Пандемияның пайдасы не десе, сөз жоқ цифрлану процесін жеделдеткенін айтар едік. Алдағы 5-10 жылдың күн тәртібінде тұрған онлайн форматқа ауысу жоспары айналасы бір жылда орындалды. Клиенттен айырылып қалмас үшін көптеген компаниялар түсінікті әрі тиімді IT өнімдерді нарыққа алып келді. Бәсекелестік тудырды. 2020-2021 жылдар нағыз қаржылық-техникалық төңкерісімен есте қалмақ. Таяуда ғана елімізде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық жобасына айналған «G-Global. XXI ғасыр әлемі» атты II халықаралық онлайн-конгресс өтті. Конгрестің «Қаржы секторының келешегі: цифрлы инновациялар және қаржылық экожүйелердің дамуы» атты сессиясы қаржы секторы мәселелеріне арналды.
Форумда ірі қаржы компанияларының топ-менеджерлері қаржылық технологиялардың дамуы, цифрлы ипотека, экожүйелер, цифрлы валютаның пайда болуын талқылады. Пандемия кезінде жұмыс бағытын індет тудырған талапқа орай бейімдеп, клиенттерге қашықтан қызмет көрсетуді үйлестіре білген компанияның бірі – «Отбасы банк». Форумға қатысқан аталған банктің Басқарма Төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, классикалық банк үлгісінен онлайн-сервиске дейінгі жол – цифрландыру баянына айналған ұлы кезең іспетті.
– Клиенттеріміз қызметтердің онлайн форматқа көшірілгенін қалайды. Біз пандемия талаптарына дайын болдық және алдын ала қашықтан оқыту қызметін енгізе бастадық. Оның аясында видео арқылы банктің барлық өнімдері бойынша курстар, диалогтық тренажерлер бар. Сондай-ақ бір күннің ішінде контакт орталықты қашықтан қызмет көрсету режіміне көшірдік. Видеобанкинг пилотты жобасы іске қосылып, Quanysh чат-боты жұмыс істей бастады. Ал карантин басталған мезетте командалық рухты көтеріп, ұжымды жұдырықтай жұмылдыру қажет болды. Пандемия уақытында алғаш болып клиенттердің ай сайынғы төлемін кейінге қалдыруды енгіздік. Видеобанкинг операторларының саны 8-ден 100-ге дейін көбейді. Видео-сервис арқылы жасалатын операция саны 1-ден 7-ге дейін артты, – дейді Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Банк пандемия кезінде алғаш болып интернет-банкинг арқылы несиені қайта құрылымдау мүмкіндігін берді. 2020 жылдың сәуірінде өтінімдер қабылдана бастап, ол өтінімдер смс арқылы расталды және ешқандай құжат талап етілмеді. Қысқа уақытта арнайы платформа әзірленіп, табысынан айырылған және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың онлайн режімде несие төлемін кейінге шегеру мүмкіндігі пайда болды. 125 мың адам интернет-банкинг қызметін пайдаланды, несие төлемін кейінге шегеруге 29 046 өтінім түсіп, оның 29 037-сі өңделген.
«Отбасы банк» – «Бәйтерек» холдингінің құрамына енетін толыққанды мемлекеттік банк және біз өз имиджіміз үшін жауаптымыз. Әлем өзгеріп жатыр және біз қазір әсіресе, ипотека бойынша жаңаша негіз қалыптастыруымыз керек. Нарықтағы ең ірі ойыншы болуымыз бізді осыған міндеттейді. Күн сайын 500-ге жуық несие береміз, 2 миллиондай клиентіміз бар. Банктің цифрлы эволюциясы біртіндеп жүзеге асты. Алдымен мамандар қолайлы ипотекалық өнімдер жасады, филиалдық және агенттік желі құрды» дейді Басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.
Басқарма басшысының айтуынша, банктің оқыту бағдарламасынан өтіп, көпшілікке депозит ашуға, алғашқы жарнаны тиімді жинауға көмектескен қарапайым қазақстандықтар агенттік желілердің консультанттарына айналған. Мұндай қаржы көмекшілеріне деген сұраныстың өскені сонша, 2013 жылы банкте 226 консультант болса, қазір олардың саны 1 649 адамға жетіпті. Олар тіпті шалғай ауылдар мен кәсіпорын ұжымдарына барып ақшаны сауатты жинаудың қыр-сырына баулыған. Қазір депозиттен кейінгі операциялардың 56 пайызы, депозит ашу процесінің 27 пайызы видеобанкинг арқылы жүзеге асырылады.
«Бүгінде олардың функциясы тек депозит ашумен шектелмейді. Ең тәжірибелі банк консультанттары несие өтінімдерін қабылдап, ол бойынша алдын ала мақұлдау шығара алатын да болды. Берілетін қаражаттың мөлшерін білгеннен кейін осы құжат арқылы қазақстандықтар 2 ай бойы баспана іздей алады. Қазір берілген займдардың 18 пайызы осы онлайн қызметтің еншісіне тиеді», деп дерек келтіреді Басқарма төрағасы.
Банктің IT-блогының сынаққа сақадай-сай болуы банкті қызметкер тапшылығынан құтқарып қалған. Өйткені індеттің «Отбасы банк» қызметкерлерін айналып өтеріне ешқандай кепілдік жоқ. Сондықтан дер уақытында қолға алынған видеобанкинг бүкіл ұжымға артылар міндетті ойдағыдай атқарып шыға алды және оның мүмкіндіктері қазір жетілдіріліп жатыр. Банк қызметкерлері үйде отырып-ақ клиенттерге қызмет көрсетуін жалғастыра берді. Осылайша қаржылық ұйым өзінің қызмет тізбегін бұзып алған жоқ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында зейнетақы қорындағы артық ақшаны пайдалану мүмкіндігін ұсынғаны белгілі. Бұл шара қазірдің өзінде көп адамның игілігіне жарап үлгерді. Осыған орай бағдарламаның бас операторы болу міндеті де «Отбасы банктің» мойнына жүктелді. Ауыр да маңызды міндетті ұжым ойдағыдай атқара алып жатыр деуге толық негіз бар. Осы жылы «Отбасы банк» біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану бойынша арнайы платформа (enpf-otbasy.kz) әзірледі. Банктің өңірлік даму және сатылым департаментінің директоры Рахиля Балтабаеваның айтуынша, осы платформаны жасау үшін аутсорсингке бір де бір тиын берілмеген. Платформа – банк IT-мамандарының еңбегі.
«Қазір 300 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы жинақтарын пайдаланды. Олардың 12 пайызы қаржысын емделуге жұмсаса, 88 пайызы зейнет қаржысын баспана мәселесін шешуге бағыттады. Яғни «Отбасы банкіне» ипотекалық займ бойынша үлкен клиент ағыны келіп қосылды. Бұл өнімге деген сұраныстың көптігі әсерінен Baspana Market бірегей сервисі іске қосылды. Мұнда сатушы мен сатып алушы кездесіп, өз процестерін бастай алады. Ол жерде тұрғын үйді таңдап, пәтер брондап, өз шоты туралы толық ақпар алады», дейді Рахиля Балтабаева.
Жалпы, қазір интернет-банкинг арқылы 25 операция онлайн форматта жүзеге асады екен. Оның ішінде депозит ашу, депозиттен кейінгі қызмет көрсету, аударымдар жасау, түрлі анықтамалар алу қызметтері бар.
Ләззат Ибрагимованың сөзіне қарағанда, келешекте банктің цифрлы қызмет көрсету жүйесі түбегейлі өзгеруі мүмкін. Себебі заманауи қажеттіліктер соны талап етеді.
– Үйде отырып ипотека рәсімдеу қазір де жүзеге асып жатыр. Елімізде цифрлы ипотеканы іске асырып жатқан бірнеше сервис те бар. 2022 жылы біз де бұл процесті толықтай аяқтаймыз. Осы жерде айта кетер нәрсе, цифрлы трансформация үшін жылдамдық өте маңызды. Меніңше, банктердің келешегі функциялардың бөлінуімен және моноөнімді банктердің өркендеуімен маңызды. Өйткені бір блок шағын және орта бизнеспен, келесісі корпоративті клиенттермен, үшінші бөлім жеке тұлғалармен жұмыс істейтін универсалды банкте аса үлкен жылдамдықтағы процестерді үлгеріп қамтамасыз ету мүмкін емес. Біз тұрғын үй жинағының жабық жүйесі болғандықтан тек тұрғын үй секторында жұмыс істейміз, қазір 2,5 миллиондай салымшымыз бар, тиісінше жұмыс процесін бұдан ары тереңдете түсіп, тұрғын үй саласына қатысты экожүйе аясын кеңейте түскіміз келеді, – дейді Л.Ибрагимова.
Егер 2021 жылдың қыркүйегіне дейін азамат ипотека рәсімдеу үшін банк бөлімшесіне 9 рет келсе, қыркүйектен бастап 1-2 рет бару ғана жеткілікті болды. 2022 жылы ипотека мәселесімен банк бөлімшесіне барудың мүлде қажеттілігі болмайды. Яғни консультация беру және өтінімді алдын ала мақұлдау; баспананы бағалау; QR хабарландыру алу; сатып алу-сату келісімін рәсімдеу; банкке тиісті құжаттарды ұсыну; келісімшартқа және займ беруге қол қою процестері түгел онлайнға көшіріледі. Қысқасы, бізді цифрлы дәуірдің теңдессіз жаңалықтары күтіп тұр. Оның барлығы банк қызметін сапалы етуге және клиент уақытын үнемдеуге бағытталған.