Екінші орта салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы Сауль «Канело» Альварес кәсіпқой боксқа қатысы жоқ адамдардың шаршы алаңға шығуына қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кәсіпқой боксшы блогер Джейк Пол мен бұрынғы аралас жекпе-жек шебері Тайрон Вудли арасындағы шайқастан кейін мұндай «қойылымдарға» қарсы екенін ашық айтты.
«Олар шаршы алаңда өмірімен қоштасуы мүмкін. Бұл футбол емес! Бокс – өте қауіпті спорт түрі. Бұлар боксшының лицензиясын қалай ғана алып жүр? Олар бұрын-соңды шаршы алаңға шығып көрмеген ғой. Уақыты келгенде мұндай тәуекелге барғандардың бірі шаршы алаңда өледі. Сол кезде оларға лицензия берген атлетикалық комиссияның жауап беруіне тура келеді.
Көрінгеннің шаршы алаңға шығуы – спортшыларға, нағыз боксшыларға деген құрметтің жоқтығы. Қажет болса әлгіндей блогерлердің кез келгенін өзіммен жаттығу залында жұпта тұрып жұдырықтасуға шақырамын. Менің не туралы айтқанымды олар бәлкім сол кезде түсінетін шығар», деді боксшы ашуға булығып.