ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Мәжілістің қарауында жатқан Семей полигоны туралы заң жобасына түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
2015 жылы Энергетика министрлігі Семей полигонының жерлерін Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға тыйым салған болатын. Биыл өңірдің көптеген аудандарында ауа мен судың жағдайы адамдарға қауіп төндірмейтіні хабарланды. Осы арада ведомство басшысы полигон жерлерін пайдалануға рұқсат беру жөнінде түсініктеме берді.
Министрдің айтуынша, аталған мәселені реттейтін заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр.
«Қазір Мәжілісте министрлік әзірлеген жаңа заң жобасы талқылануда. Бұл Семей полигоны бойынша мәселелерді реттейтін заң жобасы болады. Біз тиісті талдау жүргіздік. Оның мәліметінше, Семей полигонының жалпы ауданы 18 мың шаршы шақырымды құрайды. Олардың жартысы ауыл шаруашылығының пайдасына берілуі мүмкін учаскелер. Яғни, осы заң жобасы Мәжіліс пен Сенатқа өткеннен кейін аталған учаскелер пайдалануға беріледі деп үміттенеміз», деді Энергетика министрі.