Шынында, «Өнер ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды». Бұл – Ғ.Мүсіреповтен қалған қанатты сөз. Елдің елдігін танытатын үлкен саланың бірі – өнер мен мәдениет. Бүгінде Оңтүстіктің өнері мен мәдениеті нағыз кемел, толысқан шағында тұр. Өңір саласында 5 мыңға жуық қызметкер абыройлы жұмыс атқарып келеді. Оңтүстік халқына 756 өнер мен мәдениет мекемелері қызмет етуде және оның 22-сі соңғы 3 жылда ашылған жаңа нысандар.
Бір қуанарлығы, жаңа нысандар тек облыс орталығында емес, аудан мен қалаларда да пайдалануға берілуде. Түркістан қаласында соңғы үлгідегі әсем де көрікті ғимараттар – тарихи-этнографиялық орталық, қолөнер шеберлерінің орталығы, балалар кітапханасы пайдалануға берілді. Созақ ауданында ауылдық мәдениет үйі мен кітапхана, Төле би ауданының Бірінші мамыр ауылында мәдениет үйі мен кітапхана өз есігін айқара ашты. Биылғы жылы да бұл үрдіс жалғасын таппақ. Ата-бабаларымыздың жүріп өткен сан қилы жолынан бойтұмардай боп сақталып қалған салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды дәріптеу мақсатында биыл салт-дәстүр, әдет-ғұрып орталығы, өлкетану мұражайы, жаңа драма театр, салтанат сарайының ғимараттарының құрылыстары жүргізілуде. Облыстың аудан мен қалаларында 6 кітапхана мен мәдениет үйлері салынуда. Осының бәрі Елбасы Жолдауында айтылғандай, жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беретіні айқын.
Өткен жылы мәдениет саласына облыс қазынасынан 2 млрд. 590 млн. теңге қаралып, ол 99,9 пайызға игерілді. Сондай-ақ, өткен жылы 13 мәдениет нысаны жөндеуден өтті. Жеті жаңа мәдениет нысаны ашылды. «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, Көрме орталығы, «Ерлік» мұражайы, «Оңтүстік-Цирк» мекемесіне және саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайына қосымша ғимарат салынып, «Наурыз» алаңының ашылуы елдің еңсесін көтеріп, бір серпілтіп тастағаны анық.
Өткен жылы мәдениет және өнер мекемелеріне қажетті 306 жас маман қабылданып, 72 маман біліктілігін арттырды. «Жас келсе – іске» деген, мәдениет саласына жастардың көптеп келуі әрине, өнер ұжымдарының жұмысына күш-қуат берді. Соның дәлелі ретінде, облыстағы 8 театр 45 жаңа спектакльді көрерменге ұсынып, 2012 жылмен салыстырғанда ақылы қызметтен түскен табыс 20 пайызға артып, 91 млн. 670 мың теңгеге жеткенін айта кетуге болады. Ынтымақ-бірлігі, шеберлігі келіскен ұжымның алар асуы да көп болады. Солардың бірқатарын айта кетсек, «Қазына» би ансамблі Астана қаласында өткен республикалық «Аймақтар аламаны» телебайқауында бас жүлдені иеленсе, цирк мекемесі құрылғанына 2 жыл болғанына қарамастан, халықаралық деңгейде өнер көрсете бастады. Төрт айдан астам уақыттан бері цирк ұжымы Түркияда гастрольдік сапарда жүр.
Оңтүстік – кино саласындағы қажырлы еңбегімен де елге танылып келеді. «Оңтүстікфильм» мекемесі 13 бейнефильм, 19 жарнамалық бейнероликтер, 180 бейнесюжеттер түсірді. Сонымен қатар, жастарға арналған «Үндістандық күйеу жігіт», «Жаңғырық» фильмдерін және «САҚ» киностудиясымен бірлесіп балаларға арналған «Томпақ» фантастикалық жанрдағы телесериалын жарыққа шығарды. Негізі «Оңтүстікфильм» мекемесінің потенциалы өте жоғары. Егер бюджеттен қаржы қаралса, балалар мен ересектерге арналған көркем фильмдер түсіретін үлкен мекемеге айналмақ.
Оңтүстіктің мұражайлары шет мемлекеттердің мұражайларымен бірге жұмыс істеуді бастады. Өткен жылы Германияда болған көрмеге біздің облыстың 160 экспонаты қойылды. Украинада өткен халықаралық көрмеге облыстың өлкетану мұражайы қатысты. Алғаш рет Созақ ауданындағы Таңбалы тасқа ғылыми экспедиция ұйымдастырылып, ол жерден 14-15 ғасырлардың таңбалары мен белгі тастар табылды. Жұмыс барысында 122 артефактілер жинақталды, олар сол кезеңге жататын тастан жасалған еңбек құралдары еді. Толық зерттеу жұмыстары біткен соң, сол экспонаттар мұражай қорына қабылданады.
Жалпы алғанда, біздің облыста 1217 тарихи-мәдени және сәулеттік ескерткіштер бар. Өткен жылы жаңа 17 нысан анықталды. Оларды есепке алу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік тізімге ендіру үшін 100 ескерткіштің тиісті құжаттары дайындалып, облыстық комиссияда қаралды. «Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы», деп Н.Назарбаев айтқандай, Оңтүстік Қазақстан – ежелден Мәңгілік Ел идеясынан туындап отырған ұлттық бірлікті санада сақтаған, татулықтың ордасы болған өңір. Ендеше, отандастарымыздың береке-бірлігінің темірқазығы болатын идеяны одан әрмен дамытуға міндеттіміз.
Күлия АЙДАРБЕКОВА,
Оңтүстік Қазақстан облыстық
мәдениет басқармасының басшысы.
Оңтүстік Қазақстан облысы.