АҚШ Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін 18 шенеунікке виза алуға өтініш бергенін растады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекеттік департаменттің мәліметінше, АҚШ америкалық спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және консулдық, дипломатиялық қызмет көрсету үшін Қытайға шенеуніктерін жібереді. Департамент бұл қадам Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарына ресми немесе дипломатиялық өкілдік жіберу болып саналмайтынын айтты.
«Біз спортшыларымыздың, жаттықтырушыларымыздың, нұсқаушыларымыздың және қызметкерлеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, консулдық және дипломатиялық қауіпсіздік қызметтерін ұсынуға ниеттіміз. Бірақ бұл ресми дипломатиялық өкілдік емес», деді баспасөз хатшысы.
Дереккөздер АҚШ-тан баратын қызметкерлердің көпшілігі Мемлекеттік департаменттің орта және төменгі деңгейдегі шенеуніктері екенін және олардан кейін тағы 40 адамға өтініштер түсуі мүмкін екенін айтты.
Баспасөз хатшысының айтуынша, Вашингтон бойкот туралы пікірін өзгерткен жоқ.
«Осы айдың басында жариялаған ұстанымымыз өзгеріссіз қалады, Шыңжаңда жалғасып жатқан геноцид пен адамзатқа қарсы қылмыстарды және ҚХР-да басқа да адам құқықтары бұзылғанын ескере отырып, дипломатиялық немесе ресми өкілдік Олимпиада ойындарына қатыспайды», делінген хабарламада.