• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Мамыр, 2010

ЖЕСІРЛЕР

1095 рет
көрсетілді

ҚЫМБА ӘЖЕ Осы тақырыпта қолыма қалам алғаным сол еді, 36 жасын­да жесір қалып, 5 ұл, 1 қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай 93 жасында өмірден өткен Қымба әжемнің келбеті көз алдымда сағымданып сала берді. Әжем туралы ойласам, өмірден жапа шегіп, сұрапыл соғыс жылдары тұрмыс тауқыметін тартса да бір Аллаға сыйынып, бар қажыр-қайратын аналық ақ сүтінен нәр алған ұл-қыздарының келешегі­не жұмсап өмірден өткен алып ананың нұрлы бейнесі елестейді. 1994 жыл болатын. Ол кезде 88-дің сеңгіріне шықса да соқпақты да тоқпақты өмір өткелдерін басынан өткерген Қымба әжемнің күш-қайратына біздің әулет қана емес, ел-жұрт қайран қалатын. Әлі есімде. Қосаман елді мекені Арал қала­сы­нан шалғай, яғни 120 шақы­рым қашықтықта қоныс тепкен малшы ауылы болатын. Бір күні “К-700” алып тракторы­на отыр­ған әжем біздің үйге келмесі бар ма. 93 жыл бойы бейнетті белшеден кешіп жүріп, балалары мен немерелері, шөберелерін қам­қор құшағына алумен өмір­ден өткен әжемнің бұл келісіне қалайша қайран қалмассың. Жапырлай жүгіре алдынан шық­қан бізді ыстық құшағына орап, шөпілдете сүйіп жатыр. – Айналайындар, жаңа үйге қоныс теуіпсіңдер. Құт-береке әкелсін. Мен сендерге көрпе-төсек көктеп берейін деп түйе жүнін ала келдім. Айтса айтқандай, ине-жібін өзі сабақтап, әжемнің көктеп берген көрпесі бізді күні бүгінге дейін тоңдырмай, рахат сезіміне орап, шапағат нұрын шашумен келеді. ... Сәл-пәл шегініс жасалық. Қымба әжем 1922 жылы 18 жасында атамыз Сұлтангереймен бас қосып, қабырғалы да киелі шаңырақ көтереді. Заманында төрт түлік мал өсіріп, қолдары­нан қамшы мен кетпен түспей, елім деп емірене жүріп еңбек етеді. Сол кезде әжеміз бен ата­мыз­дың 1932 жылғы ашаршы­лық­тан босып келген шеттегі қандастарымыздың маңдайлары­нан сипап, барымен бөлісіп жеп, қамқор құшақтарына қыса ұстағандарын ел-жұрт жыр етіп айтумен жүр. Қымба әжемнің көзі тірісінде айтқан, менің жүрегіме жазылып қалған мына бір сөзі құлақ түбін­де бүгінгі күнге дейін күм­бір қағумен тұр. – Айналайындар-ай, біздің жастық шағымыз зұлмат жыл­дар­мен тұспа-тұс келді ғой. Ашар­­шылықтан енді-енді арыл­дық-ау дегенде сұрапыл соғыс басталды. Бұл зобалаң бастал­ғанда тұла бойы тұңғышым Ақ­қалиым – 16 жаста, Қара балам – 13 жаста, Әбжәмиім – 11 жас­та, Мырзабайым – 8 жаста, жалғыз аққуым – Асыл­затым 1 жаста, ал кенже балам Мұзды­байымды әкесін соғысқа аттан­дырған жылы, яғни 1942 жылы өмірге әкелдім. Құй сенер­сіңдер, құй сенбес­сің­дер, құдай қосқан қосағым – Сұл­тангерей ата­ларың­ды 1942 жылы қақаған қыс айында жан-жүре­гім езіле қан майданға қимас­тықпен шы­ға­рып салдым. Сонда Мұзды­байымды­ тымаққа орап, шелек­ке салып алғанмын. Үлкен ұлым – Аққалиымды да 1943 жылы қан майданға жібергенмін. Сұрапыл соғыс жылдары Қымба әжем: “Қасқа айғырдан қасқа тумаса да төбел туады”, деген атам қазақтың ұлағатты сөзін мұрат тұтып, үйелмелі-сүйелмелі балаларын аяқтарынан тік тұрғызу үшін күн күлкісіз, түн ұйқысыз ғұмыр кешеді. Шөп шабады. Қолына қамшы алып, атқа мініп, мал бағады. Иінағаш­пен су тасып, ауыл ақсақал­дарына иіле сәлем етуден жаза баспайды. Көрген азабы мен қуанышын бір Алланың ісі деп қабылдап, бәріне шүкіршілік ету­мен соқпақты да тоқпақты өмір жолымен жүре береді, жүре береді. Құдай қосқан қосағын сағына күте­ді, сарғая күтеді. “Заман-ай!” дей­міз, демеске лаж жоқ. 1943 жылы Қымба әжеме Сұлтан­герейдің мәңгілік сапарға мезгілсіз кеткені жайлы “қаралы қағаз” келеді. Жан-жүректен қан құсып, қаншама қиындық көрсе де жасымаған жесір әжем ақырын Алладан күтіп, ұл­дарын ұяға, қызын қияға қонды­ра­ды. Үлкені Аққали 1945 жылы елге оралып, ұлағатты ұстаздық жолына түс­се, Қарасы сауда саласында қыз­мет етеді. Әбжәмиі басшылық қызметтерде сатылай өрлеп, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттала­ды. Мырзабайы темір жолда ересен еңбек етсе, кенже баласы –Мұзды­байы дәрігер-хирург болып, өмір мен өлім арпалысына түседі. Ал, анасының аққуы – Асылзат апа­мыз ұлағатты ұстаздық жолымен жаза баспай жүріп, “Халық ағарту ісінің озық қызметкері” атағын алады. Бір сөзбен айтқанда, олар Ұлы Отан соғысынан оралмаған әке­лерінің аманаты мен аялы ала­қанымен мәпелей өсірген аналары­ның ақ сүтін ақтап, елі үшін есепсіз қызмет еткен тумысы бөлек тұлға­лар болды. Жастайынан жесір қалса да ұл-қыздарына жетімдікті сездірмеген Қымба әжем немерелерін шөпіл­дете сүйіп жүргенде тағы да өмірдің тоқпағына түседі. Алдымен Әбжә­ми 48 жасында, араға 4 жыл салып, Мырзабай да 48 жасында, одан соң араға бары-жоғы 2 жыл салып Қарасы, келіні Зәру апа 52 жасын­да мәңгілік сапарға мезгілсіз кете барады. Жан-жүрегін езгіліп, қа­быр­ғасын қайыстырған осы бір қайғыларға қасқая қарсы тұрған Қымба әжемнің қайсарлығына қалайша қайран қалмассың. Зарлай жылап, еңкілдей етпеттеген келін­деріне әжемнің айтқан мына бір тоқтам сөздері әлі есімде. – Тоқтаңдар, жыламаңдар. Өмір деген осы. Өлім біреуге ерте, біреуге кеш. Әбжәмиім, Қарам, Мырзабайым сендердің емес, менің бауыр етім – балаларым. Көз жас­тарыңды балаларыңа көрсетпеңдер. Мен де жесір қалғанмын. Жесірмін деп балаларыңды жетім етпеңдер. Бекем болыңдар, айтарым осы, – дегені бүгінгі ұрпаққа ұлағат болар деген ниеттемін. Сонымен 36 жасында жесір қа­лып, өмірге әкелген 5 ұл, 1 қызы­нан ондаған немере-шөбере сүйіп, қызығын көрген әжеміз 93 жасында өмірден өтті. Десе де сүйген жарын көз жұмғанша күту­мен үміт отын сөндірмей өмірден өткен ару әже­мізге төселіп төсек, жазылып жас­тық болып біз келеміз. Қайран ме­нің осындай әжелерім қайда екен? РАЙХАН Осы мақаламды жазу бары­сында соғыс және еңбек ардагері Бекен Мұсаев ағамызға “жесір қалған ана, жетім қалған бала жайлы не айтасыз?” деген сауал тас­та­ғаным бар. Сонда Бекең айт­қан мына бір деректі назар­ларыңызға салайын. – Сұрапыл соғыс кезінде ауыл тұрғындары үшін аса ауыр қасі­реттің бірі – майданнан келетін “қара қағаз” еді. Майданда жүрген бауыр еті балаларынан, сүйікті жарларынан келетін суық хабарлар бүкіл ауылды күңірентіп қоя беретін. Шиелі жақтан сұр есегімен хат-хабар таситын Әбілқайыр келе жатқанда жұрт үрейленіп, “қандай хабар әкеле жатыр екен” деп қо­бал­жи күтіп алатын. Сол бір қара­лы күндердің куәсі болғанымыз күні бүгінге дейін сай-сүйегімізді сырқыратады. Жесір аналар қанды соғыс бітсе де өмірлері өксіп, онда­ған жылдар бойы асыл жарларын асыға күтумен өмірлерін өткізді. Өзім куәгер болған мына бір жағ­дай күні бүгінге дейін көз алдымда көлбеңдеп тұр. Кезіндегі “Еңбекші” колхозын­да Құрбанов Сәду есімді туыс ағам 20 жасында Кәрібаева Райхан атты 18 жасар уыздай сымбатты қызбен тұрмыс құрды. Екеуі де мектепте мұғалім болып қызмет атқаратын. Шаңырақ көтергендеріне бары-жоғы 5-6 ай болғанда, яғни 1939 жылы Сәду ағамыз Фин соғысына шақырылып, содан хабарсыз кетеді. Қаралы “қара қағаз” де келмейді. 18 жасында жесір қалған Райхан жеңешем 1976 жылға дейін күн-түн көз ілмей күйеуін күтумен өмірден өтті. Заманында сұлу да сымбатты, он екіде бір гүлі ашылмаған Райхан жеңешеме талайлар талпыныс жасап-ақ бақты. Бірақ адал жар ала жіпті аттамай бары-жоғы 56 жа­сында ұрпақсыз дүниеден өтті. Мез­гілсіз гүл солды. Мұндай қай­ғы­лы ғұмыр көптеген отбасында болғаны бар. Ендігі жерде бала­ларымызға, немере-шөберелеріміз­дің басына осын­дай қаралы күндер келмесе екен деп тілейміз. Өйткені өзім де 7 жасымда әкемнен айыры­лып, жесір атанған анамның аялы ала­қанының тәрбиесімен өсіп, өндім. Бекен ағамыз айтса айтқандай, сұрапыл соғысқа жан жарлары мен асқар таудай әкелерін көз жастарын көлдей етіп шығарып салған ару­лардың басына не келіп, не кетпеді десеңізші. Олар да жеңісті жақын­дату үшін маңдайларынан маржан терлерін сыпыра төгіп, ерлікке тән еңбек етті. Жан жарларын сағына, сарғая күтті. Әрбір таңды күдікпен емес, “жан жарым келе жатқан болар” деген үкілі үміт­пен қарсы алушы еді. Отан соғысынан оралмағандардың жесірлері екінші мәрте тұрмыс құрмай өмірден өксікпен өткені кімнің болса да жан-жүрегін жылатады-ау, жыла­тады. ТАЛШЫН, ҮРЖАМАЛ, БИБІХАТША АНАЛАР Ел халықтың амандығы мен тәуелсіз Отанымыздың тыныш­­тығын тілеп отырған Сыр айма­ғындағы 20-дан астам жесір ана­ларға ұлы Жеңістің 65 жылдық тор­қалы тойын көруді де тәңір жазып­ты. Сонымен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған жесірлері, Сыр өңірінің ару аналарына сөз берелік. Арал ауданы, Тоқабай елді ме­кені­нен Талшын Өтеуова: – Мен 1922 жылы Арал ауданына қарасты Ақирек ауылдық кеңесінде дүниеге келдім. Он тоғыз жасымда, яғни 1941 жылы Өтеуов Тілеумағанбетке тұрмысқа шығып, құдай қосқан қосағымды қанды майданға шы­ғарып салдым. Күйеуім кеткеннен кейін 3 айдан соң жалғыз ұлымды дүниеге әкелдім. 1943 жылы ерінің мәңгілік сапарға кеткені жайлы “қара қағаз” келді. Бұл кезде мен 20 жаста едім, – деген Талшын әже­міздің көз жасы беттегі әжім­дерін қуалай сорғалап бара жатты. – Солай, балам. Бейнетті бел­шеден кешумен жастық шағымыз­ды өткіздік. Жалғыз баламды қор­жынға салып алып колхозда күн-түн көз ілмей тырбанып еңбек еттік. “Қара қағазды” жастығым­ның астына тықпалап тастап, күйеуімді бүгінгі күнге дейін күту­мен келемін. Заманында небір жай­саң жігіттер қолқа да салған, бірақ жалғыз ұлымды жетілдіруден басқа ойым болған емес. Алла сәтін салып Жеңіс күнін қарсы алдық. Содан 1953 жылдан бастап “Қарақұм” совхозында сауын­шы болдым. Еңбегім де елеу­сіз қалған жоқ. Талшын әжеміз айтқандай, оның ел үшін еткен еңбегі өлшеу­­сіз. Ересен еңбегі еленіп, ауылдық, аудандық кеңестің депутаттығына бірнеше мәрте сайланады. Сол тәрізді аудандық, облыстық дең­гейдегі мақтау, марапаттау награ­далары да шаш етектен екен. – Шүкір ғой, – дейді әңгіме соңында әже. – Жалғыз ұлымнан жеті немере, жиырмадан астам шөбе­ре сүйіп отырмын. Ал, жасым болса 88-ге келді. Айтарым, Ел­басымыз, ел-халқым аман болсын. Біздің басы­мызға берген зұлмат жылдарды бүгінгі ұрпақ басына бермесін. Сөз орайы келгенде айта кетейік, бүгінде жасы 104-ке келген Шиелі ауданындағы Назарова Нұр­күл әжеміз де жары На­заров Қап­пардан 1942 жылы көз жазып қалып, өмірге әкелген бір ұлынан 9 немере, 21 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр. Сондай-ақ Жаңақорған ауданын­дағы Әбиева Толқын әжеміз де күйеуі Әбиден 1944 жылы “қара қағаз” алса, бүгінде жан жарынан қалған аманат – жалғыз ұлының 3 немере, 1 шөбересінің қызығын көріп, рахат сезіміне бөленіп отыр. Қызылорда қаласынан Үржамал Әбілдаева: – Мен 1912 жылы Сыр­дария ауданы, Амангелді атын­дағы колхозда дүниеге келіппін. Бүгінде жасым 98-де. Шүкір, күйеуім Бөріден бір балалы болып қалып, қазір сол бауыр-етімнің қамқор құша­ғына бөленіп отырмын. Жас­­тайымнан жесір қалсам да бір балама жетімдіктің зардабын тарттырғаным жоқ. Қазір 7 немере, 15 шөбереме аналық ақ батамды берумен отырмын. Үржамал әжеміздің жолдасы Бөрі Әбілдаев 1941 жылы Отан қор­ғауға өз еркімен аттанады. Со­дан ха­барсыз кеткен. Қарт ананың айтуын­ша, Б.Әбілдаевтың мәйіті Ленинград қаласы, Псков деген жерде майдан­дастар қорымына жер­ленгендігі жайлы “қара қағаз” келеді. 1940 жылы 28 жасында өмірге әкелген бір баласын құндақтаған күйі қайта тұрмыс құрмастан Отан үшін ауыл шаруашылығының сан алуан салаларында еңсере еңбек етеді. Соғыс пен тұрмыстың бар ауыртпалығын отбасында бір өзі арқалаған ана зейнеткерлікке шыққанға дейін жалғыз баласын жетектеп, қой бағады. Өз сөзінің соңында Үржамал әжеміз: – Айналайындар, аман болыңдар! Еліміздің еңсесін тіктеп келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан балама аналық ақ алғысымды жау­дырамын. Кешегі қаралы күн­дерді енді қайтып сендердің бастарыңа бермесін, – деп ақ батасын берді. Қызылорда қаласының тұрғыны Нышанова Бибіхатша: – Балам-ай, кешегі бір қаралы күндер бас­тарыңа қайтып келмесін. Біздер не көрмедік дейсіңдер. Күйеуім Қали­ды 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттандырып салғанымда Сәруар ұлым үш айлық болатын. Баламды беліме байлап алып, көлдерді кешіп жүріп балық ауладым. Кезінде Кеңес әскерлеріне тонналап балық жөнелтуші едік. Бибіхатша әжеміз бүгінде 90 жасқа келген. Ол майданнан орал­маған отағасының орнын жоғалт­пай жалғыз ұлы Сәруардың, 8 не­мере мен 28 шөбересінің қызы­ғын көріп отыр. Сондай-ақ 1940 жылы Фин соғысынан ерлікпен елге оралған Қаналы Жәркенов Мараш Мүсі­лімовамен бас қосып, отау құрады. 1941 жылы Қаналы өз еркімен Отан қорғау мақсатында соғысқа аттанады. – Күйеуімнен екі-ақ рет хат келді, содан кейін хабарсыз кетті. Қолымда қалған жалғыз балам Дастанды қатарынан қалдырмай ер жеткіздім. Бүгінде сол ұлымның бес немересі мен алты шөбересінің рахат сезіміне бөленіп отырған жайым бар, – деген Мараш әже­міз­дің де аналық батасын алдық. * * * Иә, бейнетті белшеден кешіп, “елім” деп еңіреп жүріп еңбек еткен ару аналарды қалай құрмет­тесек те лайық. Жесір аналардың балаға деген, Отанға, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі – бүгінгі және келер ұрпақты ерлік пен патриотизм рухына тәрбие­леудің өлшеусіз өнегесі. Еліміздің келешегі үшін саналы ғұмырын сарп етумен келе жатқан ару аналарымызды барынша ұлықтауды ұмытпайық, ағайын. Сөз соңында: “аман болшы, ару аналарым” деген жүрекжарды лебізімді жеткізгім келеді. Еркін ӘБІЛ. ҚЫЗЫЛОРДА.