Елордада 16 желтоқсан күні Пригородный елді мекенінде техникалық режимде жыл бойы жұмыс істейтін алғашқы ауылшаруашылық жәрмеңкесі ашылады. Ауданы 7000 шаршы метр сауда орталығында 150 кәсіпкер коммерциялық қызмет ете алады. Жәрмеңкедегі азық-түлік бағасы базар бағасынан төмен болады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елорданың бірінші және әзірге жалғыз жыл бойғы жәрмеңкесінде азық-түлік тауарларының барлық түрі – ет, жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдері, тауық еті, жұмыртқа, бакалея, жарма және нан-тоқаш өнімдері сатылатын болады. Мұнда жергілікті өндіріс өнімдері, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар, Ақмола және өзге де облыстардың ауылшаруашылық өнімдері ұсынылады. Сауда орталығының жұмысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, өйткені азық-түлік бағасы нарықтан төмен әрі қосымша жұмыс орындарын ашады.
Мұндай жәрмеңкеге қатысу кәсіпкерлер үшін де тиімді. Сауда орталығы жұмысының алғашқы үш айында орындар тегін беріледі деп жоспарланып отыр. Бұдан әрі жалдау ақысы жеңілдікті тариф бойынша алынатын болады, ол тек коммуналдық қызметтер бойынша шығыстарды жабуға ғана бағытталады.
Әуежай аумағында тұрақты жұмыс істейтін жәрмеңкесі бар сауда орталығының ашылуы Big Шанхай сауда орталығында пайда болатын жол трафигін азайтуға мүмкіндік береді. Қала маңындағы сауда орталығы 50 000 астаналық тұрғынды қамтиды.