• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2010

ЕГЕР СОҒЫС БОЛМАҒАНДА...

638 рет
көрсетілді

Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналып Дариға Назарбаеваның “Егер соғыс болмағанда” атты қайырымдылық концерті өтті. Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті қоры, Алматы қаласының әкімдігі, “Дегдар” қайырымдылық қорының қолдауымен іске асырылған қайырымдылық концертін тамашалаған соғыс және тыл ардагерлері оқ пен от бораған майдан даласында оларды Ұлы Жеңіске жігерлендіріп, күш-қуат берген асқақ рухты әндерді сүйсіне тыңдады. Дариға Назарбаеваның орындауындағы атақты “Журавли”, “Синий платочек”, “Были два друга”, “Да­вай закурим” және тағы да басқа әндер өз тыңдаушы­ларына ерекше бір қуаныш сыйлағандығын атап айтқан жөн. Сонымен қатар, “Желсіз түнде жарық ай”, “Ал­қоңыр”, “Илигай” сияқты сұлу сазды әндер әншінің табиғи ерекше дарынын айғақтай түскендігі сөзсіз. Шындығында да құдіретті де шынайы өнер жүректен шықса ғана жүрекке жететіндігін дәлелдеп жатудың қажеті де жоқ шығар. Ломоносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университетінде оқып жүрген сонау сту­дент­тік кездерден бері Дариғаның әнге деген бейімділігі айқын аңғарылып, уақыт өте келе оған деген құш­тарлығы да арта түсті. Ұзақ ізденіс пен қабілет өз нәтижесін беруде. Әсіресе, ұстазы Надия Шариповадан вокал бойынша алған сабақтарының орны мүлдем бөлек. Париж және Мәскеуде де әнші көрермендердің ыстық ықыласы мен құрметіне бөленді. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, “Егер соғыс болмағанда” қайырымдылық концертінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тимур Орманшаев (фортепьяно), Абай атындағы опера және балет театрының әншілері, халықаралық конкурстардың лауреаттары Андрей Трегубенко (баритон), Медет Шотбаев (тенор) та қатысып, өнер көрсетті. Қасиетті Отан, туған жердің азаттығы, жас ұрпақтың бақытты болашағы және бейбіт аспан үшін отқа түскен майдангерлерге деген құрмет пен тағзым жалғаса бермек. Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.