан профилдік заңнаманың өзгеруі, сондай-ақ брокерлік ұйымдардың цифрлы сервистерді жедел енгізуі, оның ішінде түрлі мобильді қосымшалар инвестор болғысы келген азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашып берді. Әрине клиенттердің қажеттілігі мен қызығушылығын ескере отырып KASE-нің жаңа құралдар енгізуі де маңызды әсер етуші фактор», дейді Алина Алдамберген.
KASE басшысы бұл ретте әлдеқайда өтімді шетелдік акциялар саудасына арналған KASE Global секторының да ашылуын атап өтеді.