Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры банк салымшыларының заңды мүдделерін қорғап қана қоймайды, сонымен қатар оларға ыңғайлы жағдай жасауға күш салады. Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі мен Қордың қызметін дамыту және биылғы жылдың қорытындысы туралы аталған қаржы ұйымының төрағасы Әділ Өтембаевпен болған сұхбаттан оқып білесіздер.
– Әділ Нұрланұлы, әлемді шарлаған пандемия дерті өмірдің барлық саласына әсер еткені белгілі. Осы ретте депозит нарығында қандай жағдай қалыптасқандығын білгіміз келеді...
– 2021 жыл COVID-19 пандемиясына қарамастан, жеке салымшылардың депозиттерінің нарығы оң сипатта қалыптасты. Қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктердегі депозиттерінің көлемі өсуде. Бұл үрдіс 2020 жылдан бері жалғасып келеді. 2021 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша жеке тұлғалар салымдарының жиынтық көлемі 12,9 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бергі өсім 1,9 трлн теңгені (+17,7%) құрады.
Жеке тұлғалардың екінші деңгейлі банктердегі депозиттерінің жалпы құрылымы айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Әдеттегідей салымдар негізінен бұқаралық сегментте (қоса санағанда 15 млн теңгеге дейін) шоғырланған – 50%-дан жоғары. Қалғандары сәйкесінше орташа (қалдықтары 15 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін) және ірі (қалдықтары 50 млн теңгеден жоғары) сегмент аралығында шамамен 1/3 үйлесімінде орналасты.
– Долларлану деңгейі қаншалықты төмендеді?
– Жеке салымшылар депозиттері сегментінде долларлану деңгейі 2021 жылдың барысында айтарлықтай төмендеді деуге болады. Осыы жылдың басында бұл көрсеткіш 38,7%-ды, ал 2021 жылдың желтоқсан айының басында 36,4%-ды құрады. Долларланудың төмендеуі 2021 жылы ұлттық валюта бағамының шартты түрде тұрақтылығы барысында теңгелік депозиттер бойынша тартымды жағдайлар аясында орын алды.
Еске сала кетейін, Қор ай сайын жеке тұлғалардың теңгелік депозиттері бойынша максималды сыйақы мөлшерлемелерін бекітеді. Олар Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін және депозит нарығында қалыптасқан орташа мөлшерлемелерді ескере отырып қалыптасады. Бұл ретте теңгелік депозиттер бойынша максималды мөлшерлемелер бір жыл ішінде (мерзімсіз депозиттер бойынша) 9,0%-дан (жинақ салымдар бойынша) 14,0%-ға дейін өзгерді. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлеме 1% деңгейінде сақталды.
– Қазіргі уақытта қандай салымдар сұранысқа ие?
– 2021 жылы халық арасында теңгедегі мерзімсіз салымдар ерекше сұранысқа ие болды. Осы жылдың 1 желтоқсанына қарай олардың барлық жеке салымшылардың депозиттеріне қатысты үлесі 51,8%-ды, ал көлемі – 4,2 трлн теңгені құрады. Мұның басты себебі – салымшылар үшін мерзімсіз салымдарды кез келген уақытта толықтыруға және олардан мерзімінен бұрын ақша алуға болатындығында. Басқа депозиттерге қарағанда, бұл салымдардың табыстылығы төмен, бірақ соған қарамастан адамдар ақшаларын осындай ұтқыр да икемді салымдарда сақтағанды жөн санайды. Сондай-ақ жинақ салымдардың көлемі де арта түсуде. Бұл сегментте халық арасында ұлттық валютадағы депозиттер танымал. Әсіресе тұрғындар үстінен ақша салуға болмайтын, мерзімі 1 жылдық жинақ салымдарға басымдық береді. Өйткені олардың табыстылығы едәуір жоғары (жылына 13,9%-ға дейін).
– Қазіргі кезде егер қандай да бір банк лицензиясынан айырылатын болса, оның салымшылары өтем ақшаларына қанша уақыт ішінде қол жеткізеді?
– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кепілдік берілген өтем төлеудің басталу мерзімі қысқартылды. Содан бері төлемге қабілетсіз банк салымшыларының кепілдік берілген өтемді қалай алатындығы осы банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 35 жұмыс күні ішінде шешіледі. Бұрын бұл бірнеше айға созылатын.
Алдымен банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде оның уақытша әкімшілігі банк активтерінің барлығы немесе бір бөлігін және міндеттемелерінің барлығы немесе бір бөлігін сатып алушы-банкке бір мезгілде өткізу шарасын қолға алады. Бұл шара Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (Агенттік) мақұлдауымен жүзеге асырылады. Бұл ретте банктің кепілдік берілген депозиттері бойынша міндеттемелері сатып алушы-банкке толық көлемде өткізіледі. Әрі қарай салымшылар өздеріне тиесілі ақшаны сатып алушы- банктен қолма-қол ақшамен алу, басқа банкке аудару немесе осы банкте жаңа депозитке салу құқығына ие болады.
Егер сатып алушы банк табылмаса немесе Агенттік мұндай операцияны жүргізуден бас тартса, Қор салымшылар алдындағы міндеттемелерді өз жауапкершілігіне алады.
Банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде Қор төлемдердің басталу күні, агент банктің тағайындалғандығы, оның мекенжайы мен төлем мерзімі туралы БАҚ-та, оның ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және өзінің, сондай-ақ Агенттік пен агент банктің сайттарында қазақ және орыс тілдерінде ақпарат жариялайды.
Өтем төлеу хабарландыру жарияланған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде басталады. Ақша салымшылардың өтініш беруіне қарай төленеді. Өтем алу құқығы расталған соң, оған тиесілі өтем ақша 5 (бес) жұмыс күні ішінде төленеді. Салымшылар өтем ақшаны қолма-қол ақшамен алуға, басқа банкке аударуға немесе сол агент банкте жаңа депозитке салуға құқылы.
– Салымшыларға өтем төлеу мерзімі болашақта тағы да қысқаруы мүмкін бе?
– Әрине. Қазірдің өзінде салымшыларға өтем төлеу мерзімін елеулі түрде қысқартуға қол жеткізілді. Мысалы, биыл 25 маусымда лицензиясынан айырылған «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына агент банк арқылы өтем төлеу – банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 6 (алты) жұмыс күні өте салысымен басталды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бұған дейін «Tengri Bank» АҚ және «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ салымшыларына өтем төлеу 8 жұмыс күнінен кейін басталды.
– Кепілдік берілген өтемді алудың нақты мерзімі бар ма?
– Бар. Өтініш қабылдау мерзімі – кепілдік берілген өтемді төлеу басталған күннен бастап 1 (бір) жылды құрайды. Бұл ретте лицензиясынан айырылып, тарату үдерісіне енгізілген банктердің салымшылары үшін төлем мерзімі соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 1 мамырына дейін болса, олардың ішінде «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары бойынша өтем төлеу мерзімі соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 3 шілдесіне дейін.
– Ал бір жыл ішінде талап етілмеген өтемнің тағдыры не болады?
– Егер осы мерзім ішінде салымшылар өздеріне тиесілі ақшаларын алып үлгермесе, талап етілмеген өтем сомаларын Қор олардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударады. Мұндай шоттарды ашу үшін БЖЗҚ-ға барудың қажеті жоқ. Олар автоматты түрде ашылады.
Өтем төлеу мерзімі аяқталуға 30 жұмыс күні қалғанда Қор салымшыларға өтем төлеу аяқталатын күн және 1 жыл бойы талап етілмеген өтем сомаларын БЖЗҚ-ға аударатыны туралы БАҚ және өз сайты арқылы ақпарат жариялайды. Бұдан басқа салымшылар заңнамаға қайшы келмейтін өзге де ақпарат беру әдістерімен құлағдар етіледі.
– Зейнетақы қорына аударылған өтем ақшаларды қалай алуға болады?
– Бір жыл ішінде дәлелді себептермен (әскери қызметке орналасу, депозитордың шетелде, бас бостандығынан айыру орындарында болуы, мұра қабылдауы және т.б.) төлем алуға өтініш бере алмаған салымшылар үшін Қорға өтініш пен растаушы құжаттарды ұсына отырып, өтем алу құқығы сақталады. Дәлелді себептердің тізімі «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейлі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» заңында белгіленген.
– Қазіргі таңда лицензиясынан айырылған қандай банктердің салымшыларына Қор атынан және есебінен өтем ақша төленуде?
– Қор қазіргі уақытта барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған екінші деңгейлі 9 банктің салымшыларына өтем төлеуді жалғастыруда. Олар: «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ және «Capital Bank Kazakhstan» АҚ.
2021 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қордың арнайы резерві есебінен 150 мыңнан астам жеке салымшыға 113,7 млрд-тан астам теңгеге өтем төленді.
– Қызметтерді қашықтан (онлайн) алу әрбір қазақстандық үшін қалыпты жағдайға және нормаға айналды. Осы ретте Қор өтем төлеуді автоматтандыру бойынша қандай шараларды жүзеге асырып жатыр?
– 2021 жылы Ұлттық банк пен Қордың бірлескен бастамасы арқылы лицензиясынан айырылған банктердің салымшылары кепілдік берілген өтемді алуға өтінішті үйден шықпай-ақ онлайн беруге қол жеткізді.
Депозиторларға қашықтан қызмет көрсету мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін Қор 2021 жылы сынамалы режімде Төлемдердің электронды порталын іске қосты. Ол қазір барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған банктердің салымшыларына қолжетімді.
Қазіргі уақытта жақын шетел аумақтарында Төлемдердің электронды порталының баламасы жоқ. Мұндай сервис Оңтүстік Корея, Финляндия және Тайвань елдерінде жүзеге асырылған. Ал Канада мен Германияда оны енгізу жұмыстары әлі жүріп жатыр.
Кепілдік берілген өтемді алуға өтінішті тек шоттардың, карточкалар мен депозиттердің иелері ғана онлайн бере алады. Бұл ретте дәстүрлі банктік қызмет көрсету тәсілін қалайтын, сондай-ақ салымшылар атынан өтініш бере алатын үшінші тұлғалар (мұрагерлер, сенімхат бойынша өкілдер және басқа да құқық иеленушілер) үшін агент банк арқылы кепілдік берілген өтем төлеу тәртібі сақталады.
– Биыл қыркүйек айында Қор банктердің қаржылық ахуалын бағалаудың жаңа моделін іске қосты. Осы туралы айтып өтсеңіз?
– Қатысушы банктердің қаржылық жағдайын бағалаудың жаңа моделі Қорға банктердің атқаратын қызметтерінің ағымдағы тәуекелдерін бағалауға, сондай-ақ банктің қаржылық жағдайына әсер етуі мүмкін әлеуетті қауіп-қатерлерді ескеруге мүмкіндік береді. Одан басқа, жаңа модельде тәуекелге бағдарланған тәсіл жүзеге асырылған. Ол банк қызметінің негізгі бағыттарына сапалы мониторинг жасауға жол ашады. Соның нәтижесінде, қатысушы банктерге арналған жарналардың мөлшерлемесін әділ есептеуге қол жеткізіледі.
Айта кетелік, Қордың болашақ кепілдік берілген өтем сомаларын төлеуге арналған арнайы резерві банктердің осы жарналары есебінен қалыптасады.
– Кепілдік берілген өтем Қордың арнайы резерві есебінен төленетіндігі белгілі. Қазір оның көлемі қандай?
– 2021 жылдың 1 желтоқсанына қарай Қордың арнайы резервінде 682 млрд-қа жуық теңге, ал Жарғылық капитал мөлшерінің 70%-ын қоса есептегенде (заң бойынша өтем төлеуге қолданылуы мүмкін), 847 млрд-тан астам теңге бар.
Арнайы резервтің деңгейі еліміз бойынша кепілдік берілген бүкіл депозиттер сомасының шамамен 7%-ын құрайды. Бұл «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» заңында көрсетілген мақсатты деңгейден (5%) жоғары.
Халықаралық стандарттарға сәйкес депозиттерді қорғау жүйесінің резервтері бүкіл қаржы жүйесіндегі депозиттік базаны өтеуге емес, алдағы күтілетін залалдардың деңгейіне сәйкес қалыптастырылады.
Қордың арнайы резерві жеке тұлғалардың барлық депозиттері бойынша кепілдік берілген өтем төлеуге толығымен жеткілікті. Қазіргі уақытта Қор еліміздегі бүкіл банк секторының депозиттік базасындағы шоттардың 99,8%-ына толық көлемде кепілдік береді. Бұл халықтың банк жүйесіне деген сенімін одан әрі нығайта түседі. Яғни «Салым сізден, сақтандыру бізден!».
– Биыл Қор салымшылар арасында онлайн сауалдама жүргізгені белгілі. Қандай маңызды сұрақтарға жауап алынды?
– Иә, күздің алғашқы айының 1-30 жұлдызы аралығында 14 банктің сайттарында барлық ниет білдірушілерге онлайн сауалдамаға қатысуға мүмкіндік берілді. Биыл сауалдамаға еліміздің 128 қаласы және басқа да елді мекендерден барлығы 2 773 адам қатысты. Қатысушылардың жас деңгейі 16 жастан 79 жас аралығында болды.
Қазақстандықтар ақша жинау үшін депозит ашу барысында нені басшылыққа алатындығы, сондай-ақ депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы хабардарлық деңгейін анықтау аясында жауап берушілердің 92%-ы депозит ашатындықтарын білдірді. Оның ішінде 19%-ы сыйақысы жоғары, мерзімінен бұрын алуға болмайтын жинақ салымдарды ашқанды қаласа, 73%-ы сыйақысы төмен, бірақ кез келген уақытта үстінен ақша салуға және ақша алуға болатын депозит ашуды жөн санайды. Ал 6%-ы артық ақшаға валюта сатып алатын болса, 2%-ы ақша жинамайды немесе оларды карточкаларында қалдырады.
Қазақстандықтардың 22%-ы депозит түрін таңдағанда жоғары сыйақы мөлшерлемесіне көп көңіл бөледі екен. Бұл ретте олардың 63%-ы үшін басты талап – депозитті толықтыруға және одан керек кезінде ақша алуға болатындығы. Расында да қазір мерзімсіз салымдардың саны басымдыққа ие. Олардың үлесі жеке тұлғалардың жиынтық депозиттерінің 62%-ын құрайды.
Жалпы, сауалдама нәтижесі жауап берушілердің депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы хабардарлығының жоғары деңгейде екендігін паш етті: 70%-ы депозиттерге кепілдік берілген максималды сомалар туралы, оның ішінде жинақ салымдар бойынша кепілдік сомасының жоғары екендігін, 76%-ы өтем ақшаны Қор төлейтіндігін, 68%-ы өтемнің теңгемен төленетіндігін, ал 63%-ы заң – барша қазақстандықтарға банктердегі жинақ ақшаларына қатысты қорғау құқығын беретінін жақсы біледі.
– Әңгімеңіз үшін рахмет.