• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Желтоқсан, 2021

Бауырларын өрттен құтқарған 7 жасар қыз марапатталды

746 рет
көрсетілді

Биылғы 12 қазанда Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққұм ауылы Желтоқсан көшесі №24а мекен-жайда электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан  жалпы ауданы 5х15 шаршы метр тұрғын үй өртенген, деп жазады Egemen.kz «Сыр бойы» басылымына сілтеме жасап.

Өртті бірінші байқаған көршісі Сүлейменова Базаркүл оқиға туралы хабарлаған. Өрт сөндірушілер келгенге дейін үй иесінің қызы, №38 қазақ орта мектебінің 1 «б» сынып оқушысы, 7 жасар Мерей есімді қыз ержүректілік танытып, өз өмірін қатерге тігіп, қою қара түтіннің арасынан кәмелет жасқа толмаған бауырлары: 5 жасар Бахыт Бексұлтанды, 3 жасар Бахыт Айлинді және 1 жасар Наурызбекқызы Адинаны үйдің терезесінен сыртқа шығарып, ажалдан аман алып қалған.

Адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен қайсарлылығы үшін Мерей Наурызбекқызы Бахытты 2021 жылғы 14 желтоқсандағы №215-ж/қ бұйрығына сәйкес Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Руслан Қайрақбаев Алғыс хатпен марапаттады.

Сол марапатты және бүлдіршінге арналған сый-сияпатты ел мерекесі қарсаңында Мерейдің сыныптастары алдында Жалағаш ауданындағы Төтенше жағдайлар бөлімінің басшылары ержүрек қызға табыс етті.