Таяуда PwC Kazakhstan компаниясы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді анықтаған кезекті жетінші тоқсан аралық зерттеуін жариялады. Зерттеуге Brent мұнайының бағасы, валюта курсы, инфляция, базалық мөлшерлеме арқау болған. Сауалдамаға 11 сарапшы қатысқан. Алайда объективті пікір көрініс табуы үшін бірқатар сарапшылардың аты-жөні құпия қалдырылған.
«Вакциналау науқанының әлем бойынша кең ауқымда жүргізіліп жатқанына қарамастан көптеген елде коронавирус штамдары қайта пайда болып, вирустың жаңа мутацияларына тап болып жатыр. Санитарлық шаралардың ішінара күшейтілуі негізінен шағын және орта бизнеске кері әсерін тигізуде. Ал локдаундардың қайта енгізілуі бірқатар елдерде жаһандық перспективаны әлі белгісіз күйде қалдырып отыр», деп жазады PwC Kazakhstan.
Satbayev University экономика профессоры біздің басты проблемамыз COVID-19 емес, коррупция болып отыр деп санайды.
«Бізде коронавирус пандемиясынан адам өлімі небәрі 1,68 пайызды құрайды. Бұл көптеген елдерден әлдеқайда төмен. Мысалы, осы көрсеткіш Перуде 9 пайыз деңгейінде. Біздің басты проблемамыз ковид емес, әлі де тоқтамай тұрған жемқорлық болып отыр. Экономика мүлде жақсарып жатқан жоқ: импортқа деген тәуелділік күн санап күшейіп барады. Ұлттық қордан аямай ақша алынып жатыр. Дағдарыс қаржы секторынан басталды. Дағдарыстың бұл түрі тез қарқын алады. Күрт құлдырау мен көршімізге деген саяси тәуелділіктен туындайтын ұзаққа созылатын депрессиядан қашып құтыла алмасымыз анық болды», дейді профессор.
Бұл орайда PwC экономиканың баяу өсімі мен туындаған қиындықтарға қарамастан Қазақстанның ІЖӨ-сі 2020 жылы ұлттық валютада 2 пайызға өсім көрсетті (2019 жылмен салыстырғанда) дейді. Доллар эквивалентінде ІЖӨ 6 пайызға қысқарған.
Мұнай бағасы да әзірге тұрақталатын емес. Былтыр қараша айында Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 85 доллардан асып түскен (2018 жылдың қазан айынан бері алғаш рет) еді. Сол айда өткен отырыста ОПЕК+ тәулігіне 400 мың баррель мұнай өндіру туралы уағданы бұзбауға келісті. Алайда қарашаның соңында АҚШ және өзге де елдер мұнай бағасын төмендету мақсатында көлемі 50 млн баррель болатын стратегиялық мұнай резервтерін ашатынын мәлімдеді. Әзірге қауымдастықтың бұл шешімге нендей көзқарас білдірері белгісіз. Алдын ала болжамдар бойынша альянс тәулігіне 400 мың баррель мұнай өндіру туралы келісімді тоқтатуы ықтимал. Әйтпесе әлемдік нарықтағы мұнай көлемі аузы-мұрнынан шыға толып кету қаупі бар. Оның үстіне көмір мен газ бағасының да шарықтап өсуі биржадағы мұнай фьючерстерінің аспандап кетуіне әсер етті.
«Еуропада COVID-19 ахуалының нашарлауы, оның ізін ала Оңтүстік Африкада жаңа «омикрон» штамының пайда болуы мұнай бағасының белсенді өсімін біршама тежеп тастады. Нәтижесінде, Brent маркасы барреліне орташа 70 доллар көлемінде саудаланып жатыр.Биыл да өзге отын түрлерінен баға қысымының маусымдық төмендеуіне, мұнайға деген ұсыныстың сұраныстан асып түсуіне және COVID-19-дың күшеюіне байланысты нарықта теріс реакцияның пайда болуына орай мұнай бағасы барреліне 70 доллар мөлшерінде сатылады деп күтіледі», дейді Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Төлеуов.
Ал теңге бағамына байланысты респонденттер пікірі өткен сауалдама қорытындысына қарағанда мейлінше оптимистік бағытта өрбіген. Олар алдағы бір жылда долларға қатысты теңге бағамы 446 доллар болады десе, алдағы үш жылда 480 теңгеге дейін жетеді деп болжайды. 5 жылдық перспективада теңге курсы 440-500 аралығында құбылуы мүмкін.
«2021 жылдың қазанында Қазақстанда инфляция алты айда алғаш рет тоқтады. Қыркүйек айындағыдай инфляция 8,9 пайызды құрап тұр. Азық-түлік тауарлары өсімінің 11,5-тен 11,3 пайызға баяулауы инфляция өсімін де тежеді. Бұл ретте азық-түліктік емес тауарлар бағасы 7,8-ден 6,8-ге төмендесе, қызметтер 6,8-ден 6,9 пайызға жоғарылады» деп жазылған зерттеуде.
Сарапшылар алдағы бір жылда инфляция деңгейі 8,9 пайыздан аспайды деп болжайды. Алдағы 3 жыл көлемінде инфляция тіпті 8,0 пайыздан жоғарыламауы мүмкін. Ал бес жылдық мерзімде елдегі инфляция көрсеткіші 7,0 пайыздан төмендейді. Қазір ел үкіметі инфляцияны төмендету үшін түрлі шаралар қабылдап жатыр. Оның ішінде базалық ставканы көтеру, ішкі нарықта тапшы болып тұрған өнімдерді шекарадан сыртқа шығармау сияқты шаралар бар.
Сондай-ақ сарапшылар алдағы бір жыл көлемінде базалық ставка көтерілмейді деп күтеді. Ұлттық банктің ақша-несие комитеті соңғы отырыста базалық пайыздық мөлшерлемені көтермей 9,75 пайыз деңгейінде қалдырды. Егер елдегі экономикалық ахуал жақсарса, ставка қайта төмендеуі де ғажап емес. Бұл орайда сарапшылар алдағы үш және бес жылдық горизонтта базалық ставка 8,6 және 7,7 пайыз болады деп болжам айтады.