Алдыңғы күні «Қазақстан» орталық концерт залында Елбасы Жолдауын халыққа түсіндіру және насихаттау жөніндегі республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің қала жұртшылығымен кездесуі болып өтті.
Астана қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен бұл бұқаралық шараға елорда тұрғындары көптеп жиналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер мен бағдарламалар осы кездесу барысында жан-жақты тілге тиек етілді. Жиналған жұрт алдында республикалық ақпараттық-насихаттық топ жетекшісі, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, топ мүшелері, Өңірлік даму министрлігінің құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі комитетінің төрағасы Владислав Галиев, Денсаулық сақтау министрлігі әкімшілік департаментінің директоры Әділ Жұмағалиев Мемлекет басшысының халыққа арнаған биылғы Жолдауы туралы кешенді әңгіме қозғап, еліміздің экономикасы мен әлеуметтік дамуының нақты мәселелеріне тоқталды.
Әсерлі кездесуден кейін республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері өтініш білдірген азаматтардың жеке қабылдауын ұйымдастырып, олардың өтініштері мен сұрақтарына жауап берді.
«Егемен-ақпарат».