• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Желтоқсан, 2021

АЭС құрылысы: үміт пен күдік

516 рет
көрсетілді

Қазақстанда энергия тапшылығы жайлы көптен бері айтылып келеді. Өкінішке қарай, оның алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалып жатыр. Мәселен, биыл еліміз электр қуатының белгілі бір бөлігін Ресейден импорттауға мәжбүр болды. Тығырықтан шығудың балама жолы ретінде атом электр стансасын салу мәселесі қарастырылып отырғаны мәлім. Демек, 2022 жылдың күнтәртібіндегі негізгі мәселелердің бірегейі де осы болмақ деп пайымдаймыз.

Энергия тапшылығы байқалды

Мұндай мүмкіндік ел билігі тарапынан бекерден-бекер пысықталып отырған жоқ. Қазақстан климат жөніндегі Париж келісіміне қосылғандықтан, орнықты даму мақсаттарын орындау үшін 2060 жылға қарай көміртегінен арылу мақсатын қойып отыр. Ең бастысы, экономиканың салалары мен халықтың сұранысын толық қанағаттандыру үшін экологиялық тұрғыда таза энергия көздерін дамыту күн тәртібіндегі мәселеге айналды.

«Биыл белгілі бір энергетикалық тапшылықпен бетпе-бет келіп, Ресейден электр қуатын жоспардан тыс импорттауға мәжбүр болдық. Сәйкесінше, 2035 жылға дейінгі электр энергиясының тұтыну мен өндіру теңгерімі жасалды. Халық пен экономика секторларын қажетті энергиямен қамтамасыз ету үшін АЭС-ті салудың маңыздылығын байқап отырмыз», деген Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев ықтимал АЭС-тің құрылысына екі өңір қарастырылып отырғанын жеткізді.

Айталық, еліміз Атом стансасын салу жөнінде түпкілікті шешімді қабылдаған жағдайда энергетикалық нысан Алматы облысындағы Үлкен елді мекенінде немесе Шығыс Қазақстандағы Курчатов шаһарында орналасуы мүмкін.

«Бұл мәселе 2013 жылдан бері, яғни сегіз жылдың көлемінде талқыланып келе­ді. Осы уақыт аралығында әртүрлі жер учас­келері сейсмикалық, инфрақұры­лым­дық және тұтыну көлемі жағынан зерт­телді. Бүгінде екі орын қарастырылып отыр. Оның бірі Үлкен ауылы және екіншісі Кур­чатов қаласы. Сейсмикалық тұрғыдан олар қолайлы. Инфрақұрылым жағынан Үл­кен елді мекенінің артықшылығы басым. Өйт­кені мұнда 500 киловольтты құрайтын «Сол­түс­­тік-Оңтүстік» электр тарату желісі бар. Со­­ны­мен қатар аталған елді мекен не­гіз­гі тұ­­­ты­­­ну­­­шыларымыз тұратын оңтүс­тік өңір­­ге жа­­­қын орналасқан. Бірақ та стан­са салы­на­­­­т­ын орын туралы түкпілікті шешім әлі қа­­­был­­­данған жоқ. Қазір осыған бай­ланыс­ты «Самұрық-Қазына» ұлттық компания­сы жа­ны­­нан жобалық топ құры­лып, барлық тиісті зерт­теу жүргізілуі тиіс», деді еліміздің бас энер­гетигі.

Қоғамның пікірі екіұдай

Осы АЭС төңірегіндегі әңгімелер еліміз­де әжептәуір талқыланып, қоғамда біраз пікір­талас тудырды. Әлбетте, Черно­быль мен Фукуси­ма­дағы апатты былай қой­­ғанда, «Әскери оқ-дәрі қойма­ларын бас­қара алмай отыр­ғанда АЭС-ті қалай қада­ғалайды?» деген қоғамдағы пікір­лер­дің айтылуы да заңды. Сондықтан еліміз­дегі экологиялық ұйымдар мен қоғам белсенділері неліктен «Жасыл» технологиялар мен газ энергетикасына басымдық берілмей жатқанына түсінбей дал. Алайда бұған қатысты жауапты ведомствоның айтар өз уәжі бар.

«Тұтастай алғанда, электр энергиясын өндірудің тәсілі көп емес. Балама энергияға – күн және жел энергетикасы жатады. Бірақ олар тұрақты энергия көзі болмағандықтан, электр қуатымен толыққанды қамтамасыз ете алмайды. Күндіз болса, кешке жоқ болуы мүмкін. Электр энергиясын алудың тағы бір тәсілі – газ электр стансасын салу. Алайда елімізде газдың көлемді қоры жоқ. Мұнайлы ел бол­ғанымызбен газға да соншалықты ке­неліп отырмыз деп айта ал­маймыз. Көп жылға арналған стратегия­мызда газ электр стансаларын салу мүмкіндігі қарас­тырылмаған. Әлемдегі көптеген мемлекет көмір стансаларын салудан бас тартып жатыр. Неге десеңіз, қазір бұған ақша бөлінбейді, сондай-ақ қажетті жабдықтар, атап айтқанда турбиналар мен қазандықтар шығарылмай­ды. Оларды өндіретін екі-үш ел ғана қалды. Басқа елдер бұл жұмысты тоқтатты. Балама жол ретінде атом стансасын дамыту ғана қалады», деді М.Мырзағалиев.

Министрдің сөзіне сүйенсек, қазіргі АЭС құрылысында заманауи қауіпсіз технологиялар қолданылады. Бүгінде әлем бойынша 249 атом блогы жұмыс істеп тұр, сондай-ақ 150-ден астам жаңа блок салынып жатыр.

Заманауи қауіпсіздік жүйесімен жарақталған

Мамандардың пікіріне сүйенсек, атом реакторларының қазіргі жобаларында қауіпсіздікті қамтитын пассивті қорғаныс тетіктері жан-жақты қарастырылған. Бұл салқындату тетігі істен шыққанда үлкен ақауға жол бермейді және апаттың мөлшері мен салдарын едәуір азайтады.

«Бұл реакторлардың басты ерекшелігі – «жобалау кезінде апатты алдын алу» тұжы­рым­дамасына сәйкес жобалау сатысы­­ның өзінде реактордың белсенді аумағы­ның балқуымен өтетін шартты ауыр апатты жағдайларды болдырмау жол­дары қа­рас­тырылған. Демек осы реактор­лар­да­ғы ауыр апаттардың ықтимал­дығы он­ның минус жеті дәрежесін (10-7) құ­рай­ды. Бұл МАГАТЭ-нің жаңадан жоба­лана­тын стансаларға белгілеген көрсет­кіштен 100 есеге төмен шама», деген еді газеті­міз­ге берген сұхбатында Ұлттық ядро­лық орта­лығы Атом энергия институты филиалы директорының материалтану зерттеулері жөніндегі орынбасары Ерболат Қоянбаев.

Ақпарат ашықтығы қажет

«Байтақ-Болашақ» экологиялық альян­сының төрағасы Азаматхан Әміртай­дың айтуынша, осы мәселеге қатысты ресми органдардан жеткілікті деңгейде ақпарат айтылмай келеді. Сол себепті де қоғамда «ақпараттық вакуум» туындап, көпшілік АЭС құрылысын теріс қабылдап отыр деді қоғам белсендісі.

«Қоғамға толыққанды деңгейде ашық ақпарат жеткізілсе, ешкім АЭС-тің құрылысына қарсы болмайтын еді деп ойлаймын. Ал бүгінгі белгісіздік жағдайында халықта күмәнді ой туын­дайтыны заңды. Осы мәселені жан-жақты талқылау үшін еліміздің белді азаматтарының қатысуымен таяуда ақсақалдар кеңесін өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған жауапты ведомство өкілдері де шақырылады. Әзірге түсінгеніміз, Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» холдингінің АЭС-ті салуға байланысты нақты ұстанымы мен бағыты жоқ. Түсініксіз ойын жүріп жатқандай әсер қалдырады. Қысқа, жеткіліксіз дәрежеде ақпарат беріліп, сонымен тынады. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Бұл қауіпсіздік тұрғысынан стратегиялық маңызды нысанның құрылысы. Оған қомақты инвестиция қажет. Менің ойымша, мүдделі топтар осы жобадан өздеріне қажетті еншіні алып қалуды көздеп отыр. Оның ішінде қосалқы мердігерлік жұмыстарды, қызмет көрсету салаларын атап өтуге болады. Бұл жерде ешкім АЭС-тің тиімді жұмыс істеуін, энергетикалық нысан ретінде экономикалық пайдасын ойлап тұрған жоқ деп санаймын. Әркім өз компанияларын жұмылдырып, жылдам ақша табудың амалын қарастырып жатқандай. Сондықтан мәлімет бермей отыр. Энергетика министрімен кездес­кенде екі мәселені көтердім. Біріншіден, озық технологияны пайдалану. Атап айтқанда, Жапонияның, Францияның және АҚШ-тың тың технологиясын қолдансақ, ұтылмайтынымыз анық. Екіншіден, оның жобалық құны аса қымбат болмауға тиіс. Бейресми дереккөздерден шамамен 12 млрд-тай доллар жұмсалуы мүмкін екенін естідім. Министрдің өзінен сұрағанымда бейхабар екенін айтты. Еліміздегі АЭС-тің құрылысына алпауыт мемлекеттер тарапынан үлкен талас жүріп жатқандай әсер қалдырады. Ресей мен Қытайды осы жобаға қатыстырмау керек деп есептеймін. Биылғы 19 қаңтарында аталған мәселеге қатысты қоғамдық жиын өткізуді жоспарлап отырмыз», деді А.Әміртай.

Ресми дерекке сенсек, елімізде электр желілерінің тозуы 65%-дың аралығында. Электр желілерін басқару жөніндегі бірыңғай оператордың мәліметіне сәйкес биылғы 10 айда былтырғы кезеңмен салыс­тырғанда электр энергиясын тұтынудың өсімі оңтүстік өңірде 11,6%-ды, солтүстікте 5,7%-ды және батыста 7,5%-ға жетті.