Ақмола облысындағы «Bahyt Petrol Group» ЖШС деп аталатын кәсіпорын айдың-күннің аманында Павлодар мұнай-химия зауытын миллиард теңгеге жуық ақшаға шығынға батырды да қойды. Қылта астында тығылып жатқан бұл қылмысты Ақмола облысының Қаржы полициясы анықтады.
Осыған байланысты аталмыш аймақты қаржы полициясының департаменті қазір «Bahyt Petrol Group» серіктестігін басқаратын лауазымды тұлғалардың үстінен қылмыстық іс қозғады.
«Аталмыш жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің лауазымды тұлғаларына 2013 жылдың қаңтарынан қазіргі кезге дейін «Павлодар мұнай-химия зауыты» акционерлік қоғамынан сақтауға қабылдаған 3600 тоннадан астам АИ-92 маркалы бензин мен көлемі 4500 тоннадан асатын АИ-80 маркалы бензинді ұрлады деген айып тағылуда. Зауытқа осы арқылы 900 млн. теңгеден астам шығын келді», – деді департамент баспасөз қызметіндегілер.
Қазір қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 176-бабы 4-тармағы «б» тармақшасы бойынша тексерілуде. Қаржы полициясы оның нәтижесін соңынан жұртшылыққа жария етуге уәде етіп отыр.
Құрыш НҰРЫМБЕТ.