2022 жылға да келіп жеттік. 2021 жыл – пандемия зардаптарымен күреске, сауда-саттықты реттеуге, теңге бағамымен арпалысуға жұмсалды. Үкімет жыл бойы инфляцияны уысынан шығарып алып, жыл соңына қарай бағаны иліктірді. Биыл нарықта біраз өзгерістер болады. Жаңа бастамалар мен заңдар күшіне енеді. Соның біршамасын қорытып өтелік.
Жәрдемақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылатын айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2022 жылдан бастап 3 063 теңге болды. 2021 жылы 1 АЕК – 2 917 теңге болған еді. Ал 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі айлық жалақы мөлшері өседі. Бұл 60 мың теңгені құрайды. Бұл мөлшер 2021 жылы
42 500 теңге болған еді. Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 36 018 теңге. Осы заңға сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2021 жылы алынатын мөлшерден 7 пайызға өседі. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері де 5 пайызға жоғарылайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуіне байланысты елдегі 1,6 млн адамның табысы артады.
Өткен жылдың басты жаңалығы – зейнетақы жинағындағы артық соманы пайдалану болғаны белгілі. Бұл мүмкіндікті 370 мыңға жуық адам пайдаланып, 1,7 трлн теңгеден астам қаржы қордан шығарылған. Оны азаматтар тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге жұмсады және жеке компаниялардың басқаруына берді. Жыл соңында жеткілікті шектен асатын соманы жер учаскесін сатып алуға жұмсау және «Отбасы» банкіндегі депозитке аудару мүмкіндігі де пайда болды.
Алайда отандастарымызға жайсыз тиген бір жаңалық – жеткілікті шектің өскендігі. Жаңалықты БЖЗҚ 2021 жылы 3 желтоқсанында жариялады. Биылдан бастап 21 жастағы азаматтың есепшотындағы қаржы 3,2 млн теңгеден асуға тиіс. 30 жаста – 4,4 млн теңге, 40 жаста – 5,8 млн теңге, ал 50 жаста – 7,4 млн теңге, 59-62 жаста 9,1 млн теңгеден артық қаражат жинауы қажет. Қор басшылығының түсіндіруінше, бұл ең төменгі жалақы мен зейнетақы төлемінің артуымен байланысты. Осыдан соң көп азамат жыл соңына дейін қордағы артық ақшасын шығарып, пайдаланып қалуға тырысты. Мұндай жанталас қоғамда шу туғызды. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының шекті межесін көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.
2022 жыл майнерлерге оңай тимейін деп тұр. Өйткені биылдан бастап тұтынған 1 киловатт-сағат үшін 1 теңгеден төлеуге тура келеді. Сөйтіп, Үкімет ауа жайылып, ел ішіне еркін енген цифрлы майнинг қызметін салықпен ауыздықтамақ. Сол арқылы олардың көлеңкеден шығып, ел бюджетіне қаржы түсіруін тікелей бақылауға алады. Майнерлерден бөлек, Google, Facebook, Netflix секілді шетелдік интернет-компаниялар да 2022 жылдан бастап Қазақстан Үкіметіне салық төлей бастайды. Бұл «Google салығы» деп аталады. Яғни қызмет пен тауарын онлайн платформа арқылы сататын барлық шетелдік компания Қазақстан бюджетіне қосымша құн салығын төлеуге міндеттеледі. ҚҚС мөлшерлемесі сатылған тауарлар мен қызметтер сомасының 12 пайызын құрайды. Ұлттық экономика министрлігінің есептеуінше, жаңа салықтан ел қазынасына жыл сайын 2 млрд теңге түсуге тиіс.
Биыл елімізде цифрлы теңге пайда болады. Ұлттық банк бұл жобаны былтыр аяқтай алмай, амалсыз 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін шегерген. Жобаны дайындаушылардың айтуынша, төлемдердің цифрлы теңгемен жүзеге асырылуы барлық операция мен транзакцияны бақылап, қаржы жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Тиісінше, жемқорлыққа апарар жолды да кеседі.
2022 жылы күшіне енетін жаңалықтың бірі – утилизациялық алым көлемінің артуы. Автокөлікті елге кіргізу үшін міндетті саналатын алымның бұл түрі елімізде 2016 жылдан бері қолданылып келеді. Утилизациялық алымды есептеу үшін коэффициентті (қозғалтқыш көлемі мен көлік категориясына байланысты) базалық ставкаға (мөлшері АЕК-ке байланысты) көбейту керек. Ал базалық ставка 50 АЕК-ті құрайды. 2022 жылы 1 АЕК – 3 063 теңге екенін ескерсек, онда биыл базалық ставка мөлшері 153 150 теңгеге бір-ақ жетеді. Сонда осы жылы қозғалтқыш көлемі 1000 текше см болатын жеңіл автокөлік үшін жаңа қожайын 459 450 теңге төлеуі тиіс болады.
Биыл үй бағасы арзандамайды. Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков 2022 жылы цифрлы ипотека трендке айналады дейді. Оның айтуынша, биыл құрылыс материалдарының бағасы тағы да қымбаттайды; пәтерлердің шаршы метрі тарыла түседі; жаңа әлеуметтік бағдарламалар пайда болады.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап «салықтық мобильді қосымша» түсінігі өмірімізге кірігеді. Бұл арқылы жеке тұлғаларға мүлік салығы, жер салығы және жеке тұлғалардың көлік құралдары салығы бойынша салық міндеттемелерінің есептелген сомалары туралы және (немесе) салық берешегінің бар екені туралы хабарламалар жіберіліп отырады. Ал 1 наурыздан бастап «Салық төлеушінің төлқұжаты» нормасы жұмысын бастайды. 1 наурыздан күшіне енетін жаңалықтың бірі – екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) міндеттемесінің кеңеюі. ЕДБ және банк операциясының жекелеген түрлерін жүргізетін ұйымдар үшін салық органдарына ақпарат беру бойынша қосымша міндеттемелер енгізіледі.
Сондай-ақ E-Salyq Business мобилді қосымшасын пайдаланатын жеке кәсіпкерлер үшін жаңа арнайы салық режімі жұмысын бастайды. Сервис арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық және әлеуметтік төлем есебін жүргізуге болады. Жаңа мобильді қосымша және жаңа салық режімін пайдаланған заңды тұлғалар 3 жылға дейін ұжымдық табыс салығы мен жеке табыс салығынан босатылады.
Атап өтерлік тағы бір жаңалық – ескі автокөліктерді утилизацияға қабылдау жайы. Биыл ескі автокөліктерді жаңа бағамен өткізу 5 қаңтардан басталады. Жалпы, биыл азаматтардан 70 мың автокөлік қабылдап алынып, өңдеуден өткізіледі деген жоспар бар. Автокөліктерді электронды кезекке қою процесі және оларды қабылдайтын 18 пункт өз жұмысын 5 қаңтар күні бастайды.