Қарағанды облысындағы «Абай» шахтасында қараша айының 7-сі күні болған қайғылы оқиға қазақ елінің қабырғасына қатты батты. Сол күні жеті қат жер астындағы көмір мен газ атындысының салдарынан алты кенші көз жұмып, екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілген болатын.
Ал сол кезде шахтада барлығы 64 адам жұмыс істеп жүрген екен. Құтқарушылар дер кезінде шұғыл әрі батыл түрде әрекет етпегенде, адам шығыны бұдан да көп болар ма еді?.. 56 кенші аман-есен жер бетіне шығарылды.
Апат салдарын жою, кінәлілерді анықтау және төтенше оқиғадан кейінгі кеншілердің талабын орындау сияқты кезек күттірмейтін қат-қабат шаруа кезінде Қарағанды облысы басшылығының Үкіметпен, атап айтқанда, Төтенше жағдайлар министрлігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегенін айта кеткен жөн.
Төтенше оқиғадан кейін іле-шала Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрамына ІІМ, ТЖМ, еңбекті қорғау, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау органдарының, сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының өкілдері енген үкіметтік комиссия құрылып, жұмысқа кірісті.
Жалпы, кеншілер «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығы алдына ұзын саны 12 талап қойды. Міне, осы мәселелерді оң шешу мақсатында жергілікті атқарушы билік алпауыт кәсіпорынмен күрделі келіссөздер жүргізіп, соның нәтижесінде таразының басын кеншілердің пайдасына бұрып берді. Нақтырақ айтқанда, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жыл сайын 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейінің 100% көлемінде еңбекақыны индекстеуді жүзеге асырады. Кәсіпорын өндірістік-экономикалық көрсеткіштер жоспарының орындалуына қарамастан, жылдың соңғы айында 13-ші еңбекақы төлеуге міндеттелді. Ал ең бастысы, желтоқсан айында кеншілердің еңбекақысы 15-17 пайызға көтерілді. Сондай-ақ кеншілерді таситын жұмыс автобустары толығымен жаңасына ауыстырылады. Кәсіпорында 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін жұмысқа орналасқан қызметкерлердің демалыс күндері аз екен, алдағы уақытта оның саны көбейтіледі. Сондай-ақ ұзақ уақыт ауырған адамдардың еңбекке жарамсыздық парақшасындағы төлемдер 50 АЕК-ке дейін артады.
Бұдан бөлек, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ алдағы бес жыл ішінде кәсіпорынға 3 млрд доллар көлемінде инвестиция салады. Бұл қаражаттың 35 пайызы шахталардағы жағдайды кешенді түрде жақсартуға бағытталады. Бұдан бөлек компанияның кәсіпорынға биылғы құятын инвестиция көлемі 140 млрд теңгені құрамақ. Оның 35%-ы кеншілердің мәселесін шешуге арналады.
Ал қаза тапқан кеншілердің отбасына 10 жылдық еңбекақы төленетін болып шешілді. Сонымен қатар заңға сәйкес бөлінуі тиіс басқа да өтемақылар қарастырылған. Компанияның қаза тапқан кеншілерді жерлеу рәсімдеріне кететін шығындарды да өз мойнына алғанын айта кеткен жөн.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аталған келісім комиссиясының жұмысын тікелей өзінің бақылауына алып, жіті назарда ұстады. Табанды һәм тегеурінді түрде жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде кеншілердің орынды талаптары оңынан шешіліп, арты насырға шауып кете жаздаған жағдай қалыпты арнаға түсті. Қазіргі уақытта «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты шахталардың бәрінде техникалық аудит жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Кеншілердің басты талабына сай, шахталардағы құрал-жабдықтардың жай-күйі, шахталардың болашағы, оларға салынатын инвестиция бойынша жүргізілетін аудит жұмыстары екі айдың ішінде аяқталып, оның қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылдануы тиіс», деген болатын ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Таяуда «Абай» шахтасындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бір топ қызметкерлері марапатталды. Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының 15 тау-кен құтқарушысы мен шахтаның екі қызметкеріне сый-құрмет көрсетілді.
Қазақта «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Бірақ та қай-қай жерде болсын қауіпсіздікті сақтау мақсатында алдын ала қам-қарекет жасалмаса, апат дегеніңіз құдайдың құтты күні болуы әбден мүмкін. Осындайда келер жылы, жалпы, келешектегі тірлігімізде оқыс жағдайларға апаратын төтенше оқиғалар енді болмаса екен деген ғазиз тілек тіл ұшына оралады.
Қарағанды облысы