• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2014

Жұтқан ауаң, ішкен суың таза ма?

540 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысы – пайдалы қазбаларға бай өңір. Әрине, жерасты қазба байлықтарын игілікке жаратуда көптеген жұмыстар жүргізілуде. Өндіріс болған соң, оның қоршаған ортаға қолайсыз әсер ететін қалдықтарсыз болмайтыны да белгілі. Дегенмен, ғылым мен техниканың дамыған заманында оны мейлінше залалсыз кәдеге жаратудың мүмкіндігі де мол. Бұл мәселелер өңірде қалай шешілуде? Ол туралы экология департаментінің басшысы Жақсығали ИМАНҚҰЛОВПЕН кездесіп,  осы және басқа мәселелер төңірегінде әңгімелесудің сәті түсіп еді. – Жақсығали Исламұлы, департамент қызметіндегі басты бағыттардың бірі – ол табиғи ортаның ластануын төмендету мен табиғи ресурстарды мүмкіндігінше тиімді пайдалануға мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру екені белгілі. Осы мақсат қаншалықты жүзеге асырылып келеді? – Біздің департаменттің мұнай компа­­нияларының арасында жүргізген жүйелі жұмыстарының нәтижесінде мұнайға ілеспе газды алауға жағу көлемі 2006 жылғы 1,6 млрд. текше метрден 2013 жылы 472,4 млн. текше метрге дейін қысқарды. Бұл жетіс­­­тікке басы артық газды тұрмыстық мақ­сат­тар үшін қайтадан жерастына айдау, соны­мен қатар, электрэнергиясы үшін газды пайда­­лануға жаңа технологиялар жүйесін енгізу есебінен қол жеткізілді. Жаңажол кен орны­ның мұнайға ілеспе газын пайдалану үшін 1998 жылы алғаш рет бірінші және 2010 жылы екінші кезектердегі қуаттылығы 104 МВт Жаңажол газ-турбиналы электр стан­сасы іске қосылды. Стансада газ өңдеу кө­лемі 2012 жылы 2007 жылға қарағанда 3,6 есе өсті, яғни 234,9 млн. текше метрді құрады. Сонымен бірге, облыс аумағында ірі елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында газ жеткізу құбырлары құрылысы бағдарламасы қабылданып, ойдағыдай жүзеге асырылуда. Облыстық статистика басқармасының мәліметтері бойынша, облыста газ құбырларының жалпы ұзындығы 937,6 шақырымды құрайды. Облыстың үш газ таратушы кәсіпорындарымен 2012 жылы осы жүйелерге 1,22 млрд. текше метр табиғи газ берілді. Газ жүйесіне көшу мәселесі елді мекендерді көмір мен қарамай сияқты дәстүрлі отындардан бас тартуға алғышарт жасады. Аталған отын түрлері экологиялық тұрғыдан қарағанда зиянды, атмосфералық ауаны анағұрлым көп ластайды. Облыста жүргізіліп жатқан елді мекен­дерді газдандыру саясаты өткен жылы да жалғасын тапты, ол облыс бойынша алауға жағылатын ілеспе газдың көлемін анағұрлым қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл жолда біздің алған бағытымыз өзгермейді, облысымызда көмірсутегі шикізатын өндіру қарқынды жүргізілуіне қарамастан, тек 2013 жылы алауға жағылған газ көлемі 127,6 млн. текше метрге дейін төмендеді. Соңғы үш жылда ғана облыстың табиғат пайдаланушыларының өз қаражаттары есебінен 65,3 млрд. теңгеге 923 табиғат қорғау шаралары орындалды. Олардың ішінде «ҚазақойлАқтөбе» ЖШС 25,3 млрд. теңге, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 18,8 млрд. теңге қаржы игерді. Атмосфералық ауаны қорғау іс-шараларының нәтижесінде ауаға шығарылатын зиянды заттар көлемі біршама азайды. 2009 жылы облыс бойынша тұрақты көздерден ластаушы заттардың шығарындылар көлемі 218,5 мың тонна болса, өткен жылы аталған көрсеткіш 178,3 мың тоннаны құрады. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ шығарындыларын 142,2 мың тоннадан 40,06 мың тоннаға, «ҚазақойлАқтөбе» ЖШС 30,3 мың тоннадан 20,2 мың тоннаға дейін азайтты. Бұл көрсеткішке негізінен шығарындылар көздерін газ-шаң ұстайтын соңғы жетілдірілген қондырғылармен жабдықтау есебінен және 16 жаңа өнеркәсіп нысандарының енгізілуінің арқасында қол жетіп отыр. Дегенмен, әлі күнге «СНПС-Ақтөбе­мұнай­газ», «Интергаз Орталық Азия», «Қазхром ТҰҚ» акционерлік қоғамдары мен «ҚазақОйлАқтөбе», «Аман мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өңірдің қоршаған ортасын ең басты лас­таушылар болып отырғаны да рас. Атмо­сфералық ауаның ластануына 173,4 мыңнан асатын автокөліктер алғышарт жасап келеді. 2013 жылы автокөлік газдары ауаға шығарылатын зиянды заттардың жалпы көлемнің 91,0 мың тоннасын немесе 41,4 пайызын құрады. –  Облыста қоршаған ортаны қорғауды жақсарту мақсатында қандай шаралар алынуда? – Бұл бағытта да ізденістер бар. Алдымен, бірінші санаттағы 10 кәсіпорында «Қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесі» ИСО 14000 халықаралық стандарттары енгізілді. Дөң кен байыту комбинатында қолданыстан шыққан карьерлердің ашық алаңдарына үйінділерді 92 пайызға дейін толтыруға мүмкіндік беретін жаңа технология енгізілді. Тек өткен жылы осындай алаңдар 12,5 млн. тонна үйінділермен толтырылды. «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» АҚ-та 2007 жылдан бері шақпақ темір қорытпасын балқыту арқылы тұрақты қиыршық тас алу технологиясы жұмыс жасап тұр. Соңғы үш жылда осы зауыттағы 1946 жылдан бері жиналып қалған жоғары көміртекті шлак үйінділері қайта өңделуде. Акционерлік қоғамда салынып жат­қан Қазақстанның индустрияландыру картасына енгізілген жоғары сапалы кө­міртекті ферроқорытпа өндіруді арттыратын инновациялық технологиялар қолданылатын, қуаттылығы жылына 440 мың тонна осындай сапалы өнім өндіруге мүмкіндік беретін №4 цехты бірегей зауыт десе де болғандай. Мұндай кәсіпорынның пайдалануға берілуі зауыттың қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерін анағұрлым азайтады деп күтілуде. Ластаушы заттардың нормативті шығарындылары да, сондай-ақ, өндірістік қалдықтар көлемі де кемитін болады. Мұнда қалдықтар құрылыс материалдары ретінде 95,8 пайызға дейін қайта өңделеді. Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ-қа келетін болсақ, мұнда 2001 жылы монохроматты натрий өндіретін қалдықсыз технология енгізілген болатын. Аталған технология тоғандарындағы монохром­атты шламдардың көлемін төрт есе кемітуге алғышарт жасады. 2013 жылы кәсіпорыннан 330,8 мың тонна монохроматты шлам шығарылып, оның 251,4 мың тоннасы өндіріске қайтарылды. Осындай жүйелі жұмыстар нәтижесінде өткен жылы облыс бойынша шығарылатын өнеркәсіп қалдықтары 13 млн. тоннаға кеміді. Облыста автокөліктерді газ отынына көшіру жүйелі жүргізілуде. Өткен жылы облыс бойынша 173,4 мың автокөлік газды пайдаланды. Ақтөбе қаласының автобус паркі толықтай газ отынына көшірілген. Облыс бойынша 19 газ толтыру стансалары жұмыс жасайды. Олардың 9-ы аудан орталықтарында орналасқан. Газ толығымен жанған кезде оның құрамында бензапирен, күкірттің қос тотығы, формальдегид, күкіртті сутегі, мырыш және мыс сияқты улағыш заттар болмайды. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласының атмосфералық ауасын жақсартуға «Солтүстік» айналма автожолын іске қосу айтарлықтай үлес қосты. Соның өзінде облыс орталығының ауа бассейнінің ахуалы өнеркәсіп кәсіпорындарының көптеп орналастырылуы салдарынан әлі де күрделі болып отырғаны жасырын емес. – Ауаның ластануын бақылау қай деңгейде? – Экология департаментінің жүйелі жұмысының нәтижесінде Ақтөбе қаласының атмосфералық ауасын ластаушы заттардың шығарындылар көлемін 1990 жылғы 45 мың тоннадан 2013 жылы 15 мың тоннаға дейін төмендетуге қол жеткізілді. Департаменттің зертханалық-талдауды бақылау бөлімі 2011 жылдан бастап қаланың солтүстік-батыс бөліміндегі санитарлық-қорғау аймағы шегінде атмосфералық ауаны жоспарлы өлшеулер тұрақты жүргізіп тұрады. Өлшеулер нәтижесінде атмосфералық ауада күкіртті сутегінің шектеулі рұқсат етілген шығарындылары құрамының айтарлықтай жоғары екендігі анықталып отыр. 2012 жылы «Қазгидромет» РМК атмосфералық ауаның жағдайын бақылау үшін қосымша автоматты станса орнатқан болатын. Бұл қондырғы Ақтөбе қаласының атмосфералық ауадағы күкіртті сутегін анықтауға мүмкіндік береді. Біздің облыс бойынша атмосфералық ауаның жағдайына бақылау жүргізетін 5 гидрометеорологиялық бекет бар және олардың барлығы Ақтөбе қаласында орналасқан. Зерттеу талдамалары күкіртті сутегінің басты көзі Ақтөбе қаласының кәріз құбырлары екендігін анықтап отыр. Департамент тарапынан бұл дерек бойынша Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға мәлімет берілді. Нәтижесінде облыс әкімі шаһардың кәріздік-тазарту ғимараттарын қайта өңдеу және дамыту бойынша іс-шаралар жоспарын жасауға тапсырма берді. Ең алдымен, әр кәсіпорын өзінің экологиялық өлшемдерін қадағалауы қажет. Екіншіден, ешқандай мемлекеттік бақылау шығарындылардың әрбір көздерін толық қамти алмайды, бұл жұмысты өндірістік процесті жүзеге асырып отырған заңды тұлға ғана орындай алады. Облыс бойынша шығарындылары 12,6 мың тонна болатын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-та 1,5 мыңнан астам тұрақты шығарындылар көздері орна­ласқан. Үшіншіден, жеке эмиссияларын ба­­­­қы­лау, ол тек «Ластаушы төлейді» қа­­ғи­дасы емес, сонымен қатар, табиғатты қор­ғау­ды ерікті басқаруда жаңа бағыттарды аша­тын кәсіпорынның кілті деуге де болады. Жоғарыда айтылғандай, «Ластаушы төлейді» экономикалық механизмі облы­сы­мыздың табиғат пайдаланушыларына төлем арқылы әсер ету мақсатында ойдағыдай жүзеге асуда. Соңғы бес жылда облыс қоршаған ортаны ластағаны үшін жиналатын төлемдер сомасы бойынша алдыңғы қатарда келеді. 2008 жылы бюджет 17,7 млрд. теңгемен толықтырылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 11,1 млрд. теңгені құрады. Қазіргі заман талабына сай экологиялық технология – ол барынша тиімді технология. Тек өткен жылы ғана 432 жобалық құжаттар департаменттің экологиялық сараптамасынан өткізілді, олардың ішінде 151 жоба экологиялық талаптарға сай болмауына байланысты кері қайтарылды. Бізді алаңдататын мәселе қондырғыларда мұнайға ілеспе газды алауға жағу болып табылады. Соңғы төрт жылда 2,3 млрд. текше метр ілеспе газ алауға жағылды. Соның 33 пайызы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-тың, 51,3 пайы­зы «ҚазақойлАқтөбе» ЖШС-нің үлесіне тиесілі. Сонымен қатар, облыс бойынша өндірілген 1 тонна мұнайдан ауаға шығатын ластаушы зиянды заттардың нақты көлемі әлі де жоғары болып отырғандығын атап өту керек. Мұнай өндіру бойынша жетекші компаниялардың бірі «ҚазақойлАқтөбе» ЖШС-інде ілеспе газды залалсыздандыру 2013 жылы 52%-ды құрады. Үстіміздегі жылы газ өңдеу кешені толық қуатында жұмыс жасап, ілеспе газды алауға жағу тоқтатылады деп күтілуде. – Облыстың проблемалық мәселеле­рін сөз еткенде, Көкжиде жерасты су көздеріне қатысты жағдайларды айналып өтуге болмайды. Осы ауызсудың мол қоры бар су көзінің бүгінгі жағдайына тоқтала кетсеңіз. – Көкжиде жерасты суы Үкіметтің 2005 жылғы 30 маусымдағы №657 және 2010 жылғы 18 қарашадағы №1212 қаулыларына сәйкес экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени нысан болып танылды. Облыс әкімдігімен жалпы көлемі 44 мың гектар «Көкжиде-Құмжарған» жергілікті маңыздағы мемлекеттік табиғи кешені құрылды. Алайда, айналасында көмірсутегі шикізатын барлау мен өндіруді жүзеге асырып отырған 7 мұнай компаниясы Көкжиде жерасты суларын ластанудан сақтай ала ма? Біз Қоршаған орта және су ресурстары министрлігіне «Көкжиде жерасты сулары» бірегей кен орнын сақтап қалу бойынша бірқатар ұсыныстар енгіздік. Оның ішінде құзырлы органдар өкілдерін қатыстыра отырып, Көкжиде жерасты суларының сапасына бақылау жүргізетін бірлескен комиссия құру, осы құм массиві аумағында көмірсутегі шикізатын барлау мен өндіруді жүзеге асыру барысында басты талап ретінде Көкжиде жерасты суларын ластанудан сақтайтын ереже, ұсыныстар әзірлеу, осы аймақта қоршаған орта сапасына мониторинг жүргізетін автоматтандырылған стансалар жүйесін орнату бар. Көкжиде құм массиві аймағында көмір­сутегі шикізатын барлау мен өндіруді жүзе­ге асырушы мұнай команияларына қойы­латын міндетті талап Көкжиде жерас­ты суларының ластануына әкеліп соқты­ратын апатты жағдайлардың алдын алу арқылы экологиялық қатерді төмендетуге бағытталған бағдарламасының болуы. – Жалпы, өңірдегі судың тазалығы жайлы не айтар едіңіз? Елек өзенінің бормен, хроммен ластануына қарсы салынатын жерасты қабырғалық құрылысы сиырқұйымшақтанып кетті, қазір Електің суы тазарды ма? – Иә, бізді және облыс жұртшылығын Елек өзенін бор мен алты валентті хроммен ластаудың жалғасуы алаңдатады. 2013 жылы республикалық «Жасыл даму» бағдарламасына сәйкес, Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі «Геотерм» ЖШС мен №3 учаскесінде алты валентті хромнан тазарту бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізді. Орындалған жұмыстар бойынша есеп министрлікке ұсынылды. Біз өз тарапымыздан жұмыстардың одан әрі жалғастырылуы мен сәйкесінше қаржыландырылуына үміттенеміз. Елек өзенінің бормен ластануына келетін болсақ, 2008 жылы облыс әкімдігі жүйесінен «Елек өзенін бормен ластанудан тазарту» туралы техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Аталған негіздеме бойынша жұмыстар құны 10 млрд. теңгеге жуық соманы құрап отыр. Арада 5 жылдан астам уақыт өтті, сондықтан техникалық-экономикалық негіздемеге тиісті түзетулер енгізіліп, алда­ғы уақытта республикалық бюджеттік ко­мис­­сияның қарауына ұсынылатын болады. – Қазіргі таңда кәсіпорындар мен шаруашылық жүргізуші нысандар тарапынан табиғат қорғау заңдылықтарының сақталмауы жиі орын алады. Бұл бағыттағы тексерулер тегеурінді ме? – Экологиялық бақылауды жүзеге асыра отырып, біздің департамент өткен жылы 350 табиғат пайдаланушыны тексерді. Тексерулер нәтижесінде 668 экологиялық заңбұзушылық анықталып, аталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде 169 нұсқама берілді. Экологиялық нормативтердің сақталмағандығы үшін 4,65 млрд. теңге әкімшілік айыппұл төлеу туралы 655 қаулы шығарылды. Қоршаған ортаға келтірілген шығынды өтеу туралы 6,71 млрд. теңге болатын 139 талап берілді. «ҚазақойлАқтөбе» ЖШС «Қожасай» кен орнында рұқсатсыз газ жаққаны үшін қоршаған ортаға аса ірі көлемде шығын келтірді. Экология департаментімен 1,316 млрд. теңге әкімшілік айыппұл салынып, қоршаған ортаға келтірілген шығынды өтеу туралы 6,5 млрд. теңгеге талап берілді. Заңсыз орнатылған алау қондырғысы алынып тасталды. Дөң кен байы­ту комбинатының шлам құбырында орын алған апат салдарынан жалпы алаңы 650,0 шаршы метр жер телімі ластанды. Қоршаған ортаны ластағаны үшін кәсіпорын 532,8 мың теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Коппер Текнолоджи» ЖШС-іне жер бедеріне карьер суларын шығару дерегі бойынша жалпы сомасы 779,8 мың теңге төрт әкімшілік айыппұл салынды және қоршаған ортаға келтірілген шығынды өтеу туралы 516,9 мың. теңгеге талап берілді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ «Кеңкияқмұнай» МГӨ басқармасының мұнай дайындау және айдау жерасты коллекторынан тұрмыстық қалдықтарды қабылдауға арналған сүзгі алаңдарына мұнай аралас суларды шығару дерегі бойынша қоршаған ортаға біршама шығын келтірді. «Қазақстан-2050» Стратегиясында мемлекетіміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуі нақты мақсат етіп қойылған болатын. Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқы­на биылғы Жолдауында бұл биік мақсат­тарға жетудің жасампаздық жолы сараланды. Жолдауда жылу электр стансаларынан шығатын қалдықтарды тазарту жөніндегі ізденістер мен жаңалықтарға, өнді­ріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқы­лы жерде электр қуатын үнемдеуге қолдау көрсетілетіні, қоғамдық көлікті отын­­­ның экологиялық таза түрлеріне көші­руге жағдай жасау керектігі айтылды. Мұның өзі елімізде экологиялық ахауалды сауық­тыруға аса маңыз беріліп отырғанын көрсетеді. Әңгімелескен Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.