Батыс Қазақстан облысында боранға байланысты тағы бір республикалық жол жабылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, 26 желтоқсан күні сағат 11.10-нан бастап республикалық маңызы бар Подстепный-Федоров-РФ шекарасы жолында (0-144 км) барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды. Жабылу себебі - қатты боран.
Қазіргі кезде облыс бойынша республикалық маңызы бар Орал-Тасқала-РФ шекарасы, Самара-Шымкент (Орал қаласынан Ресей шекарасына дейін), сондай-ақ облыстық Тасқала-Аққурай-Болашақ-РФ шекарасы, Үлкен Шаған-Переметный жолдары жабық.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, облыс бойынша жолда қалған автокөліктерден бірнеше адам құтқарылды.
Орал қаласының өзінде боран соғып тұр.