• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2014

Темір жону Майра Аманованың сүйікті кәсібіне айналды

491 рет
көрсетілді

Әдетте темір-терсектің айна­ласындағы кәсіптерді ер-аза­мат­тар ғана меңгереді деген түсі­нік бар. Алайда, жі­гіттерге ғана тән кәсіп қазақ қыздарының қолы­нан келмейді деп кім айта алар. Бұған нақты дәлел ре­тінде Май­ра Аманованың темір жонушы мамандығын меңгергені дәлел. Нәзік жан­ды замандасы­мыз «Жылы­ой­мұнайгаз» басқар­ма­сына қарасты өндірістік құрал­дарды жөндеу және пайдалану цехында 25 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келеді. – Мектепте оқып жүргені­мізде бізді өндірістік-оқу комбинатына апарушы еді, – деп еске алады Майра өзі таңдаған мамандыққа қы­зығушылығына шегініс жасап. – Сонда станок жанында тұр­ған ағаларымыздың қолынан шиыр­шықталып жерге түсіп жататын темір жаңқаларына таңдана қараушы едік. Бірақ келешекте дәл осы темір жону менің де сүйік­ті кәсібіме айналады деп ой­ла­мап­пын. Кенеттен әкем өмір­ден өтіп, жоғары оқу ор­нына баруға мүмкіндік бола қой­ма­ды. Бізді өмірге әкелген аяулы анаға қарайласу үшін мектепке жұ­мысқа орналастым. Кейін Аты­рау қа­ласындағы кәсіптік-техни­калық училищеден темір жонушы мамандығын меңгеріп шықтым... Бір қызығы, Майрадан бұрын осы кәсіпті інісі Берік меңгеріп алыпты. Бұл да Майраның темір жонушы болуына ықпал еткен секілді. Қазір екеуі де бір цехта жұмыс жасайды. Майрамен бірге осы цехта темір жонушылықты меңгерген және бір құрбысы бар. Ол – Айгүл Ермағанбетова. «Айгүл бұл цехқа менен үш жыл бұрын келген» деп Майра жұмыстас құрбысы туралы әңгімелегенді ұнататынын байқатып қалды. Айгүл құрбысы және өзге де әріптестерімен бірге күн сайын ертелетіп темірден түйін түю үшін цехқа асығады. Бастапқыда әсіресе, нәзік жандыларға бұл кәсіпті игеру оңай тимегені рас. Цехта ұзақ жыл жұмыс жасаған алдыңғы толқыннан көп үйренді. Қазір өзгелер секілді Майраның да тәжірибесі жетілді. – Бұл – тез машықтана қоя­тындай кәсіп емес, – дейді темір жонушы Майра Аманова. – Әлдебір темірдің бұрандасын шығару өте дәлдікті, сонымен бірге, жауапкершілікті қажет етеді. Жонатын тұстан сәл қиыс кетіп, болмашы ғана қателік жі­бер­сең, соның өзі жасаған жұмы­сыңды жоққа шығаратыны әрдайым есте тұруы керек. Оның үстіне ұжымның абыройын түсір­меген жөн. Сол себептен, күн сай­ынғы жұмысымда қателікке ұрын­бауға, ең бастысы, өзім еңбек ететін ұжымымның абыройын асқақтату ойымда тұрады. Өз ісін үнемі жауапкершілік­пен атқаратын Майра Аманова ұжымдағы ең абыройлы темір жонушының бірі. Станок жанында тапжылмай тұрып, күніне бірнеше бұрандалар мен біліктерді жону секілді тапсырыстарды сапалы орындауға дағдыланған. Оның нәзік болса да алтынға бергісіз саусақтарымен жасалған тапсырыстар сапасына еш сын айтылған емес. Сын айтылмақ түгілі күмән да келтірілмейді. Өйткені, Майра Аманова өз ісінің шебері атанды. – Бастапқыда менің бұл темір жонушы болғаныма таңғала қарағандар көп еді. Тіпті, бұл сенің кәсібің емес, сен нәзік жандысың ғой. Мұндай жұмысты ер-азаматтар атқаруы керек, деп мені райымнан қайтарғысы келетіндер табылды, – дейді ол тершіген маңдайын сұқ саусағының сыртымен сүртіп жіберіп. – Бірақ, әркім өзінің жүрегі қалаған ісімен айналысуы қажеттігін ұғындым. Көңілім осы кәсіпке бұрылды да тұрды. Станоктың дыбысынан маған қанат біткендей болады. Шүкір, өзім қалаған кәсіптен үлкен абыройға бөленіп жүрмін. Еңбегімнің жемісін де көріп келемін. Майраның станокта темір жонып тұрған сәтіне куә бол­ға­нымыз бар. Бір кездері өзінің бала көңілінде жатталып қал­ғандай, зырылдаған станок­та темір біліктерді жонып тұрған оның жанындағы жәшікте шиыр­шықталған темір жаңқалары түй­д­ек­теліп жатыр. Көздің жауын алардай әдемі дүниелерді әлсін-әлсін өлшейді. Әп-сәтте бір-бірінен аумай қалған темір біліктерді Майраның нәзік саусақ­тарымен жасалды дегенге сен­гің келмейді. Өзіміз куә бол­ған соң, темір жонушы Майра Амано­ваның да өз ісінің хас шебері атана бастағанына еріксіз иландық. Ол – тек шебер темір жонушы ғана емес, өзі еңбек ететін ұжымның намысын спорттық сайыстарда абыройлы қорғап жүрген шебер волейболшы. «Бесінші сыныптан бері спорттың осы түріне қызықтым. Волейболды әлі ойнап келемін» дейді спортты жанына серік еткен замандасымыз. Жеке дауыста әнді керемет шырқайды. Майра жеке дауыста ән шырқағанда, оны өзі­мен жұмыстас Айгүл мен өзге цехтағы қос құрбысы гитара­мен қостап тұрады. Сонымен бір­ге, өмірлік серігі Сиражан Мұхам­бединов екеуі төрт бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасының иелері. Балаларының үлкені – Жалғас Атыраудағы Мұнай және газ институтын бітірген жоғары білімді маман екен. Алайда, ұлы­ның жеке компанияда атқарған жұмысынан қысқарып қалып, жұмыссыз жүргені жанына ба­татынын ашып айтпаса да, аңға­рылып тұрғанын жасырғымыз келмеді. Адал еңбегімен абыройға бөленіп жүрген Майра да ана ғой, ал ананың бәрі балаларының жоғары білім алғанын, жұмысқа орналасқанын қаламайды дейсіз бе?!. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы, Жылыой ауданы.