• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2014

Жайсаң еді ау, жарықтық!

708 рет
көрсетілді

Өтежан аға қарапайым жан еді. Төңірегіне әрдайым жымия қарап, күлімдей көз тастайтын. Оның жайдары өңінен ешқашан асып-сасудың, асқақтап тасудың, шытырлаған шытырман ашудың, қорқыныш пен үрейдің сесін сезбейтінсіз. Әрдайым сабыр сақтап, не де болса ақырын күтетін. Бұрқ-сарқ қайнап жататын қайбірінің де түбі бір сабасына түсетінін жақсы білетін. Осы бір тұңғиық төзім оны өмірдің талай талқысына салып көрді. Талайынан аман-есен алып та қалды. Әлі есімде. Бір жолы академик Салық Зиманов телефон соқты: «Онжылдықты бітірген соң Форт-Шевченкоға барып бір-екі жылдай бала оқыттым. Жігіттер соны ескеріп, көне мектепті жөндеп, маған атын беріпті. Соны бірге барып көрсек қайтеді», – деді. Бардық. Қайтарда Ақтауда үлкен қабылдау жасалды. Манадан бері тырп етпей, жайбарақат тыңдап отырған академик күлімдеп қараған ақсары кісінің аты аталғанда орнынан ұшып тұрды. Қарсы барып құшақтап амандасты. Олар сол жерде он сегіз жастарында Форт-Шевченкода танысыпты. Екеуі де өлең жазған екен. Аудандық газетте бірге басылып тұрған екен. Бүгінде – біреуі әйгілі ғалым. Екіншісі елге елеулі азамат, белгілі қоғам қайраткері. Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқы мың жарым адаммен бірге екеуі де әскери комиссариатқа шақыртылыпты. Сәкең майданға алынып, Бакуден саяси курсқа жіберіліпті. Өтекең денсаулығы жарамай алыс өлкеге жұмсалыпты. Олай болатын себебі де бар еді. Маңғыстаудың бала-шағасына дейін түгел білетін Тоқсанбай, Даң, Сам, Артықбай, Айтуған, Құлыш, Қожық билердің тікелей ұрпағы Алшымбайдың сүт кенжесі Өтежан, тумай жатып тағдырдың талай өткелінен өтіп үлгерген еді. Бай-кулактың баласы атанды. Қудаланды. Мал бақты. Қой түнетті. Айдалада бүрісіп ұйықтап жатқан жетім баланы шайтан екен деп қолына темір күрек алып тамағынан орғалы жатқанда жандәрмен қырылдап, айқай салып аман қалады. Жазғытұрым жараған бура қуып, төсінің астына енді ала бергенде біреулер көріп қалып, әзер құтқарып алады. Ең аяғы 1942 жылы наурызда Форттағы әскери комиссариат қайта шақырады. Жаяулатып жүріп кетеді, қалың боранда адасады. Бір уақытта аяғының астына қараса ұшпа құздың басында тұр екен. Енді болмағанда шыңнан ұшып кете жаздапты. Бұл жолы ол еңбек батальонына алынады. Түрікменстан, Өзбекстан қалаларын басып өтіп, Талдықорғанда жүріп жатқан Түрксіб құрылысына жетеді. Екі жылдай істеген соң Ташкентке оқуға жіберіледі. Жалалабад, Ош төңірегінде жүріп безгекке ұшырайды. 1945 жылы елге оралады. Партия-кеңес қызметінде істейді. 1947 жылы Алматының жоғары партия мектебіне жіберіледі. Майданнан қайтқан Халық Қаһарманы Хиуаз Доспановамен бірге оқиды. Соның құрметіне сәбиінің бірінің есімін Хиуаз қояды. Достыққа адал, жолдастыққа берік, халыққа қызмет етуде қалт баспаған Өтежан 1949 жылы партия мектебін үздік бітіреді. Туған жерге оралады. Шевченко, Маңғыстау, Мақат, Жаңаөзенде үгіт-насихат, ұйымдастыру бөлімінің басшысы, аудандық кеңес төрағасының орынбасары, аудандық партия комитетінің үшінші, екінші хатшысы болып істейді. Бұл, әрине, қайда да үздік оқыған, үлкен эрудит, өнер, білім, руханият десе ішкен асын жерге қоятын Өтекең үшін онша үлкен қызмет емес еді. Алайда, өтімді сөз, жағымды мінез, биік парасат өте-мөте қажет жерлердің бәріне де көп көңілінен шыға білетін білікті қызметкер Өтежан Алшымбаев үзбей жұмсалып отырады. Қоғамдық қызметтен қол үзбейді. Тәуелсіздік жылдарында өмірінің соңына дейін 30 жыл бойына Жаңаөзен қаласының ардагерлер ұйымын басқарады. Маңғыстау топырағын басқандардың оны білмейтіндері жоқ. Өтекең таңды таңға ұрып, Сеңгірбайдың Мұрынынан, Балтабастың Түменінен, Жаңғабылдың Сәттіғұлынан хисса-жыр, Өскенбайдың Мұратынан, Ибраимнің Шамығұлынан күй, Медет Еңсептен, Тоқабай Алқажаннан, Шоңай Алшын мен Нұрнияздан, Абыз Бәшеннен әңгіме, шежіре тыңдап өскен құйма құлақ. Оның аспай-саспай, төкпей-шашпай айтатын сабырлы әңгімесі боз інгеннің бүлкіліндей, балбырап тартқан майса күйлеріне тәнті болмаған бірде-біреу жоқ. Бәрі де Өтекең десе айрықша ізет білдіретін. Жастайынан Маңғыстауға барған Дәрібай Хангереев, Төлесін Әлиев, Жалау Мыңбаев, Ораз Исаев, Ахмет Мәнетовтер мойнына алқызыл галстук байлаған елгезек шәкірт Өтежан Алшымбаев, бертін келе Сәбит Мұқанов, Серке Қожамқұлов, Шара Жиенқұлова, Роза Бағланова, Әбдіхамит Сембаев, Мәжікен Бутин, Тәрібай Шәукенбаев, Әбу Сәрсенбаев, Жұбан Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов, Роза Жаманова, Ғафу Қайырбеков, Шәмші Қалдаяқов, Төлеген Айбергенов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Кенжеғали Сағадиев, Естөре Оразақов, Ғұбайдолла Айдаров, Шайқы Еркеғұлов, Рахмет Өтесінов, Ибулла Сариев, Саламат Шалабаев, Қабиболла Сыдиқов, Әмин Тұяқовтармен дос, сыйлас болып, парасат пайымымен таң­ғал­дырды. Кейінгі кезде халқының ардақ­ты ұлы Бәйкен Әшімовпен бас құда болға­нын масаттана айтып отыратын. Алтайлық Оралханның, түркістандық Темірханның, атыраулық Дүйсенбек пен Табылдының, маңғыстаулық Есенғали, Сабыр, Светқали, Сайын, Әнуарлардың бәрін бірдей көріп, сырттай сүйсініп бағалайтын. Ұлтымыздың көсегесін көгертетін де осындай көңіл ғой. Ел деп емешегі құрып, өнер деп өзегін үзген Өтежан ағамыз да о дүниелік болып кеткелі жылжып жыл өтті. Шетпеден Хиуаға шығатын ұлы жолдың бойындағы Қамысбайдағы құдай қосқан қосағы Ағи қызы Ақзердің қасына барды. Бұл ежелгі қорымдағылардың бұрынғылары Өтекеңнің бабаларын, кейбіреулері өзін жақсы білді. Ақзер апай да айтулы жердің қызы еді. «Күйкеннен бергі Мұрыннан, екі жүз жәуміт ұрынған. Ерегіскен жау еді, есесі кетіп бұрыннан» деп басталатын халық жырын көп адам біледі. Сонда айтылатын «Байбоз, Жанбоз екі ауыл» деп келетін түрікмендер аламанына тап болатын екі бай ауыл оның төркіндері еді. Сол қырғында талауға ұшырайтын Сегізбай, Сарболаттардың ауылы оның төркіні болса, менің нағашым еді. Тура нағашым Сарболат Көктем би әлгі оқиғадан кейін Баймағанбеттің орнындағы сұлтан правительдің орынбасары болып істейтін Абыз Тілегенге барады. Алаша дейтін рудың арасында Арқада отырған кезі екен. Он екі қанат үй көтеріп, той жасап жатыр екен. Есіктің алдына келіп ыңғайсызданып тұрған Көктемді көріп, орнынан тұрып тұра ұмтылыпты «Ау, аға, қайдан жүрсіз?!» деп омырауын ашып, бауырына басыпты. Екі ауылдың шабылғанынан хабардар Тілеген мейманын қақ төрге отырғызады. «Аяғым шаң еді» деп тартыншақтаған екен, «Қан болмаса болды ғой» деп құшақтап апарып төсекке отырғызыпты. «Жақсы көрген қонағыңның шаруасын алдымен сұра деген, бұл жаққа не бұйымтайыңыз болып келіп едіңіз?», депті. «Шырағым, жаңадан баспана көтерейін деп қиятын тал қарап келемін», депті Көктем. «Е, ендеше, менің мынау жаңа үйім ағамның жаңа баспанасы болуға жарар ма екен?», деп күліпті Тілеген. Сонда сөзден мүдірген Көктем: «Апырай, ханға жарағанда, маған жарамай не болыпты, игілікке тіккен үйің үй-ақ екен» депті. «Ендеше, үй сенікі» деп Тілеген орнынан тұрып, төсін тосыпты. Сол-ақ екен, қайран нағашым: «Ағайын алдыма малын салып, үйіңді түзеймін десе, Елек пен Қобданың шыбығын шарпып, талын күзеймін деп маған не көрініпті?», деп орнынан көтеріліп төс қағысыпты. Сол айтқандай, бірін-бірі көргенде егіз туғандай амандасатын елденбіз ғой. Елім деп еміренген Өтежан ағаның да дүниеден озғанына жыл толып қалыпты. Ағайын-тума, құда-жекжат, нағашы-күйеу болып жамыраса жолығып ол жақта да мәре-сәре болып жатқан шығар, жарықтықтар. Тие берсін! Желеп-жебеп жатсын! Топырақтары торқа болсын! Әбіш КЕКІЛБАЕВ.