Цифрландыру үрдісіне бұрын жете мән бермей жүрген болсақ, пандемия кезінде оның қадірін жақсы ұғынғандай болдық. Әсіресе, банк қызметін пайдалану кезінде онлайн форматтың аса тиімді екені байқалды. Бірақ бірді-екілі қаржы ұйымынан өзгесі әлі толыққанды цифрландыруға дайын емес.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев соңғы бес жылда елдегі қолма-қол ақшасыз төлем көлемі 26 есе өсті деген дерек келтіреді. Ал төлемді интернет және мобилді қосымшалар арқылы жасау 22 пайыздан 83 пайызға бір-ақ көтерілген. Ұлттық банк «Қаржылық және төлем технологияларын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасы Бинур Жаленовтің айтуынша, 2016 жылдан бері POS-терминал арқылы төлем жасау 63-тен 17 пайызға азайыпты.
Соңғы кездері Ұлттық банк «цифрлы теңге» түсінігі туралы жиі айтып жүр. Бұл да заманына сай жасалатын қадам. Әлемнің 63 орталық банкінің цифрлы валюталарды енгізу мәселесін қарастыра бастауы да тегін емес сияқты.
– Біз төлем сервистерінің қолжетімділігін арттыру және экономикадағы транзакциялардың құнын төмендету үшін жобаның айтарлықтай әлеуетін көріп отырмыз. Цифрлы теңге платформасы түбегейлі жаңа сервистерді құру үшін де мүмкіндіктер ашады, – дейді Е.Досаев. – Цифрландыру реттеуші мен қаржылық қызметті тұтынушы арасындағы өзара іс-әрекетті де жақсартады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) пилоттық режімде «Кепілдік берілген өтемді төлеудің электрондық порталын» іске қосты. Бүгінгі таңда ТМД-да мұндай онлайн төлем жүйесінің баламасы әлі жоқ. Қазір Ұлттық банк бизнес-процестерді цифрландыру шеңберінде активтерді басқару тиімділігін арттыру және қаржылық тәуекелдерді бақылау жөніндегі міндеттерді кешенді түрде шешу үшін активтер мен тәуекелдерді басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Инвестицияларды басқару бойынша тиімді шешімнің пайда болуы инвестициялық шешімдердің қабылдануын жеделдетіп, операциялық тәуекелдерді төмендетуге әсер етеді. Нәтижесінде, алтын-валюта резервтерін, Ұлттық қорды және БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерін басқару кезінде тиімділік артатын болады.
Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова ірі банктердің қаржылық экожүйені дамытуы қаржылық инклюзияны көбейтетінін, сонымен бірге бәсекелестікті шектеуге және ақпараттық қауіпсіздікке қауіп төндіруге байланысты жаңа тәуекелдер жасайтынын атап өтті.
Қаржы секторының кибершабуылдарға төтеп беру қауқары туралы да сөз болды. Мейлі былтырғы, мейлі биылғы әр алуан зерттеулерді қарар болсақ, біздің банктердің киберқалқаны аса мықты емес екеніне көз жеткізер едік. Онда миллиондаған азаматтың деректері мен триллиондаған қаржы бар екенін ескерсек, цифрландыру шарапаты бірінші кезекте осы киберқауіпсіздікке тиюі керек.
«Жыл басынан бері қаржы нарығындағы ақпараттық қауіпсіздік салалық орталығы жұмыс істейді. Содан бері банк, сақтандыру ұйымдары, несие бюросы, микроқаржы ұйымдары мен бағалы қағаз нарығының қатысушыларына қойылатын талаптар қарастырылды. Орталық ақпараттық қауіпсіздікке төнетін қатер, қаржы ұйымдары инфрақұрылымының осал тұстары, сондай-ақ қаржы нарығындағы ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары туралы ақпаратты жинауды, бағалауды және талдауды жүзеге асырады. Тиісті ескертпелер АСОИ «QAINAR» атты автоматты жүйе арқылы тиісті нысандарға жіберіледі. Биыл 11 қарашадағы жағдай бойынша жүйеге тіркелген екінші деңгейлі банктерде 33 111 ақпараттық қауіпсіздік оқиғасы тіркелген және өңделген. Оның 25 321-і – кибер шабуылдар, 4 045-і – әдеттен тыс белсенділік фактілері, 3 223-і – тексеруді қажет ететін ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары және 34-і – жұмыс барысындағы іркіліс немесе бас тарту дерегі» дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі киберқауіпсіздік басқармасының басшысы Роман Перминов.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова цифрлы теңгені дамыту, банктік емес төлем жүйелерін және ашық банкингті дамытуды ынталандыру жөніндегі бастамалар қаржы нарығын дамытуға айтарлықтай ықпал етуде дейді.
«Бұл бастамалар бір жағынан қаржы нарығының цифрлы инфрақұрылымын дамытуға ықпал етсе, екінші жағынан, мемлекеттің бәсекелес жеке қаржы нарығына қатысуын ұлғайту тәуекелін туғызады. Сондықтан да жаңа инфрақұрылым өлшемдерін теңшеуде мемлекеттік органдар мен жеке сектор арасында үнемі диалог болуы қажет. Цифрлы технологиялар банк пен микроқаржы секторына ғана әсер етіп қоймайды. Қор нарығы мен сақтандыру қызметтері де белсенді түрде дамып келеді. Бөлшек инвесторлар санының айтарлықтай өсуі көбіне технологиялардың және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың клиенттермен өзара байланыс жасау арналарының дамуымен байланысты» дейді маман.