• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Парламент 20 Желтоқсан, 2021

Сенат «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын Мәжіліске қайтарды

152 рет
көрсетілді

ҚР Парламенті Сенаты «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасына түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Уәкіл заң жобасында тәуелсіз және ешбір мемлекеттік орган мен лауазымды тұлғаларға есеп бермейтін жауапты мемлекеттік лауазымды иеленетін тұлға ретінде айқындалады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге оның қылмыстық жауаптылығына немесе әкімшілік жауапкершілігіне қол сұғылмаушылық мәртебесі беріледі және куәгерлік айғақтар беруден босатылады.

Омбудсменнің заңды қызметіне араласуға не кедергі келтіруге тыйым салынады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге келсек, оның қызметіне қатысты келесі өзіндік талаптар мен шектеулер көзделеді: саяси қызметпен айналысуға, мемлекеттік қызметте болуға, саяси партияларға қатысуға тыйым салу және тағы да басқа», деді жоғарғы палатаның жалпы отырысында Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров.

Оның атап өтуінше, омбудсменнің өкілеттіктері айтарлықтай кеңейеді.

«Уәкіл мынадай құқықтарға ие: Президентке, Парламент пен Үкіметке адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу және қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заң жобаларын әзірлеу, заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу; шақырылған жағдайда Парламент палаталарының, Үкіметтің, Конституциялық Кеңестің, мемлекеттік органдарда құрылған алқалық және басқа да органдардың, сондай-ақ мәслихаттардың отырыстарына қатысуға; адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізу не қылмыстық істі жүзеге асыру туралы өтінішхатпен мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға жүгінуге; мемлекеттік аппараттың шешімдерімен немесе әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) бұзылған шектелмеген адамдар тобының құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін талап арызбен (талап қоюмен) сотқа жүгінуге және басқалар. Мұндай шаралар сөзсіз Омбудсмен институтын нығайтады», деді Сенат төрағасының орынбасары.

Талқылау барысында Сенат депутаттары заң жобасына түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды.