2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы бүгінгі күнге дейін 18 874 азаматты қабылдады. Соның ішінде 11 234-адам жұмысқа орналастырылды, оның 7 027-сі тұрақты жұмыс, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елордада еңбек нарығын реттеуге бағытталған жұмыспен қамтудың белсенді шаралары арқылы, яғни қоғамдық жұмыстарға - 2 848, жастар практикасына -914, әлеуметтік жұмыс орындарына - 185 адам жұмысқа қабылданды. Бас қалада инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыратын «2020-2021 ж.ж. арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 260 адам жұмысқа тұрды.
Ал өткен 2020 жылы Жұмыспен қамту орталығы 29 709 азаматты қабылдады. Оның 19 291-і жұмысқа орналасты, 8 161 адам тұрақты жұмысқа тұрды. Еске сала кетейік, өткен жылы пандемия кезінде көптеген жұмыс орындары жабылып, жұмыссыздар қатары көбейген болатын.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес, Нұр-Сұлтанда азаматтарды лайықты еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету, тұрақты жұмыс орындарын ұйымдастыру, еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес кадрлар даярлау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
2017 - 2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы мен жобасының жүйелі жүргізілуінің арқасында елімізде жұмыспен қамту аясының кеңейгені байқалады. Бірі жұмысқа тұрса, енді бірі жаңа кәсіп үйреніп, жеке бизнесін ашып жатыр.
Халықты жұмыспен қамту орталығы еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықты меңгергісі келетін жұмыссыз азаматтар үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды жүргізеді. Биыл -213 адам қысқамерзімді кәсіптік оқуларға жіберіліп, қайта даярлау курстарынан өтті.
Арнайы курстар аспаз, кондитер, тігінші, шаштараз, кассир-бақылаушы, наубайшы, тәрбиеші-көмекшісі, SММ маман бойынша ұйымдастырылды. Осылайша жұмыссыз азаматтар сұранысқа ие мандықтар бойынша жаңа кәсіп үйренді.
2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 590 бизнес идея мақұлданып, 585 грант төленді. Оның ішінде 217 грантты 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер алды. Грант жеңіп алғандар қатарында халықтың әлеуметтік осал топ өкілдері де бар. Мәселен, 74 көпбалалы отбасы мүшесі, мүмкіндігі шектеулі 12 адам және атаулы әлеуметтік көмек алатын 31 азамат грантқа ие болды.
Елордадағы Халықты жұмыспен қамту орталығы барлық санаттағы азаматтарға жұмысқа тұруға жәрдемдеседі. Жыл басынан бері 661 мүгедектігі бар азамат осы орталықтың көмегіне жүгінді. Оның 649-ы жұмысқа орналасса, 305-і тұрақты жұмысқа тұрды. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша-2, «Жастар тәжірибесімен»-14, «Әлеуметтік жұмыс орындарында»- 19, «Қоғамдық жұмыстарда»-285, грант алған 12 адам, кәсіптік оқу бітірген – 8 және «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 4 адам жұмыс істейді.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту орталығы жұмыспен қамту аясын кеңейту мақсатында жұмыс берушілермен тығыз байланыста жұмыс істейді.
Елордадағы Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеушілер үшін жұмыспен қамту аясын кеңейту мақсатында жұмыс берушілермен өзара байланыс орнатып, еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарын күнделікті жаңартып, әлеуметтік желілерде (@czn.astana, fb) жариялап отырады. Сондай-ақ, ақпараттық серіктесі - «Аstana FM» радиосының тікелей эфирінде «Жұмыс бар», «Есть работа» айдарлары арқылы хабарланады.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары Жұмыспен қамту орталығының қызметін қашықтан пайдалана алады. Ол үшін «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталына (www.enbek.kz) тіркеліп, бос жұмыс орындарын таңдауы қажет немесе жұмысынан айырылған жағдаийда әлеуметтік төлемдер тағайындау қызметтерін пайдалана алады.