Қазақстанды интеграциялық үрдістерге тарту тауарлар мен қызметтерді өткізу нарығын кеңейту және отандық өндірісті дамыту үшін алғышарттар жасайды, бұл алдымен отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерді ашады.
Атап айтар болсақ, Кеден одағы қуаты шамамен 170 млн. адам болатын бірыңғай нарықты құруға мүмкіндік берді. Бұл қазақстандық кәсіпорындар үшін нарық 10 есе кеңейгенін білдіреді. Алайда, отандық кәсіпкерлерді алаңдататын жайттар да бар. Себебі, қазақстандық кәсіпорындар үшін бәсекелестік жаңа деңгейге көшеді.
Қазақстанның шағын және орта бизнес субъектілерінің саны Ресеймен салыстырғанда 3 есе аз екенін де ескерген жөн, ал бұл ауқымы әртүрлі болғандықтан қазақстандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігіне жағымсыз әсерін тигізеді.
Статистика деректеріне сәйкес, бүгінгі күні Қазақстанда 1,5 млн. шағын және орта бизнес субъектілері, Ресей Федерациясында 4,6 млн, Беларусь Республикасында 403 мың субъект тіркелген. Бұл ретте, заңнамаға сәйкес Қазақстанның жеке кәсіпкерлік субъектілерінің градациясы Кеден одағына қатысушы елдерден айырмашылығы бар. Мысалы, Ресей мен Беларусь Республикасында шағын кәсіпкерлік субъектілері – 100-ге дейін, Қазақстанда 50 жұмысшыларға дейін еңбек етеді.
Отандық кәсіпкерлерді қолдау және бәсекелестік деңгейін дамыту мақсатында министрлік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруда. Осы бағдарламаның шеңберінде кәсіпкерлерге кредиттердің пайыздық ставкасын субсидиялау, кредиттерді кепілдендіру, өндірістік инфрақұрылымды құру, ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге гранттар ұсыну жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке қатысушы елдер заңнамасының үйлесімі бойынша жұмыстардың шеңберінде Ресей және Беларусь Республикасы тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілері қызметінің кейбір салаларында тексеру жүргізу тәртібін біріздендіруді немесе кейбір рұқсат беретін құжаттарды, оның ішінде лицензияларды берудің бірыңғай тәртібіне келтіруді ұсынып отыр. Аталған жұмыс Кеден одағы елдерінің заңнамасынан нормаларды тиісті алып тастауларды жүргізу арқылы іске асырылатын болады.
Сонымен қатар, БЭК елдерінің шеңберінде өнеркәсіптің нақты салалары бойынша, тау-кен металлургиясы, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі сияқты бірқатар іс-шаралар іске асырылып жатыр. Қазақстанның аумағында қуаты жылына 120 мың бірлік толық циклды автомобиль өндірісін құру бойынша «АвтоВАЗ» ААҚ және «Азия Авто» АҚ альянсының бірлескен жобасы оған мысал. Бұл кәсіпорынның болашақта Қазақстан, Ресей Федерациясының Қиыр Шығыс және Сібір федералдық округтері және Орталық Азия республикаларында үлкен өткізу нарығы бар және Қазақстанның ішінде салааралық кооперацияны дамыту үшін жағдай жасайды.
Теміржол машинасын жасау саласы бойынша Қазақстанда шетелдік, оның ішінде ресейлік компаниялардың қатысуымен технологиялық жағынан күрделі жобалар іске асырылып жатыр. Астана қаласында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың (Қазақстан), «Трансмашхолдинг» ЖАҚ (Ресей) және «Alstom Trasport» (Франция) қатысуымен жүк және жолаушы электровоздарын шығару зауыты бар. Бұдан басқа, БЭК елдерінің кооперациясы бойынша ең перспективалы бағыттардың бірі Қазақстан мен Ресейдің шекара маңы өңірлерінің әлеуетін пайдалану болып табылады. Ресейге ет-сүт, нан-тоқаш өнімін, астық, киім-кешек заттарын экспорттаудың әлеуетті мүмкіндіктері бар. Жалпы, Ресейдің шекара маңы өңірлерінің әлеуетті өткізу нарығы 26 млн. адамнан асады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Х Өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық кезінде 2013 жылғы ақпанда Қостанай облысының кәсіпкерлері Свердлов облысы, Екатеринбург қаласына барды. Іссапар шеңберінде Қостанай және Свердлов облыстары арасында инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері, оның ішінде тәжірибе, технологиялар алмасу, өңірлердің мамандануын ескере отырып, бірлескен өндірістер құру мәселелері қарастырылды. Нәтижесінде «АгромашХолдинг» Свердлов облысының кәсіпорындарымен одан әрі ынтымақтастық туралы келісімдер жасасты.
Қорытындылай келе, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде Ресей мен Беларусь Республикасымен өзара тиімді ықпалдасу тұғырнамасы біздің өңірлеріміздің бәсекеге қабілеттілігін жаңғырту және өсіру үшін капиталдың, жаңа технологиялардың, білім-ғылымның жетілуіне ықпал ететіндігін баса айтса болады.
Еркебұлан САПАРБЕКОВ,
Өңірлік даму министрлігі Экономикалық интеграция және
ынтымақтастық басқармасының басшысы.