• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2014

«Аристоннан» арылатын болдық

212 рет
көрсетілді

Қызылорда – Қазақстандағы құбырынан ыстық су ақпайтын бірден-бір облыс орталығы. Күлерсіз, ерік өзіңізде. Бірақ әңгіменің ақиқаты осындай. Сондықтан, қала тұрғындары үйіне суды ысытып, оның температурасын сақтап тұратын «Аристон» дейтін затты пайдаланады. Мұндай дүние әрбір үйде бар. Ақмешітте саудасы жүріп тұрған осы «Аристон» енді аз сатылатын шығар. Себебі, қалаға ыстық су келе бастады. Былтыр аймаққа әкім болып тағайындалған кезінде Қырымбек Көшербаев қалада ыстық судың жоқтығына қайран қалып, алдағы екі жылда ағайынның аталған мұқтаждықтан құтылатынын айтқан. Біреу сенді, біреу сенбеді. Себебі, халық бұған дейін мұндай уәдені естіген. Бірақ соңғы 30 жылда құбырларынан ыстық су аққан жоқ.  Десек те, Қырымбек Елеуұлы сөзінде тұрды. Бүгінде қаланы толықтай ыстық сумен қамту үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр. Оған арнайы 45 миллион теңге бөлінген. Ал қанатқақты жоба ретінде Қорқыт ата көшесінде 40 пәтерлі екі үй ыстық суға қосылды. – 25 миллион теңге қаржыға біз екі үйге жылдам жылу алмастырғыш қондырғысын орнаттық. Осы арқылы көпқа­батты үйді ыстық сумен қамтимыз. Бұл жерге арнайы құрылғы орнатылған. Өздеріңіз білесіздер, қысым аз болған уақыттары жоғары қабатқа су көтерілмей қалады. Енді мұндай проблема болмайды. Әзірге судың 1 кубы 250 теңге шамасында болады деп есептеп отырмыз,– дейді Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Шәменов. Бұл үлкен жұмыстың басы. Алдағы уақытта жоғарғы қабаттарға су жетпей қалу, ыстық судың келмеуі деген сияқты проблемалардан құтылатын сияқтымыз. Облыс орталығында 584 көп қабатты тұрғын үй бар. Енді екі жылда осы тұрғын үйдің бәрі ыстық сумен қамтылмақ. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.