Биыл шілде айында ғана іске қосылған «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС еуро-4 және еуро-5 бензиндеріне арналған қоспа шығарумен айналысады. Аталған қоспа – метил-трет-бутил эфирі (МТБЭ) деп аталады. Компания бас директоры Манат Бибасовтың айтуынша, зауыт жылына 57 мың тонна дайын өнім шығаруға дайын. Әрі өнімнің тазалығы 99 пайыз деңгейінде екен.
Осыдан бірнеше ай бұрын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2021 жылы өңірлерде жалпы сомасы 1,23 трлн теңге болатын 128 жобаның іске қосылатынын айтып, соның ішінде 25 млрд теңге инвестиция тартылған Шымкент химиялық компаниясын да атап өткен еді.
Журналистерді зауыт аумағына шақырып, арнайылап сұхбат берген М.Бибасов өндіріс көлемі Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмысына тікелей байланысты екенін айтты. Өйткені эфирді өндіру үшін негізгі шикізат болып саналатын бутан-бутилен С4 фракциясы мұнай өңдеу зауытынан әкелінеді.
«Зауыттың ашылуы Елбасымыздың Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау және еліміздегі мұнай-химия өнеркәсібін дамыту тапсырмасы бойынша іске асырылып отыр. Шымкент МӨЗ-ін жаңғырту аяқталған соң жұмыс істей бастадық. Бутан-бутилен фракциясынан изобутиленді пайдаланамыз да, қалған пайдаланылмаған газды қайтарып береміз. Изобутилен мына қондырғының ішінде метанол және катализатормен реакцияға түсіп, метил-трет-бутил эфирі шығарылады. Ол өз кезегінде жоғары октанды еуро-4 және еуро-5 бензинін өндіру үшін қолданылады», дейді М.Бибасов.
Зауыт іске қосылғаннан 30 қарашаға дейінгі аралықта 8 349 тонна өнім шығарылған. Өнімнің негізгі тұтынушысы – Шымкент МӨЗ-і. Басқа да сатып аламын деушілерге саудалауға мүмкіндігіміз бар. Экспорттық әлеуетімізді де жоққа шығармаймыз, себебі зауытта өнімді сақтау және экспортқа жөнелту үшін барлық қажетті технологиялық жабдық бар дейді зауыт басшысы. Оның айтуынша, зауыт ішіндегі жұмыс процесі барлық экологиялық тазалық талаптарын сақтай отыра жүргізіледі. Процесс 100 пайыз автоматтандырылған.
Бұл компанияның бірегей кәсіпорын ретінде сипатталуы да тегін емес. Өйткені осыған дейін елімізде МТБЭ өндіретін бір ғана кәсіпорын болды. Оның жылдық қуаты 20 мың тоннаның төңірегінде. Ал «Шымкент химиялық компаниясының» өнімділігі одан үш есе жоғары. «Сондай-ақ бізде әлемдік нарықта өзін көрсете білген мұнай-газ химиясы өнімі фирмасының лицензиялық технологиясының болуы да өнім сапасын ерекшелейді», дейді зауыт басшылары.
М.Бибасовтың сөзіне қарағанда, зауыт құрылысы кезінде қолданылған технологияның лицензиары – әйгілі франциялық Axens компаниясы. Әрі қарай құрылыс кезінде негізінен отандық компанияларға басымдық берілген. Сыйымдылық құрылғылары, металл конструкциялары және трубалардың дені елімізде өндірілген. Колонналық және дәлдігі жоғары құрылғылар шетелден сатып алынғанымен, оны орнатумен жергілікті мамандар айналысқан.
Зауыт құрылысына «Қазақстан даму банкі» қолдау білдірген. Банктің аға банкирі Серік Ахметовтің айтуынша, жоба 13,7 млрд теңгеге бағаланады. Оның үштен бірін кәсіпорын иелері құйса, қалған бөлігін даму институттары қаржыландырған. Зауытта жұмыс істейтін жұмысшылар мен қызметкерлердің барлығы – шымкенттік тұрғындар. Қазіргі уақытта кәсіпорынның штаттық саны – 115 адам, шетелдік қызметкерлер жоқ.
Зауыт аумағында метанол мен дайын өнім сақталатын төрт резервуар бар. Әрбірінің сыйымдылығы 950 текше метрді құрайды. Шымкент МӨЗ-імен арадағы өндірістік тізбек кедергісіз жүзеге асуы үшін технологиялық интеграция жасалған. Яғни тазартылған су түріндегі энергия ресурстарды және шикізатты алатын құбыр желісі эстакадасы бар. Одан бөлек, сұйықтықтарды тасымалдайтын темір жол эстакадасы да жұмыс істейді.