Қазақстан өлім жазасына заң жүзінде тыйым салған 150 елдің қатарына қосылды. Енді еліміздегі ең қатал жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру болып қалды. Яғни Қылмыстық кодекстегі ең ауыр жаза – 47-бап – «Өлім жазасы» толығымен алынып тасталды. Осылайша, еліміз өлім жазасын толығымен жоюға бағытталған халықаралық қозғалысты қолдайтынын заң жүзінде дәлелдеді.
Кезең-кезеңмен
жүргізілген келелі іс
Шынтуайтына келгенде, бұл Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтың тең мүшесі ретінде, құқықтық жүйемізді қалыптастыру мен ізгілендіру кезеңіндегі өте өзекті және маңызды қадамы болып саналады. Бұл бағытта Елбасы 2003 жылдың 17 желтоқсанында қол қойған өлім жазасына мерзімсіз мораторий енгізу туралы Жарлықтың да алар орны ерекше.
2019 жылы 7 қарашада Женевада өткен БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесінде Қазақстан билігінің адам құқығы ахуалына байланысты есебі тыңдалды. Қазақстандық делегацияны бастап барған Әділет министрі Марат Бекетаев еліміздің халықаралық қоғамдастық алдында алған міндеттемелерін орындауға қатысты баяндама жасаған. Қазақстан есебін тыңдаған кейбір мемлекет сайлау заңнамасын жетілдіруге, азаптау фактілерін толық зерттеуге, бейбіт жиналу құқығын шектемеуге қатысты бірнеше ұсыныс-кеңестерін білдірген еді. Осы кеңестердің ең басында өлім жазасынан бас тарту тұрды.
Халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстанды өлім жазасынан мүлде бас тартуға бұдан бұрын да шақырып келген болатын. Осыдан кейін 2019 жылдың желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші Факультативтік хаттамасына қосылу рәсімін бастауды тапсырды. Ал 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қылмыстық заңның нормаларын Хаттамамен үйлестіруді жүктеді. Екі айдан соң Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында ел Президенті Қазақстанда өлім жазасы толығымен жойылуға тиіс екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы 2021 жылдың 29 желтоқсанында қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды қабылдаудағы басты мақсат та осы – өлім жазасын жоюды көздейтін қабылданған халықаралық құқықтық міндеттемелерге сәйкес ұлттық заңнаманы үйлестіру. Ал мұндай халықаралық құжат – Қазақстан 2021 жылғы 2 қаңтарда ратификациялаған, өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге тіркелген Екінші Факультативтік Хаттама. Бұл – өлім жазасын жоюға бағытталған маңызды актілердің бірі.
Бір ескерте кететін жайт, халықаралық хаттама өлім жазасын жою үшін қажетті шаралар қабылдауға міндеттейді, бірақ ескерту жасалған жағдайда қолдануға мүмкіндік береді. Қазақстан осыны пайдаланып, ратификациялау кезінде тиісті ескерту арқылы қабылдады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өлім жазасы 26 аса ауыр қылмыс үшін тағайындалатын. Бұл жаза 1997 жылғы Қылмыстық кодекстің 18 бабында ғана қалды. Ал 2014 жылы Қылмыстық кодекстің 17 бабында сақталған. Барлық санкцияға балама ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген.
Алайда қоғамда өлім жазасын жақтайтындар да, қолдамайтындар да бар. Басқа-басқа сәбилердің көз жасына қалған педофильдерге қатысты сөз болғанда жұрттың пікірі екіге жарылады. «Азғындарға жаза біреу ғана болу керек. Ол – өлім жазасы. Әділдіктің ережесі осы ғана» дегенді әлеуметтік желіден талай рет оқып жүрміз. Тіпті демократиялық елдің төресі саналатын АҚШ-тың 28 штатында өлім жазасы әлі күнге дейін бар. Әлемде дамыған ел тізіміне енсе де осынау қатал жазадан түбегейлі бас тартпаған мемлекеттердің қатарында Сингапур мен Жапонияны кезіктіруге болады.
Әрине, заңға әділетті, әділетсіз деген анықтама бере алмаймыз. Себебі заң – норма, қалып. Алайда заңды ізгілендіреміз деп ұлттық құқығымызды жоғалтып алмаймыз ба? Құқықтық қоғам құру жолында өлім жазасынан бас тарту нені білдіреді? Өлім жазасын жоюды көздейтін заңға байланысты көптің көкейінде жүрген осы сұрақтарды бірнеше сарапшы маманға қойып көрген едік.
«Гуманизмге жол ашқан маңызды қадам»
Бас прокурордың аға көмекшісі – Бас прокурордың Парламенттегі өкілі Мейрамбай Кемалов: «Еліміз өлім жазасын жою арқылы өзінің ең басты байлығы – адам, жоғары құндылығы – оның өмірі екенін тағы бір рет дәлелдеп берді», дейді. Оның айтуынша, еліміз Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қосыла келіп, өзіне алған міндеттемелердің жүгін көтеріп отыр. Сол арқылы – адамзат қалыптастырған гуманизм идеяларының елімізде әрі қарай өркендеп, өрістеуіне жол ашты.
«Тарихқа үңілсек, қазақтың дәстүрлі құқығын зерделесек, билер сотының тәжірибесіне тоқталсақ, ешқашан өлім жазасын әділдікті орнатушы ең үстем қағидат ретінде қаралмағанын көреміз. Қазақта Әйтеке биден қалған мынадай ұлағатты сөз бар. «Өмір өзгенікі, өлім ғана өзімдікі» дейді. Өлім жазасы сирек болатын. Онда да тек бүкіл халық жиналған құрылтайда бекітілетін. Оны тарихи мұралар да көрсетіп отыр. Академик-заңгер Салық Зиманов мұра ретінде әзірлеп, кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен билер соты туралы 10 томдықты, өзге мұрағаттарды қарай отырып, кісі өлтіру құн арқылы өтеліп отырғанына көз жеткіземіз. Ол туралы Шоқан Уәлиханов та өзінің сот реформасы туралы жазбаларында көрсетеді. Кешегі күнге келсек, бұрын өлім жазасы бірқатар қылмыс үшін, соның ішінде қасақана адам өлтіру үшін болды. Ол кезде қасақана адам өлтіру қазіргіден үш есе көп еді. Жылына орта есеппен 2,5-3 мың қасақана кісі өлтіру қылмысы тіркелетін. Соңғы жылдары бұл сан 700-800-ден аспайды. Бұл дегеніміз – өлім жазасының қоғамда қылмыстылықты ұстап тұру факторы, оның өршіп кетуіне жол бермеу құралы ретіндегі қарау орынсыз екенін дәлелдейді», дейді Бас прокурордың аға көмекшісі.
«Бұл – заңды құбылыс»
«Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуын ізгілікке жасалған нақты қадам әрі заңды құбылыс деп қабылдауымыз қажет», дейді «Адам құқығына арналған хартия» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова. «Өздеріңізге белгілі, бұдан бұрын еліміз өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге тіркелген Екінші Факультативтік хаттамаға қол қойған болатын. Осыған орай тиісті құжаттың қабылдануы – заңдылық. Қылмыстық кодексте 17 қылмыс құрамы бойынша қолданылатын өлім жазасына балама ретінде өмірлік бас бостандығынан айыру жазасын қолдану ұсынылған. Қазақстан 2003 жылдың желтоқсан айында өлім жазасы туралы үкімдерді орындауға мораторий жариялағаннан бері бұл жаза түрі елімізде мүлде қолданылған емес. Жалпы, тарихқа көз салсаңыздар, қазақ халқында өлім жазасы болмаған. Қазақтың байырғы ғұрыптық заңы «Жеті жарғыда» мемлекет ішіндегі бүлікшілер мен сатқындар ғана өлім жазасына кесілген. Ал өлген адам үшін жазалаудың ең көп қолданған түрі – құн төлеу», дейді ол. Қоғамда «Өлім жазасына кесілген адамды өмір бойы түзеу мекемесінде ұстау мемлекетке артық шығын емес пе?» деген де пікірлер айтылып жататыны белгілі. Осы сауалды Ж.Тұрмағамбетоваға қойған кезде ол: «Адам өмірін ешқандай да материалдық құндылықпен есептеуге болмайды. Себебі өмірдің өзі құнсыз, ол – адамның ең қымбат дүниесі. Шыны керек, өлім жазасына қатысты қазіргі қоғамның көзқарасы мен ой-пікірлерін естігенде кейде өзім де таңғаламын. Қит етсе, «ату керек», «өлтіру керек» деп жабыла кетеді. Бұл дұрыс емес! Халқымыздың әдет-ғұрпы мен дәстүрін негізге алған заңдар жүйесінде де адамның басты құндылығы – өміріне үлкен құрметпен қараған. Сондықтан дала заңының осы әділ шешімдерін де естен шығармағанымыз жөн», деді.
Өлім жазасы – адамгершілікке жат
Ал Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова: «Өлім жазасын алып тастау – Қазақстанның қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған маңызды қадамы. Халықаралық құжаттарда өлім жазасы жазаның өте қатал, адамгершілікке жатпайтын ең жат түрі деп танылады. Бұл ретте өлім жазасын тағайындау кезінде сот қателерін жасау тәуекелдері бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Сондай-ақ жоғары жазаны сақтау қылмыстың төмендеуіне әсер етпейтінін дәлелдейтін деректер бар. Өлім жазасын сақтау немесе жою мәселесі әрқашан қоғамда қарама-қайшы пікірлер тудыратыны да баршаға белгілі. Өйткені көп адам өлім жазасын аса ауыр қылмыстарға ең қолайлы жауап деп санайды. Сонымен қатар адамды мемлекет атынан өмірден айыру адам құқықтарын қорғау мәселесі тұрғысынан тиімді болып табылмайды», дейді Э.Әзімова.
Омбудсмен өз ойын одан әрі былай өрбітті: «Жеті жарғыда» өлім жазасы неғұрлым ауыр қылмыстар үшін жаза ретінде қолданылған. Бірақ бұл жаза сирек іске асырылатын. Билер өлім жазасын қолданудың әрбір жағдайы жаңа қылмысқа, барымтаға, өзін-өзі айыптауға және басқа да ерікті әрекеттерге себеп болуы мүмкін деген нақты түсінікке ие болды, сондықтан татуластыру рәсімдерін және өмірден айырумен байланысты емес басқа да жазалау шараларын қолдануға басымдық берілді», дейді ол.
ТҮЙІН. Қазақстанда өлім жазасы туралы үкім соңғы рет 2016 жылы шығарылған. Алматы қаласында полиция бөлімі мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасап, он адамды өлтірген Р.Күлекбаевты қалалық сот өлім жазасына кескен еді. Алайда өлім жазасын қолдануға мораторий жарияланғандықтан, үкім өзгеріп, қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Осының өзі еліміз үшін адамның өмір сүру құқығы – қоғамның негізгі құндылығы екендігін айғақтайды.