БҮКІЛ ҚАЗАҚТЫҢ МҮДДЕСІН ОЙЛАҒАН
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауларында мемлекетіміздің алдағы уақыттағы дамуының негізгі бағыт-бағдарлары жан-жақты айқындалып, жедел түрде жүзеге асырылатын мақсат-міндеттер, іс-шаралар нақты белгіленеді. Сонымен бірге, бұл міндет-мақсаттардың қандай жолмен қолға алынып, кімдердің атқаратыны да тайға таңба басқандай анық көрсетіледі. Қазақ елінің бүгінгідей жоғары қарқынмен өсіп-өркендеуіне, бүкіл әлем танып, мойындаған тәуелсіз елге айналуына Елбасының осы жолдауларының ықпал-әсері айрықша зор болғандығы даусыз.Елбасының биылғы жылдың басында жарияланған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы да осы жақсы дәстүрдің жаңа бірі көрінісі, заңды жалғасы. Осыған орай, бұл Жолдаудың өзіндік ерекшеліктерін де атап айта кеткен жөн. Баршаға мәлім, Елбасының өткен жылы жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясында Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосу міндеті алға қойылған болатын. Содан бергі бір жыл ішінде Қазақстанда Елбасының осы Стратегиясында белгіленген мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға байланысты айтарлықтай көп іс тындырылды. Ал биылғы Жолдау осы «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруды одан әрі жеделдету мен көздеген мақсатқа барынша тездетіп жетудің жолдары мен мүмкіндіктерін жан-жақты қамтып, нақтылауға арналған.
Бұл ретте, қазіргі заманда қоғам дамуы бұрын-соңды байқалмаған зор қарқынмен, ерекше жылдамдықпен алға басып бара жатқанын айта кету керек. Яғни, өткен бір жылда бүкіләлемдік қоғамдастықтың саяси және экономикалық тыныс-тіршілігінде толып жатқан өзгерістер болды, жер жүзінің үлкенді-кішілі мемлекеттерінде көптеген жаңалықтар орын алды. Бұл өзгерістер мен жаңалықтар Қазақстанның да әлеуметтік-экономикалық жағдайына белгілі бір дәрежеде өз ықпалын тигізгені анық. Әлемнің ең беделді мемлекет басшыларының бірі ретінде Н.Назарбаев осы өзгерістер мен жаңалықтарды үнемі жіті қадағалап, олардың нәтижелерін ой таразысына салып, талдап, бағалап отыр. «Қазақстан-2050» Стратегиясынан Елбасының асқан қайраткерлігі, елдің бүгіні мен ертеңгі өсіп-өркендеуін бүкіл әлемнің даму бағытына дер кезінде бейімдей білетін көшбасшылық ерекшілігі айқын аңғарылады. Соған орай, Қазақстан Президенті биылғы Жолдауында да бұдан бұрын жарық көрген стратегиясында белгіленген міндеттерді жүзеге асырудың негізгі бағыт-бағдарын жан-жақты талдап, терең нақтылап, соның нәтижесінде бүгінгі заман талабы мен уақыт ағымына байланысты ең бірінші кезекте қолға алынуға тиіс мәселелерді айқын көрсетіп берген. Бұл орайда Елбасының Мәңгілік Ел болуды көздейтін ұзақ мерзімді стратегияны жүзеге асыру жөнінде нақты бағдарлама ұсынғанын ерекше атап айта кеткен жөн. Яғни, Жолдауда елімізді ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосудың бүкіл мүмкіндіктері мен алғышарттары жан-жақты қамтылған. Мәңгілік Ел идеясы қазақ халқының сан ғасырлар бойы аңсаған арманы екендігі баршаға мәлім. Ата-бабаларымыздың осы асыл арманы еліміз тәуелсіздік алып, мемлекет тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев ұстағаннан кейін түпкілікті және жан-жақты жүзеге аса бастады. Осы кезеңде Қазақстан Республикасының құқықтық тұрғыдан ресімделген және әлемдік қоғамдастық бірауыздан мойындаған мемлекеттік шекараға қол жеткізген еді. Бүгінгі күні тарихи шындыққа айналған Мәңгілік Ел идеясының шекара біржолата анықталып, белгіленген дәл осы кезеңінен бастау алатыны даусыз. Яғни, осы күннен бастап еліміз Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асыруға нық қадам басты. Және осы жылдарда Қазақстан өмірдің барлық саласында бүкіл әлем мойындаған айтулы табыстарға қол жеткізді. Елбасының Жолдауына шетелдегі қазақ диаспорасы да айрықша қызығушылық танытып отыр. Өйткені, шетелдегі қазақтар – қай елде тұрса да қазақ ұлтының құрамдас бір бөлігі. Соған орай, қазақ халқының бүгіні мен болашағына байланысты қолға алынған кез келген іс-шара жер жүзіндегі бүкіл ағайынға ортақ. Сондықтан да олар Қазақстанның атақ-абыройының асқақтап, экономикасының дами беруіне тілектес. Оның үстіне, шетелдегі қазақтар Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті ғана емес, жер жүзіндегі бүкіл қазақтың басшысы ретінде қадір тұтады, Елбасы қолға алған әрбір бастамаға өздері де үлес қосуды армандайды. Демек, Елбасының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі игілікті істерден Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы да шет қалмайды. Өйткені, Қауымдастықтың Төрағасы – Елбасы. Соған орай, Елбасының қазақ халқының болашағына қатысты қолға алған іс-шараларына Қауымдастық өз үлесін қосуға тиіс. Бұл ретте, Қауымдастық шетелдердегі қазақ диаспорасы мен Қазақстанның арасын байланыстыратын «алтын көпір» міндетін атқарады. Бүгінгі таңда Қазақстаннан сырт жерлерде 5 миллионнан астам қазақ диаспорасы тұратынын айта кеткен жөн. Бұл – бір мемлекеттің тұрғындарына пара-пар болатындай адам. Ана тіліміздің, ұлттық болмысымыздың қайта жаңғыруына да шетелден келген оралман ағайындардың қосқан үлесі өте мол. Демографиялық жағдайымыздың жақсарып, халқымыз санының өсуіне де оралман ағайындар ерекше ықпал етті. Алдағы уақытта шетел қазақтарының Қазақстанның өсіп-өркендеуіне үлес қосуын бұдан да жақсартып, жаңа деңгейге көтеру керек. Бұған қазір үлкен мүмкіндік туып отыр. Бұл мүмкіндік Елбасының биылғы Жолдауынан туындайды. Осыған орай, Жолдауды жүзеге асыруға шетелдік қазақтарды да кеңінен қатыстыру нақты қолға алынуы қажет. Шетел қазақтары Жолдауды жүзеге асыруға Қазақстанға біржолата қоныс аударып, оралман ретінде, атамекенде біржолата тұрақтап қалу арқылы қатыса алады. Сондай-ақ, олардың Қазақстанға уақытша келіп, тұрақты тіркеліп, Ықтияр хат алып, түрлі салада жұмыс істеп, не оқу оқып жүріп те еліміздің өсіп-өркендеуіне атсалысуға мүмкіндіктері бар. Қазақ диаспорасы өкілдерінің шетелдерде тұрып та, Қазақстанмен мәдени-рухани, оқу-білім саласында байланыс жасау жолымен де бүкіл қазақ халқының біртұтас ұлт ретінде өсіп-өркендеуіне үлес қосуына болады. Бұл ретте, шетелдік қазақтардың Қазақстанға тұрақты қоныс аударуының, яғни көші-қон мәселесінің маңызы айрықша. Жасыратыны жоқ, қазір оралмандар көші біраз бәсеңдеді. Бірақ оны қайта жандандырып, тұрақты жүргізуге толық мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда көші-қон мәселесімен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктері айналысады. Бұл Қазақстан Президентінің 2013 жылғы 16 қаңтардағы №466 қаулысында атап көрсетілген. Сондай-ақ, көші-қон және оралмандар мәселесіне Сыртқы істер, Білім және ғылым министрліктерінің де, жергілікті әкімдіктердің де тікелей қатысы бар. Міне, осы министрліктер мен әкімдіктер этностық көші-қон жұмыстарын белгілі бір бағыт-бағдарламамен бірлесе отырып ұйымдастыра білсе, шетел қазақтарын Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асыруға жан-жақты қатыстыруға нақты мүмкіндіктер туар еді. Елбасының Жолдауын жүзеге асыруға шетелдік қазақтарды барынша нәтижелі қатыстыру үшін олармен тұрақты байланыс жасап, атажұрттың жақсы жаңалықтары мен маңызды бастамаларын дер кезінде жеткізіп, таныстырып отыру қажет. Бұл жұмыстарды қазір, негізінен, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы атқарып келеді. Мысалы, Қауымдастық жыл сайын Елбасының Жолдауын түрік, моңғол және басқа да тілдерге аударып, шетелдегі қазақтарға дер кезінде насихаттап, жеткізіп отырады. Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де түрлі конференциялар, дөңгелек үстел жиындары мен өзге де мәдени шаралар ұйымдастырады. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын тауып, шетелдердегі қазақтарға ұғынықты болу үшін Елбасының Жолдауының кириллицадан бөлек, латын және төте жазумен шығарылған нұсқалары жеке кітапша болып басылып, таратылатын болады. Қауымдастықтың мұндай іс-шараларына Мәдениет министрлігі мен Байланыс және ақпарат агенттігі және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры үнемі қолдау көрсетіп келеді. Мұндай іс-шаралар мен түрлі басқосуларда шетелдердегі қазақ диаспорасының өзекті мәселелерін бір жүйеге түсіріп, зерделеуге айрықша көңіл бөлінеді. Және ол іс-шаралардың нәтижелері Қауымдастықтың «Алтын бесік» журналы мен «Туған тіл» альманағында, басқа да республикалық басылымдарда үнемі жарияланып тұрады. Шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанға әкеліп дайындық бөлімдерінде оқыту мен жоғары оқу орындарына қабылдау жөнінде де айтарлықтай жақсы істер жүзеге асуда. Мысалы, жоғары оқу орындарына арналған мемлекеттік гранттың 2 пайызы шетелдердегі ұлты қазақ жастарға беріліп келеді. Қауымдастықтың жанында шетел қазақтарының кешегі тарихы мен бүгінгі жағдайын зерттеумен айналысатын арнайы Талдау орталығы бар. Бұл Орталық шетелдердегі қазақтар тығыз орналасқан өңірлерге үнемі арнайы экспедициялар ұйымдастырып тұрады. Талдау орталығы соңғы уақытта қазақ диаспорасы мәселелеріне арналған түрлі ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізуді де жақсы дәстүрге айналдырды. Шетелдегі ағайындармен байланыс жасауда Қауымдастықтың жанындағы www.qazaq-aIemi.kz веб-сайты да ойдағыдай жұмыс істеуде. Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, Елбасының биылғы Жолдауы – жер жүзіндегі бүкіл қазаққа тікелей қатысы бар маңызды құжат. Соған орай, Жолдауды жүзеге асыруға алыс-жақындағы ағайындар белсене атсалысатын болады. Талғат МАМАШЕВ, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары. АЛМАТЫ.АРМАНЫМЫЗ ДА, ТІЛЕГІМІЗ ДЕ БІР
Ресейдегі 1 миллионға жуық қазақтың жүрегі де Қазақстан деп соғады. Олардың арманы да, тілегі де қазақстандықтармен бірдей. Сондықтан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дамыған 30 елдің қатарына кіруге бағытталған 2050 жылға дейінгі Қазақстанның Даму стратегиясының жоспарын айқындаған биылғы Жолдауын біз де үлкен қуанышпен қабылдадық. Онда Елбасы қазақтың ұлттық идеясы туралы көптен бері жұртшылық арасында қызу талқыланып келе жатқан пікірсайысқа нүкте қойды. «Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек», деген Нұрсұлтан Әбішұлының сөзі әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген 5 миллион қазақтың бәрінің де көңілінен шықты деп ойлаймын. Осы арада көңілде жүрген мына бір жағдайды айта кетсем деймін. Әлі күнге дейін Қазақстандағы баспасөз құралдарынан да, Үкіметтің лауазымды тұлғаларының сөйлеген сөздерінен де Ресейдегі қазақ диаспорасы дегенді жиі естиміз. Жалпы, шетелдегі қазақтар негізінен тағдыр тауқыметімен бір кездері атажұрттан еріксіз жат жерге кетуге мәжбүр болғандар дейтін болсақ, Ресей қазақтарының жағдайы олардан өзгешелеу. Өйткені, олар диаспора емес. Ата-бабаларының сонау ерте замандардан бері кір жуып, кіндік қаны тамған туған жерінде тұрып келе жатыр. Сондықтан да олар шекара бөлісі кезінде сырт жақта қалып қойса да әлі күнге дейін Қазақстанға қоныс аударуға аса құлшынып жатқан жоқ. Бұл – «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп санайтын және туған жерді ерекше қастерлейтін қазақтың қанына сіңген асыл қасиетінің бір көрінісі. Оны саудаға салу ешбір қисынға келмейді. Біз қазір Ресей деп аталатын елдің азаматы болғанымызбен, қазақтықтан қор болып жүрген жоқпыз. Қайта арқамызда Қазақстан деген тәуелсіз мемлекеттің барын мақтан тұтамыз, Қазақты Мәңгілік Елге бастайтын, ең мәртебелі жол болып отырған «Қазақстан-2050» Стратегиясының жүзеге асуына біз де өз үлесімізді қоса аламыз. Ел мен елдің арасындағы сауда-саттық пен барыс-келіс қатынаста Ресей қазақтарының рөлін ешкім ешқашан жоққа шығара алмайды. Мәселен, Омбы облысындағы тұңғыш ұлттық мәдени орталық саналатын «Мөлдір» қазақ мәдени орталығының 25 жылдық мерейтойы аясында Омбыда 12 ақпанда «Мәдениет ғарыш сияқты. Киіз үй – көшпенділер ғарышы» деп аталатын көрме ашты. Маусым айына дейін оны ұлты мен дініне қарамастан, өңірдегі барлық білім беру мекемелерінің оқушылары келіп тамашаламақ. Бұдан бөлек, 12-13 ақпан күндері Ресейдің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Амангелді Шәкеновтің «Туып-өскен кеңістік» деген тақырыптағы жеке көрмесі, тоғызқұмалақ турнирін, «Мөлдір саз» деп аталатын концерт қойдық. Енді мамыр айында «Еуразиялық кеңістіктегі қазақтар: тарихы, мәдениеті және әлеуметтік-мәдени үдерістері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізгелі отырмыз. Ал маусымда Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығына орай дәстүрлі «Той думан» мәдениет және спорт мерекесі өтпек. Мұндай шараларды Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясына қарасты ұйымдар қазақтар тұратын барлық жерде ұйымдастыратын болады. Алтынай ЖҮНІСОВА, Омбы қаласындағы «Мөлдір» қазақ мәдени орталығының Сібір аймақтық орталығы кеңесінің төрайымы. Ресей Федерациясы.ОРТАҚ МАҚСАТҚА ЖҰМЫЛДЫРАДЫ
Қазақстан Президенті, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын шетелдердегі қазақтар да қазір өз ортасында қызу талқылауда. Солардың қатарында Түркиядағы қандастар да бар. Жалпы, Елбасының биылғы Жолдауы Түркияның 50-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көріп, кейбір басылымдар, тіпті, оған бір емес, бірнеше нөмірін арнады. Соның арқасында туысқан түрік халқы да Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму жоспарымен кеңінен танысуға мүмкіндік алды. Біздің пікірімізше, елдік мұратты көздейтін Жолдау ең алдымен ұлт пен ұлысты ортақ мүддеге жұмылдырады. Екінші, қазақ халқы мен Қазақстанның әлемнің озық елдері қатарынан орын алуының жолдарын қарастырады. Басқа сөзбен айтқанда, Президенттің көздегені Қазақстан мен қазақтардың брендке айналуы. Өйткені, Жолдаудың мазмұнына көз жүгіртер болсақ, онда нанотехнологиялар жайлы айтылған. Медицина ғылымының дамуы, экономика, ауыл шаруашылығы салаларының сапасын озық технологиямен көтеру және ең маңыздысы, туризм саласында Қазақстан қауіпсіз елге және адамдар үшін жайлы орынға айналсын деген идеялар ортаға салынып жатыр. Нәтижесінде Қазақстанның басты нысанасы – әлемдегі озық 30 елдің қатарына кіру. Мұның барлығы, қорытындылап айтқанда, қазақ халқының брендке айналуы деп білемін. Елбасының «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды» дегеніндей, Түркия қазақтары ұлттың ұлы құндылығы саналатын ана тілімізді ұлттың ұйытқысына айналдыруды толық қолдайды. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жыл сайынғы жолдауларды да бірнеше тілге аударып, оны кітап етіп шығарып, таратып келеді. Түркиядағы жас жеткіншектер өз ана тілін білмейді десек, артық айтқандық емес. Солар үшін түрік тіліндегі нұсқасы өте қажет. Әрі қарай да насихат жұмыстары жүргізіле бермек. Әбдуақап ҚАРА, Түркияның Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы. ЫСТАМБҰЛ.ҚАЗАҚСТАННЫҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАН
«Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуміз керек. «Қазақстан-2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол», деген Елбасының сөзінен өз басым үлкен әсер алдым. Өйткені, Қазақстанның тәуелсіздігі мен дамуының баянды болуы, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуы шетелдерде тұратын қазақтар үшін де өте маңызды. Шетелдердегі қазақтар мұны әр уақыт қолдап-қуаттайды. Жолдауда атап өтілгендей, «Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болған» ана тіліміздің де көркейе беретіндігіне, мәртебесінің өсе беретіндігіне толық сенеміз. Осы орайда, қазақ тілінің қолданылу аясының жыл өткен сайын кеңеюі, қазақ тілін үйренген басқа ұлт өкілдері санының өсіп келе жатуы, мемлекеттік тілдің дамуына арнайы қаржы бөлінуі сияқты қадамдар қуантады. Ендігі мәселе қазақ азаматтарының тәуелсіздіктің негізгі тірегі – мемлекеттік тілдің мәртебесін одан әрі көтеріп, қастерлеп, қолданылу аясын кеңейтуге мейлінше күш салып, көңіл бөлулеріне қатысты болып отыр. Бұл туралы Жолдауда Елбасы мемлекеттік тілді « ...даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», деп тамаша баяндаған. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналатынын, ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ал Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел екенін жүрекке жеткізген. Бұл әлемдік қоғамдастық пен ондағы күллі жұртшылық тарапынан оң бағасын алуда. Оны біз күнде көзбен көріп, құлақпен естіп жүргендіктен, қазақтығымызды көңілімізге демеу қылып, мерейіміз тасып, әрдайым қуаныштан жүрегіміз жарылардай бір марқайып қаламыз. Енді алдағы шілде айында Берлинде өтетін Еуропа қазақтарының құрылтайында Мәңгілік Ел болуды мақсат тұтқан Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясының іс-жоспарына біздің де атсалысатын тұстарымыз жан-жақты сөз болатын болады. Әсіресе, әлемнің озық 30 елінің қатарына кіруге ұмтылған Қазақстан үшін Еуропадағы жетекші мемлекеттерде тұрып жатқан және онда түрлі салада қызмет етіп жүрген қазақтардың қосар үлесі аз болмасы күмәнсіз. Абдулкайым КЕСИЖИ, саясаттану ғылымдарының докторы, Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы. МЮНХЕН.