Сингапурда Қазақстан Республикасының елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Сингапур Республикасының билеуші Халық қимылы партиясының (People’s Action Party) төрағасы, Ұлттық даму министрі Кхо Бун Ванмен (Khaw Boon Wan) кездесу өткізді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Е.Баударбек-Қожатаев партияның төрағасына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің партияаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету көзқарасы баяндалған хатын тапсырды.
Елші сұхбаттасын елді әлеуметтік-экономикалық жаңғырту барысымен таныстырып, осы орайда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Сингапурдың озық тәжірибесін пайдалануға аса мән беретінін атап өтті.
Кхо Бун Ван Қазақстан-Сингапур қатынастарының дамуына Елбасының ерекше назар аударып отырғанын жоғары бағалап, оның ішінде партияаралық өзара қатынасты нығайтудың маңыздылығына ден қойды.
Халық қимылы партиясы Сингапурдың 1965 жылы тәуелсіздік алғалы бері билеуші партиясы болып келеді және ішкі саяси сахнада басым күш болып қалып отыр.