Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы елдің 30 жыл сенімді әрі қарқынды дамуының дәлелі. Қазақстан қысқа уақытта дүниежүзілік қоғамдастыққа танымал елге айналды. Елбасының шетелдік инвестицияларды тарту арқылы мұнай-газ саласын дамытуға ерекше көңіл аудару туралы шешімі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаһандық дағдарыс жағдайларына қарсы тұруға мүмкіндік берді.
1999 жылы Қазақстанның мұнай-газ саласының 100 жылдық мерейтойында Нұрсұлтан Назарбаев Атыраудағы қошеметтеу сөзінде: «Мұнай отандық өнеркәсіптің маңызды саласы ғана болып қоймай, сонымен бірге мемлекеттік тәуелсіздік мәртебесінің нышанына, жарқын болашағына деген сенімге айналды. Енді Қазақстан мұнайы Қазақстан халқының игілігіне қызмет етуде!» деді.
Солтүстік Каспий жобасы 28 жыл бойы Қазақстан халқының игілігіне қызмет етіп келеді. Солтүстік Каспий жобасы – әлемдегі ең күрделі және өршіл мұнай-газ жобаларының бірі. Жоба операторы – NCOC компаниясы бүгінгі күнге қараған шақта 60 миллион тоннадан астам мұнай экспорттады және мұнай мен газ өндіру көлемін тұрақты және сенімді түрде арттырып жатыр.
Алайда NCOC – тек мұнай мен газ, ұңғымалар мен жасанды аралдар, өндірістік жобалардан ғана құралмайды. Бұл сонымен бірге ондаған мектеп пен балабақша, ауруханалар, адамдардың үйлеріне тартылған газ, спорт кешендері, мәдениет үйлері іспетті әлеуметтік жобалардан тұрады.
NCOC компаниясы өзінің бүкіл қызметі бойына Атырау және Маңғыстау облыстарында әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Осылайша, компания үшін шынайы құндылық өз қызметі жүргізіліп жатқан өңірлердің әл-ауқаты, жергілікті халықтың денсаулығы және өскелең ұрпақтың қорғалуы екенін іс жүзінде көрсетуде.
NCOC компаниясының көптеген әлеуметтік жобалары өскелең ұрпаққа бағытталған.
20 жылдан астам уақыт ішінде компания 6 мың орындық 16 мектеп және 3 мың орындық 14 балабақша салды.
Жетім балалар мен жағдайы төмен отбасылардың балалары қатарынан 3 340 бала еліміздегі ең жақсы балалар лагерьлерінде демалуға мүмкіндік алды. Олардың ішінде 160 бала 2018-2019 жылдары үш апта бойы Қазақстан-Британ техникалық университетінің бизнес-мектебі мен Теңіз академиясында ағылшын тілі және бағдарламалау оқу курстарында дәріс алды.
NCOC компаниясы өзінің өндірістік қызметі жүріп жатқан өңірлердегі балалардың білім алу деңгейін арттыруға үлес қосуды жалғастыруда. STEM-зертхана (ғылым, технология, инжиниринг және математика) мектеп оқушыларын оқытудағы жаңа әдістеме және әлемдік білім беру саласындағы негізгі тренд. Бұл сонымен бірге оқушыларға бағдарламалау бойынша оқуға және роботтехникамен кәсіби деңгейде айналысуға мүмкіндік береді. Компания соңғы екі жыл ішінде заманауи STEM-зертхана кабинеттерін Атырау және Маңғыстау облыстарының 12 мектебіне жабдықтап, тапсырды.
Биыл Қазақстандағы Британ Кеңесімен бірлесіп өткізілген жұмыс аяқталды, біз бұны мақтан тұтамыз. Бұл Қазақстандағы ағылшын тілін үйрену жөніндегі үш жылдық пилоттық жоба. Атыраудың 7 жалпы білім беру орта мектебінің, Мақат кентіндегі 1 жалпы білім беру орта мектебінің және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 750 оқушысы мен студенті, 8 ағылшын тілінің оқытушысы ағылшын тілін білу деңгейін және кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды. Конкурстық негізде іріктелген үздік мұғалімдер Ұлыбританияда оқуды жалғастырады.
Өкінішке қарай, толыққанды білім алу мүмкіндігі балалардың барлығында бола бермейді. Психикалық-сөйлеу немесе ойлау қабілеті тежелген ерекше қажеттіліктері бар балаларға әлеуметтік ортаға бейімделу қиынға соғады. Осындай балаларға көмектесу үшін NCOC компаниясы демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы аясында Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы мектептерде 13 инклюзивтік қолдау кабинетін және Атыраудағы мектептерде 5 кабинетті жабдықтауға көмек көрсетті. Мұндай кабинеттер ғылым негіздерін үйретумен қатар балалардың бір-біріне көмектесуіне, достасуына және бірге ойнауына мүмкіндік береді.
NCOC компаниясы мүмкіндіктері шектеулі адамдарға ерекше көңіл бөледі. Атырау және Маңғыстау облыстарында ерекше қажеттіліктері бар он мыңдаған адам тұрады. Компания жыл сайын инватакси және мүгедектерге арналған арбашалар сатып алуға қаражат бөледі. Автокөлік құралдары арнайы тиегіш алаңшамен жарақталған, бұл әдеттегі таксимен жүре алмайтын арбаға таңылған мүгедектер үшін ыңғайлы. Машиналардың салондары кең, мүгедек арбашасын көтеруге арналған басқару пульті бар электргидрокөтергішпен, термошуоқшаулауышпен, кондиционерлермен және аудиожүйемен жарақталған, яғни ерекше қажеттіліктері бар жолаушылардың жүруіне ыңғайлы болуы үшін барлық жағдай қарастырылған.
Оның алдында мүмкіндіктері шектеулі 16 адам техникалық сипаттамалары ерекше болуымен қатар, өте ыңғайлы және дизайны әдемі, жеке қажеттіліктерді ескеріп іріктелген мүгедектер креслоларына ие болды. Креслоларды бөлу кезінде олардың өлшемдері, үлгілері, функциялары және тіпті түстері ескерілді.
Денсаулық сақтау нысандарын салу – әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың бағыттарының бірі. 1998 жылдан бастап NCOC компаниясының қаржылық қолдауымен ауылдық дәрігерлік бекеттерден бастап ауруханаларға дейін 15 медициналық мекеме тұрғызылды.
2020 жылы бүкіл дүние жүзі коронавирус пандемиясына тап болып, қосымша төсектік орындар өте қажет болған кезде NCOC компаниясы қысқа мерзім ішінде Атырауда және Ақтауда әрқайсысының құны 7 млрд теңге тұратын 2 модульді жұқпалы аурулар ауруханасын салды. Ауруханалар толығымен заманауи медициналық жабдықтармен, соның ішінде жағдайы аса ауыр науқастарды емдеу үшін оттегі беретін арнайы желілермен жарақталған.
Атырау қаласында кардиологиялық аурухананың 50 орындық қосымша корпусы тұрғызылды. Жоба шеңберінде заманауи медициналық жабдықтар, соның ішінде көптеген ауруды анықтауға арналған Philips Prodiva магниттік-резонанстық томографы (МРТ), жасанды жолмен қан айналдыратын аппарат, УДЗ жабдықтары, емделушілерді бақылау және қадағалау жүйелері және басқа да көптеген жабдық сатып алынып, орнатылды. Ал жаңа орталықтандырылған оттегі стансасы кардиологиялық орталықтың жаңа ғимаратына ғана емес, сондай-ақ ескі ғимаратына да оттегіні үздіксіз беріп тұрады.
2020 жылғы қарашада NCOC компаниясы Атырау облысы Құрманғазы ауданының жергілікті әкімшілігіне 75 төсектік орынға есептелген жаңа орталық аурухананы табыс етті. Бұл жоба облыстың шалғай аудандарының біріндегі тұрғындар үшін өте маңызды. Аурухана заманауи жабдықтармен және құрал-аспаптармен жарақталған, сонымен қатар онда ауа желдету және кондиционерлеу автоматты жүйесі, медициналық газ беру жүйесі және апаттық жағдайда электрмен жабдықтайтын дизельді электрстанса бар, яғни жергілікті халықты жайлы жағдайларда сапалы емдеу үшін керектің бәрі қарастырылған.
Компания Атырау және Маңғыстау облыстарының денсаулық сақтау жүйелеріне COVID-19 індетімен күресу үшін тікелей көмек көрсетуге барлығы 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.
Сонымен бірге компания мен басқа операторлардың бірлескен бастамасы бойынша жергілікті денсаулық сақтау жүйесіне қолдау көрсету үшін Ұлыбританиядан қарқынды терапия дәрігерлері шақырылды.
Пандемияға және тиісті шектеулерге қарамастан NCOC компаниясы жергілікті халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруды жалғастырды. Мысалы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Саламатты мектеп» бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыра отырып, Атырау және Маңғыстау облыстарының ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған топтары бар білім беру және мамандандырылған мекемелерінде ауаны зарарсыздандыратын бактерицидті рециркуляторлар мен ауыз су бұрқақшалары орнатылды. Тек 2020 жылдың өзінде екі облыстағы 83 балаларға білім беру және мамандандырылған ұйымға 1 038 зарарсыздандырғы-тазартқы табыс етілді. Компания сонымен бірге Ақтау қаласының 25 мектебінде үш сатылы су сүзгілеу жүйесі бар 256 ауыз су бұрқақшасын орнатты.
Демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалармен бірге NCOC корпоративтік әлеуметтік саясатының ажырамас бөлігі болып табылады. Консорциум өзінің 30 жылға жуық тарихында түрлі оқиғаларды басынан кешірді: операторлық үлгінің өзгеруі, алғашқы мұнай алу, құбыр желісін ауыстыру, мұнай өндіруді қайта бастау, күрделі жөндеу жұмыстарын табысты аяқтау, 60 млн тоннадан астам мұнай экспорттау және COVID-19 індетіне байланысты шектеулер жағдайында жұмыс істеу.
Алайда осы өзгерістердің барлығына қарамастан, бір нәрсе өзгеріссіз: NCOC Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрақты дамуына және олардың халқының әл-ауқатын арттыруға үлес қосу бағытынан таймайды.