• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2010

ТАРБАҒАТАЙДАҒЫ ҚОС ҚУАНЫШ

894 рет
көрсетілді

Жеңіс мерекесі күні Тарбағатай ауданындағы су басқан ауылдарда тұрғын үй, аурухана құрылысының іргетасы қаланды 194 АРДАГЕРГЕ ПӘТЕР БЕРІЛДІ Ұлы Жеңістің 65 жылдығы облыс орталығы Өскеменде салтанатпен атап өтілді. Ең әуелі, Елбасы Н.Назарбаевтың соғыс ардагерлерін пә­тер­мен қамтамасыз ету, басқа да әлеуметтік мәсе­лелерін шешу жөніндегі тапсырмасы толық орын­далды. Атап айтқанда, Жеңіс мерекесі күні облыс бойынша ардагер асыл ағаларымызға об­лыс әкімі Бердібек Сапарбаев 194 пәтердің кіл­тін табыс етті. Бұл – еліміздегі ең жоғары нә­ти­же екені жасырын емес. Жеңіс шеруі де ел есін­де қаларлықтай мәнді де сәнді өтті. Ор­талық рес­публика алаңына халық сыймай кетті. Жауын­герлер шеруі, театрлан­дырылған көрініс, балғын­дардың әсем әні мен биі көпшіліктің көңілінен шықты. ҚАСЫМ АҒА ЕЛІНЕ КЕЛДІ Атақты партизан-жазушы, “Халық Қаһар­маны” Қасым Қайсеновке арналған бюст Жеңіс мерекесінен бір күн бұрын өзі атындағы көше­нің көрікті жерінен бой көтерді. Биіктігі екі метр қоладан құйылған мүсін мінсіз жасалыныпты. Оның салтанатты ашылуына қала тұрғындары, соғыс ардагерлері, Қасым ағаның туыстары қатысты. Жиында облыс әкімі Б.Сапарбаев, карикатурист-суретші, Қасым ағаның жеке хатшысы болған Е.Нұразхан, Еңбек Ері Қ.Бақтыбаев, партизан жазушының туыстары сөз алды. Сол күні Даңқ мемориалы алдында да керемет бір әсерлі кеш өтті. КӨКЖЫРАДА ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ Жеңіс мерекесі салтанатынан кейін өңір басшысы Б.Сапарбаев, су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі облыстық штабтың бастығы Ислам Әбішев бастаған топ тікұшақпен Тар­бағатай ауданының Көкжыра және Жәнтекей ау­ыл­дарына бет алды. Алтайдың ақбас шың­дарының биік тұстарында әлі қар кете қоймаған. Ал жазық жерлерге көктемнің лебі жетіп, жер жап-жасыл түске боянған. Алтайда көктем кеш шығады. Оңтүстіктегі ағайындар жайқалып өс­кен көкөністерін суарып, әне-міне дәмін тата­мыз деп отырғанда біздер оны енді ғана салып жа­тырмыз. Алайда, көңіліміз көктем, бүгін аман­шылық болса, тұрғын үйлерін су шайып кет­кен екі ауылда құрылыстың іргетасы қаланбақ. Көкжыра су тасқынынан ең көп зардап шек­кен ауыл. Мұнда 221 тұрғын үй, әлеуметтік мақ­сат­тағы ғимараттар салынбақ. Көшелер ас­фальт­талып, жарық тартылмақ. Демалыс орындары бой көтермек. Көкжыралықтар келген ресми топ­ты қуанышпен қарсы алды. Облыс әкімінің ор­ын­басары Т.Түсіпбеков, Тарбағатай ауда­ны­ның әкімі М.Сапарғалиев, оның орынбасар­лары, Өскемен қаласындағы жер қатынастары, сәулет басқармаларының басшылары жаңа ауыл бой көтеретін жерді көрсетті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ұлы Же­ңістің 65 жылдығымен көкжыралықтарды құт­тықтады. Жеңістің оңай жолмен келмегенін, мил­лиондаған боздақтардың жанын пида ет­кенін, қазақстандық бес жүзден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанғанын, оның ішінде 109-ы жерлестеріміз екенін тілге тиек етті. Бұдан кейін 93 жастағы Долда Болағаев пен 90 жасар Саябек Қожахметовке ата салтымен иықтарына шапан жауып, Жеңіс мерекесімен құттықтап, теледидарды сыйлыққа ұсынды. Қос қария соғыс ардагерлеріне көрсеткен қамқор­лықтары үшін алғыстарын айтты. – Елбасы Н.Назарбаев әрдайым халықтың жағдайын ойлап отырады. Сын сәтте сіздерге қаржы бөліп, жақын арада су басқан бес ауылда бес жүзге тарта тұрғын үй, үш мектеп, балабақ­ша, басқа да әлеуметтік ғимараттардың құры­лысын бастау керектігін тапсырған. Көкжырада – 221, Жәнтекейде – 191, Көктүбек, Қызылкесік және Зайсан ауданының Тасбастау ауылдарында да қираған үйлер орнына жаңалары салынады. Қос мереке құтты болсын, ең бастысы, сіздер де құрылысқа араласып, үйлеріңіздің сапалы болуын қадағалайсыздар. Сіздер үшін жұмыс уақыты таңғы бестен басталып, кешкі сегізге дейін созылуы тиіс. Сонда ғана қоңыр күзде қо­ныс тойларын жасай аласыздар, – деп өңір бас­шысы тұрғындарға тапсырма міндеттер жүктеді. Көкжыра ауылының байырғы тұрғыны, ең­бек ардагері Совет Ысқақов жерлестері атынан Елбасына, өңір басшысына алғысын білдірді. “Бердібек Мәшбекұлы сіз екі айдың ішінде біздің ауылға сегізінші рет келіп тұрсыз. Нағыз халықтың жанашыры екеніңізді бәріміз білеміз. Бізге пана болып, берген уәделеріңізді орын­да­ғандарыңыз үшін мың алғыс”, деді. ЖӘНТЕКЕЙДЕ КҮЗДЕ МЕКТЕП БОЛАДЫ Бас мердігер осы өңірдің тумасы Қайрат Нә­биев басқаратын “ПМК-құрылыс” компаниясы екен. Қосалқы мердігер ұйымдар жан-жақтан тартылмақ. Тұрғын үйлер әрі кеткенде қазан айында аяқталуы тиіс. Бұдан кейін Б.Сапарбаев пен И.Әбішев тұрғын үйдің іргетасына құйматас кұйды. Семей қаласынан күні кеше газблок материалдары жеткізіліпті. Ұзындығы 60 см. көлденеңі 40 см. кірпіштің сапасына өңір бас­шы­сы күмән келтірді. Расында да саусақ­тарымен қатты қысқанда кірпіштің шеттері үгітіліп кетеді екен. “Бұл жарамайды. Мамандар тексерсін. Күні ертең сапасы төмен болып, жұрт алдында ұятқа қалып жүрмейік”, деді Бердібек Мәшбекұлы. Жәнтекей ауылынан үш шақырым жерден жаңа тұрпаттағы ауыл бой көтеретін түрі бар. Ауыл әкімі Айгүл Иманбаеваның бұл орайда атқа­рып жүрген еңбегін атап өткен ләзім. Ол өңір басшысына атқарып жатқан істері жайлы ай­тып берді. 180 орындық орта мектептің ірге­тасы құйылды. Б.Сапарбаев құрылысты жүргі­зу­ші об­лыстық мәслихаттың депутаты Әсемхан Дос­қа­жанов басқаратын жігіттердің жұмысына сәттілік тілеген соң ауыл тұрғындарымен кездесті. ­– Біз уәдені орындадық. Бәріңіз бір реттік бес мың теңгені алдыңыздар. Несие мәселесі бүгін-ертең шешілмек. Бірақ ақшалай емес, малдай береміз. Себебі, өлген малдың орнын толтыру қажет. Мәдениет үйі, мектеп, аурухана, басқа құрылыстар да аманшылық болса игілікке жарар. Сайлап алған онбасы, жүзбасылар халықты жұмылдырып отырулары қажет. Бос сөзді қоятын уақыт жетті. Жұмыс істеп қаржы табыңыздар. Бүгінге дейін ауылдың 150 тұрғыны жұмысқа қабылдау жөнінде өтініш түсіріпті. Бұл аз болса көрші Зайсан, Аягөз аудандарынан жұмыс қолын тарту қажет. Ал басқа об­лыстардан құрылысшылар тартудың реті жоқ. Себебі, тапқан табыстың салығы осында қалуы тиіс, – деді өңір басшысы. Дөненбек Салқынбаев, Мұхаметқали Ах­ме­тов деген қос соғыс ардагерін облыс әкімі құт­тық­тап, Жеңістің 65 жылдығы медалін тап­сырды, сый-сияпатын жасады. Тарбағатайдағы қос қуаныш күйзелген жандарды бір серпілтіп тастады. Жергілікті тұр­ғындардың Елбасы саясатының дұрыстығына көз­дері жетті. Жаңарған, жасарған бес ауыл тұр­ғындарының қуанышы ұзағымен сүйсіндірсін. Оңдасын ЕЛУБАЙ.