ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВА ЕСКЕРТКІШІНІҢ ЖАНЫНДА КӨРСЕТІЛДІ
Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай елордадағы “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығы елдің ертеңі, жас ұрпақтың болашағы үшін қандарын төгіп, Отанын қорғаған ардагерлермен кездесуді қазақтың Батыр қызы Әлия Молдағұлова ескерткішінің жанында өткізді.
Бұл кездесуге қазақтың ардақты қыздарының бірі, профессор Шағила Құсанқызы, І, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденін омырауына таққан Жақан Сейсенбаев, сол секілді еңбек ардагерлері Тұрсынбай Момынқұлов, Ілес Нұрғалиевтер қатысып, жастарға сұрапыл соғыстың оңай болмағанын әңгімелеп берді. Елге қадірлі ардагерлер санаулы күннен кейін елордамызда басталатын, 110 мемлекеттің талантты оқушылары қатысатын 51 халықаралық математика олимпиадасында жастарға жеңіс тұғырынан көрінуін тілеп, ақ баталарын берді.
Ардагерлерге орталықтың директоры Тілдаш Битуова дастарқаннан дәм татқызып, құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасаса, Астанадағы “Зерде” мектебінің оқушылары ата-апаларына әннен, күмбірлеген күйден, мың бұралған биден шашу шашты.
Сүлеймен МӘМЕТ.