• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2014

Айқынды ардақтады

571 рет
көрсетілді

Өткен жылдың соңында ұлттық әдебиеттану ғылымында үлкен із қалдырған көрнекті ғалым, сыншы, аудармашы Айқын Нұрқатовтың туғанына 85 жыл толған еді. Небәрі 37 жыл ғана ғұмыр кешкен қаламгер аз уақыт ішінде тындырымды жұмыс істеп, іргелі зерттеулерінде сөз өнерінің көкейкесті мәселелерін, әдеби үрдіс пен әдебиеттер байланысын жан-жақты қарастырды, Абай, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, И.Байзақов, Х.Ерғалиев, Ә.Тәжібаев, В.Маяковский, Т.Жароков, Ғ.Орманов, т.б. шығармаларын сан қырынан талдады, бір ғана «Абайдың ақындық дәстүрі» монографиясы арқылы абайтану ғылымына тың өзгеріс әкелді. Нұрқатов зерттеулеріне логикалық ой жүйелі­лігі, пікір айқындығы, тұжырымның дәйек­тілігі тән болып, еңбектерінде қоғамдық ой-пікір мен көркемдік эстетика қиыса ұштасқандығын жақын­да ғана осы елеулі оқиғаға байланыс­ты А.Нұрқатов қызмет атқарған Алматыдағы М.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институтын­да өткен «Айқын Нұрқатов әлемі» атты республикалық ғылыми конференцияда баяндамалар жасап, сөз сөйлеген ғалымдар мен жазушылар кеңінен әңгімеледі. Алқалы жиынды ашып жүргізген институт директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Уәлихан Қалижанов осыған орайластыра жарық көрген А.Нұрқатов еңбектерінің бес томдығын қауымға таныстырып, осы басылымды дайындап шыға­ру­дағы профессор Серік Негимовтің сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Конференцияда негізгі баяндама жасаған Л.Н.Гу­­милев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінің профессоры Серік Негимов, ғалымның абайтану­шы­лық және әуезовтанушылық қыр­ла­рына жеке тоқталған институттың Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Серікқазы Қорабай мен Әуезовтану бөлімінің аға ғылыми қызметкері Келіс Рахымжанов, қаламгердің талант қырларын сөз еткен академик Өмірзақ Айтбайұлы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Сәбит Досанов, профессорлар, ақын Өтеген Күмісбаев пен Темірхан Тебе­генов, «Ана тілі» баспасының директоры, жазушы Жақау Дәуренбеков А.Нұрқатовтың ұлт мәдение­тіндегі орнын, баға жетпес ғылыми үлесін жан-жақты саралап берді. Өз кезегінде ғалыммен Абай атындағы ҚазПИ-де бірге оқыған сабақтастары, белгілі тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Телқожа Жанұзақов, ақындар Мыңбай Рәш пен қаламдас інісі Сейфолла Оспан тебіреністі естеліктер айтты. Ғибратты жиын соңында ғалым туыстары мен ұрпақтары А.Нұрқатов рухына бағыштап ас берді. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.