• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Президент 11 Қаңтар, 2022

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: Бұл – мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылыс

399 рет
көрсетілді

Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан Прези­ден­тінің бастамасымен шақырылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы бейнебайланыс режімінде өтті.

Бұл – нақты қолдау көрсету

Жиынға Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Арменияның Премьер-Министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан Ми­нис­трлер кабинетінің Төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Ақылбек Жапаров және ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась қатысты.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы Қазақстандағы соңғы оқиғаларда құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ бойынша әріптестеріне көрсеткен көмектері үшін ризашылығын білдірді. Қазақстан Президенті сессия қатысушыларына елімізде қалыптасқан ахуал мен оны тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді.

– Саммитіміздің кезектен тыс өткізілуі  төтенше жағдайларға байланыс­ты болып отыр. Қаңтардың бірнеше күні ішінде Қазақстан ауқымды дағдарысты бастан өткерді. Бұл – Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихында болған ең ауыр оқиға. Мұндай деңгейдегі зор қауіп-қа­тер­мен біздің ұйым бұрын-соңды бетпе-бет келмеген. Қажетті құжаттарды келісу жөніндегі шұғыл жұмысы үшін Төрағамыз Никол Воваевич Пашинянға алғыс айтамын. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путинге түсіністік танытып, ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштерін Қазақстанға жіберу мәселесі бойынша жылдам шешім қабылдағаны үшін ерекше алғыс білдіремін. Құрметті Владимир Владимирович, елімізге лаңкестік ша­буыл жасалған сәттен бері Сізбен тұрақты байланыс жасап отырмыз. Александр Гри­горьевич Лукашенкоға, Садыр Нұрғо­жоевич Жапаровқа, Эмомали Шарипович Рахмонға көрсеткен саяси және әскери бауырластығы үшін алғыс айтамын, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы әріптес елдердің моральдық қолдауы аса маңызды болғанын атап өтті.

– Бүгін Қазақстандағы қайғылы күндері қаза болған азаматтарды Жал­пы­ұлттық аза тұту күні. Баршаңызға шынайы көңіл айтқандарыңыз үшін алғыс айтамын. ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Васильевич Засьқа, Хатшылық пен Ұйымның біріккен штабының жұдырықтай жұмылған барлық ұжымына ризашылығымды білдіремін. Шын мәнінде, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бірінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін Ұйымның бітімгерлік күштерін ауқым­ды түрде жұмылдыру жағдайы бірінші рет болып отыр. Біз үшін ҰҚШҰ бойынша әріптестеріміздің әскери ғана емес, моральдық қолдау көрсетуі де аса маңызды. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрі біртұтас майдан болып, Қазақстанның үндеуін бірауыздан қолдады,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Терроризм қаупі және агрессия актісі ретінде бағаланды

Отырыс барысында ел Президенті еліміздегі қазіргі жағдай мен өткен күндері болған оқиғалар туралы айтты.

– Оқиғалар желісі туралы ақпа­рат­тарды толық екшей отырып, биылғы жыл басынан бергі оқиғаның бәрі бір шынжырдың тізбегі екенін нық сеніммен айта аламын. Олар жымысқы оймен ұзақ уақыт бойы дайындалған. Дайындықтың қанша уақыт – бір жыл, екі немесе үш жыл жүргізілгенін тергеу анықтайды. Деструктивті күштер тұрақтылықты бұ­зуға, тәртіпсіздікке жол ашуға бірне­ше рет тырысты. Мемлекеттің тұрақты­лығы мен беріктігін сынап көруге бағыт­талған сияқты болды. Олардың бар­лық әрекеттерінің жолы кесілді. Бірақ ұйымдастырушылар өз жоспарынан бас тартпай, қарулы қақтығысқа дайындалуға көшті. Бүлікшілер автомобиль газы баға­сының көтерілуіне байланысты бірқатар өңірдегі халықтың наразылығын сылтау ретінде пайдаланды, – деді Қ.Тоқаев.

Президент бейбіт митингке жиналған азаматтардың талап-тілегі орындалып, автогаз бағасы бұрынғы деңгейіне түс­кенін және Үкіметтің отставкаға кеткенін жеткізді.

– Митингілер өтті. Оған қатысушылар әлеуметтік-экономикалық және қоғам­дық-саяси талаптарын қойды. Мемлекет оның бәріне құлақ асып, орындады.

Үкімет отставкаға кетті. Автогаз ба­ға­сы бұрынғы деңгейінде қалдырылды. Біз нақты әлеуметтік-экономикалық ша­ралар кешені мен қоғамдық-саяси реформалар жоспарын қабылдаймыз деп жарияладық. Бірақ Қазақстанға қарсы агрессия ұйымдастырушылар үшін мұның ешқандай мәні болмады. Стихиялық наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Діни радикалдар, қылмыстық топтар, жауыз содырлар, мародерлер мен ұсақ бұзақылар біртұтас команда ретінде бой көрсетті. Әлеуметтік-экономикалық және қоғам­дық-саяси талаптар екінші-үшінші орынға сырғыды. Оны ұмытып та кетті. Артынша аласапыран басталып кетті. Өздерінің қолайлы сәтін күтіп отырған қарулы содырлар тобы іске көшті, – деді Мемлекет басшысы.

Президент барлық әскери іс-қи­мыл­дың бір орталықтан үйлестірілгенін баса айтты.

– Олардың басты мақсаты: консти­ту­циялық құрылысқа нұқсан келтіру, басқару институтын бүлдіру, билікті басып алу болғаны анықталды. Бұл жерде мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылу жөнінде сөз болып отыр. Қазір барлық әскери іс-қимылдың бір орталықтан үйлестірілгені, мұқият жоспарланған операцияның шешуші кезеңге шыққаны белгілі болды. Өңірлік биліктің, құқық қорғау органдарының ғимараттарына, тергеу изоляторларына, стратегиялық нысандарға, банктерге, телемұнара мен телеарналарға бір уақытта, бір мезгілде екенін қайталап айтамын, шабуыл жасау – соның айқын дәлелі, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы ел аймағында болған жантүршігерлік оқиғалар туралы мәлімет берді.

– Әуежайлар басып алынды, автомобиль және темір жолдары жабылды, жедел жәрдем және өрт сөндіру қызметінің жұмысына кедергі келтірілді. Әскери бөлімдер мен армия блокбекеттеріне жасалған шабуыл кезінде содырлардан құралған топ қару-жарақ пен әскери техникаларды иемденуге тырысты, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев Алматы қаласы мен басқа да қалаларда, шын мәнінде, нағыз соғыс жүргенін атап көрсетті.

– Мәселен, Алматы қаласындағы Полиция департаменті ғимаратының төңірегіндегі соғыс екі түнге созылды. Полиция қызметкерлері лаңкестердің шабуылдарына тойтарыс берді. Тек Алматы қаласының өзінде 7 қару-жарақ дүкені басып алынды. Бұл жақсы дайындықтан өткен кәсіби содырлардың, соның ішінде арнаулы винтовкалармен атуға машықтанған снайперлердің шабуылы болды. Террористер жеке байланыс құралдарын пайдаланған, әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің киімін киіп алған. Содырлар шімірікпестен жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды қалқалап, оларды «тірі қалқан» ретінде пайдаланды.

Кем дегенде 5 есе сан басымдығын пайдаланған лаңкестер полиция қыз­мет­керлері мен әскери қызметшілерді аяусыз ұрып-соғып, екі әскери қызметшінің басын кесіп алған. Ауруханаларға айуандықпен шабуыл жасалды. Мем­лекеттің ресурстарын бөлшектеу үшін шабуыл ұйымдастырушылар ауқымды майдан алаңын жасады. Агрессия бір уақытта 11 аймақты қамтыды. Бірақ ең ауыр соққы Алматыға бағытталды, – деді Президент.

Содырлар елордадағы Президент рези­денциясын басып алмақ болғаны да айтылды.

– Өздеріңізге мәлім, Алматы – біз­дің ірі қаламыз әрі еліміздің қаржы орта­лығы. Мұнда маңызды көлік және коммуни­кация тораптары шоғырланған. Бұл қала­ның құлауы адам көп шоғыр­ланған оңтүстік аймақты, содан кейін бүкіл елді басып алуға жол ашар еді. Террористер құқық қорғау органдарының назарын өздеріне аударуға тырысты. Содан кейін Қазақстанның елордасына соққы жасауды көздеді. Біз Президент резиденциясының айналасына шо­ғыр­ланған содырларды көрдік. Шын мәнінде, бұл әртүрлі әдісті пайдалана отырып, мемлекетімізге қарсы жасалған нағыз террорлық соғыс еді. Осының бәрі түбегейлі шешім қабылдауды қажет етті. Қазақстанның күштік құрылымдары дер кезінде жұдырықтай жұмылып, шабуылдаушыларға тойтарыс берді және жағдайды толық өз бақылауына алды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қ.Тоқаев өз сөзінде қайғылы оқиға кезінде қаза болғандар қатарында күштік құрылымдар қызметкерлерімен қатар, бейбіт тұрғындардың бары қа­бырғамызды қайыстырады деп атап өтті.

– Өкінішке қарай, күштік құрылым қызметкерлері мен бейбіт тұрғындар арасында қаза болғандар бар. Күштік құрылымдардың 16 қызметкері қаза тауып, 1300-ден астамы жараланды. Бейбіт тұрғындардың арасында да қаза тап­қан­дардың болғаны қабырғамызды қайыс­тырады. Олардың нақты саны анықталып жатыр. Бүкіл еліміз бо­йынша 1270 бизнес субъекті зардап шекті. 100-ден астам сауда орталығы мен банктер тоналды. 500-ге жуық полиция автокөлігіне зақым келді және өртелді. Орасан зор шығын келтірілді. Оның көлемін Үкіметтің арнаулы комиссиясы анықтайды. Қазақстанға қарсы агрессияға террористердің, оның ішінде шетелдік содырлардың тікелей қатысқанын нақты айта аламын. Бұзақылардың түн мезгілінде мәйітханаларға шабуыл жасап, қаза болған сыбайластарының денелерін алып кеткені де кездейсоқ емес. Сондай-ақ олар содырлардың денелерін ұрыс алаңынан әкетіп отырды. Бұның халықаралық террористердің тәжірибесі екені баршаға мәлім. Олар дәл осындай тәсілдер арқылы іздерін жасырады. Ел аумағында хаос жағдай қалыптастырып, билікті басып алу пиғылы болғаны анық.

Құқық қорғау және арнаулы қыз­мет­тердің жан-жақты талдауына негізделген Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне сәйкес қалыптасқан жағдай терроризм қаупі және агрессия актісі ретінде бағаланатынын жеткізді. Қазақстандағы ахуал ушыға түсті. Алматы қаласы мен 9 облыс орталығы бұзақылардың қолына өтті. Біз лаң­кестікке қарсы операция режімін жарияладық. Қазақстан Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйы­мынан көмек беруді сұрады. Бұл дер кезінде қабыл­данған шешім еді. Елор­даға үш бірдей әскери ұшақтың келге­нін білген содырлар Президенттің резид­енциясына басып кіру жоспарынан айныды. Бұл Алматыға қосымша күш жұмыл­дырып, қаланы террористерден тартып алуға мүмкіндік берді, – деді Қ.Тоқаев.

ҰҚШҰ бітімгершілік күштері мерзімін Қазақстан Президенті айқындайды

Қазақстан Президенті елімізге ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің қанша әскері келгені жайында баяндады.

– Қазіргі таңда Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасына жіберілген 2030 адам және 250 техника ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштеріне жүктелген мін­детті орындауға кірісті. Олар әуежай­лар, әскери қоймалар мен басқа да стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметін атқарады. Мен атап өткен­дей, бұл – ҰҚШҰ-ның алғашқы бітім­гер­лік миссиясы. Ұйым пайдалы әрі оң тәжірибе жинақ­тай­тынына сенім­дімін. «Осал тұстар» талданып, тиісті қоры­тынды шығарылады, реттеу құжаттарына түзе­тулер енгізіледі. Жалпы, ҰҚШҰ-ның бе­делді әскери-саяси ұйым ретінде өзінің қа­жет­тігі мен тиімді екенін дәлелдей алға­нын атап өткім келеді. Бұл – мемлекетте­ріміздің  тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қам­тамасыз етудің нақты механизмі. Шын мәнінде, өткен оқиғалар мықты ха­лық­аралық институт ретінде жаңа сатыға кө­терілген Ұйымның дамуында бет­бұрыс кезең болды, – деді Мемлекет басшысы.

Қ.Тоқаев аталған қауіп-қатерлер ұжым­­­дық қауіпсіздік кеңістігі үшін ор­тақ еке­нін және сол себепті ұйымның әлеу­етін нығайтудың маңызы артқанын атап өтті. 

– Қазақстан бетпе-бет келген қауіп-қатерлер – ұжымдық қауіпсіздіктің бар­лық кеңістігі үшін ортақ. Сондықтан бізге ҰҚШҰ-ның күшті әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Бұл – маңызды. Қазақ­­стан осы іске өз үлесін қосады. Дағда­­рыс жағдайларында әрекет ету мерзі­мін оңтайландыру енгізілетін ұсыныс­тар­дың бірі болуы мүмкін. Біз Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі және басқа да органдар бекітетін шешімдерді әзірлеу және қабылдау мәселелерінде жедел болуымыз керек, – деді Президент.

Отырыс барысында сөз алған ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась халық­аралық ұйым басшыларына Қазақстанға бітімгерлік контингентті кіргізу туралы шешімді қалай жеткізгенін айтты.

– Қазақстан Республикасының аумағында бітімгерлік операция өткізу туралы қабылданған шешім жөнінде БҰҰ-ның Бас хатшысы арқылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері хабардар етілді. Сондай-ақ мен ЕҚЫҰ және ШЫҰ бас хатшыларын құлағдар еттім. БАҚ өкілдері бір мезгілде мәселені шешу үшін қабылдаған жолдар және орындалу механизмін түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деді ұйымның бас хатшысы.

– Біз кеше әскери контингенті орналастыру бойынша жұмыстарды аяқтадық. 4 тәулік ішінде Ресей Федерациясының әуе-ғарыштық күштерінің әуе кеме­лерімен 108 рейс жасалды. Бітімгерлік күштер контингенті Нұр-Сұлтан, Алматы қала­лары мен Алматы облы­сында орналасқан. Командалық пункт Алматы қаласындағы құрлықтық әскер­лер институтының база­сында орналас­тырылды. Әскери контин­генттің материалды-техникалық жабдық­талуын жіберуші тарап, сондай-ақ екі­жақты және көпжақты келісім қамта­масыз етеді. Қазақстандық тараппен келісілген операция жоспарына сай ұжым­дық бітімгерлік күш жағдайды тұрақ­тандыру үшін маңызды әскери және мем­лекеттік объектілердің қауіпсіздігін қам­тамасыз ету міндеттеріне кірісті, – деп атап өтті ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась.

Ал Ресей Федерациясының Пре­зи­денті Владимир Путин өз сөзінде ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің кон­тин­генті Қазақстанға шектеулі уақытқа жіберілетінін мәлім етті.

– Бауырлас Қазақстан халқына кө­мек көрсету бойынша бірлескен қа­дам­дар барынша жедел келісілді. Осы орайда ҰҚШҰ тетігі нақты іске қосыл­ды. Қазақстанға ҰҚШҰ Ұжымдық бітім­герлік күштерінің контингенті бағыт­талды. Олар мерзімі бойынша шек­тел­ген уақытқа жіберілді, яғни қажет­ті мер­зімді Қазақстан Президенті айқын­дайды, – деді В. Путин.

Ресей Президентінің айтуынша, өзі­нің функциясын орындағаннан кейін, ҰҚШҰ-ның контингенті Қазақстан аума­ғынан міндетті түрде шығарылады. Ол сон­дай-ақ газ бағасына наразы халық – бір топ, ал қолына қару алып, мемлекетті ша­буылдағандар басқа топ екенін атап өтті.

– Қазақстанның мемлекеттілігіне төн­ген қауіп газ бағасына қатысты нара­зы­лық акциялардың емес, ішкі және сыртқы деструктивті күштердің бұл жағдайды өз пайдасына асырып кетуінен туындағанын түсінеміз. Газ нарығындағы жағдайға қарсы болғандар – бір топ, олардың мақсаты бір. Ал қолына қару алып, мемлекетке шабуыл жасағандар – мүлдем басқа топ және олардың көздегені де бөлек мақсат, – деді Ресей Президенті.

Қазақстан халықаралық міндеттемелерін қатаң сақтайды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ күштерін енгізудің леги­тим­дігі жөнінде сұрақтар ақпараттың жетіс­пеуінен және жағдайды толық түсін­бегендіктен туындап жатқанын айтты.

– ҰҚШҰ бітімгерлік күштерін пай­далану жөніндегі шешімге саяси тұрғы­дан барынша қолдау көрсету, әсіресе БҰҰ және басқа да беделді халық­аралық ұйымдар, әлемнің озық бұқа­ралық ақпарат құралдары және тал­дау орталықтары, сондай-ақ үшінші мемлекеттер тарапынан аса маңызды. ҰҚШҰ күштерін енгізудің легитимділігі жөнінде сұрақтар туындап жатқанын көріп отырмыз. Бұл шынайы ақпараттың жетіспеуінен және жағдайды толық түсінбегендіктен болып жатыр. Кей­бір жағдайларда халықаралық қоғам­дастықта, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын қоса алғанда, ҰҚШҰ күште­рінің пайдаланылуына, жалпы Қазақ­стандағы жағдайға қатысты мүлде қате түсінік қалыптасты. Ұсынып отырған айғақтарға қарамастан, кейбір дереккөз­дер Қазақстан билігін бейбіт демонстранттармен күресті деп айтып жатыр. Бұл – мүлде қате ақпарат,– деді Президент өз сөзінде.

Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт шеруге шыққандарға қарсы ешқашан қару қолданылмағанын және қолда­ныл­майтынын баса айтты.

– Біз бейбіт шеруге шыққандарға қарсы ешқашан қару қолданған жоқ­пыз және қолданбаймыз да. Осыны білетін Қазақстанға шабуыл ұйым­дас­тырушылар бірнеше рет агрессиялық әрекет жасады. Бастапқы кезде, мен айтып өткен­дей, бейбіт наразылық болды. Кейін Алматы қала­сында саяси митинг өт­кізілді. Содан соң шибөрідей қаптаған қару­лы содыр­лар қалаға үш бағыттан бас салды. Басын­да олар өздерін бейбіт демонс­трант­­тар ретінде көрсетіп, құқықтық тәр­тіпті сақтаушы күштерді, тіпті қала тұрғын­дарын шатастырды. Ал содан кейін «Ал­маты трагедиясы» деген атау алып, та­рихқа енетін оқиға болды, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлемдік қоғам­дастық сотына елімізге қарсы жүргізілген террорлық агрессияның дайындығы мен оны жүргізуге қатысты қосымша дәлелдер ұсынатынын мәлімдеді.

– БҰҰ Жарғысына сәйкес әр мемлекет қарулы шабуыл кезінде жеке немесе ұжымдық тұрғыда өзін-өзі қорғауға құқы­лы. Жуық арада, алдын ала тергеулер аяқталғаннан кейін, біз әлемдік қоғам­дастық сотына елімізге қарсы жүргі­зілген террористік агрессияның дайын­дығы мен оны жүргізуге қатысты қосым­ша дәлелдер ұсынамыз. Көріп отырға­нымыздай, жекелеген бұқаралық ақпарат құ­ралдары мен қоғамдық институттар ойдан шығарылған дүниелерге және тексерілмеген фактілерге негізделген жалған ақпараттарды бей берекет таратып жатыр. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК, сондай-ақ халықаралық гуманитарлық ұйымдар қаскөйлердің, террористердің, қылмыскерлердің заңсыз әрекеттерінің толық әрі әділ тергелуіне мүдделі екеніне сенімдімін. Асығыс тұжырым жасаудың қажеті жоқ.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан өзінің халықаралық мін­деттемелерін қатаң сақтайтынына және Қазақстан халқының билікпен бейбіт, еркін әрі ашық диалог орнату жөніндегі құқығын берік қорғайтынына сендірді.

– Қазақстан өзінің жаңа тарихындағы ең қиын кезеңді еңсереді деп о баста сенім артқандардың бәріне алғыс айтамын. Бұл, әсіресе, ҰҚШҰ-ға қатысты. ҰҚШҰ-ның Қазақстандағы бітімгерлік әлеуетін ықпалдаса отырып, барынша қауіпсіз, тиімді әрі қысқа мерзімге пай­даланатынымызға сенімдімін. ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күшінің миссиясы жоғары деңгейде тиімді, пайдалы болады деп турасын айту керек. Біз өз тарапымыздан мұны арандатушылар немесе қаскөйлер пайдаланып кететіндей ақпараттық вакуумға жол бермеуіміз ке­рек деп ойлаймын. Өкінішке қарай, біз­дің жағдайда бұл жалғасып жатыр. Қалыптасқан жағдай ҰҚШҰ Бас хат­шысының бітімгерлік қызмет жөніндегі арнаулы өкілі инс­титутын құру жөніндегі жуырдағы шешіміміздің өзекті екенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар біз Қазақстан халқының билікпен бейбіт әрі еркін және ашық диалог орнату жөніндегі құқығын берік қорғайтынымызды нақты айтқым келеді. Сонымен қатар зорлық-зомбылыққа негізделген экстремизмнің кез келген түрінің, әсіресе Қазақстанға қарсы жақында ғана болған әскери іс-қимылдардың қатаң түрде жолын кесеміз. Біз мемлекеттік егемендігіміз бен территориямыздың бүтіндігіне нұқсан келтіруге жол бермейміз. Қазақстан өзінің халықаралық міндеттемелерін қатаң сақтайтынына сендіргім келеді, – деді Қ.Тоқаев.

Бітімгершілік күштер миссиясы жуырда аяқталады

Қазіргі уақытта Қазақстанда конс­титуциялық тәртіп қалпына келтірілгенін айтқан ел Президенті қазір құқық қорғау органдары атқарып жатқан жұмыс жайын баяндады. 

– Елге төнген қауіп-қатерге тойтарыс берілді. Лаңкестікке қарсы іс-қимылдар аясында қылмысқа қатысы бар азаматтарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде полиция органдарына 8 мыңға жуық адам жеткізілді. Құқық қорғау органдары мен арнаулы органдар олардың террорлық актілерге, кісі өлтіруге, мародерлікке және басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде. 116 түрлі қару тәркіленді. Сырт киімдерін ауыстыру, сақалын алу сияқты жаңа әдіске көшкен және басқа да қулықтар жасау арқылы жасырынып жүрген содырларды анықтау операциялары жалғасып жатыр. Алда ауқымды да қауырт жұмыстар бар. Тіпті бұған құқық қорғау органдары мен армия ардагерлері де тартылуда. Бүкіл мемлекеттік органдар еліміздің толықтай қалыпты өмірге оралуы үшін қарқынды жұмыс істеп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қ.Тоқаев жуырда лаңкестікке қарсы ауқымды іс-қимылдар сәтті аяқталып, ҰҚШҰ күштерінің тиімді миссиясы тамамдалатынын айтып, мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу керек деп қорытындылады.

– Ертең мен Парламентке Үкіметтің жаңа құрамына қатысты ұсыныс енгі­зіп, әлеуметтік-экономикалық сала­дағы өзекті мәселелерді шешу жөнінде нақ­ты міндеттер жүктеймін. Жуырда лаңкестікке қарсы ауқымды іс-қимылдар сәтті аяқ­талады, сондай-ақ ҰҚШҰ күштерінің де тиімді миссиясы тамамдалады. Бастысы – бүкіл ұжымдық қауіпсіздік кеңістігінде мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу. Алдағы уақыттағы біздің негізгі міндетіміз де осы болады деп ойлаймын. Қазақстан бұл жұмыстарды атқаруға дайын және одақтастарын әрдайым қолдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саммит барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы жағдай жөнінде пікір алма­сып, еліміздің басшылығы жасап жат­қан іс-әрекеттерді қолдайтынын айт­ты. Сондай-ақ тұрақтылық пен конс­титуциялық тәртіпті қалпына келтірудің маңызды екеніне назар аудар­ды. Мемлекеттер басшылары ҰҚШҰ Ұжым­дық бітімгерлік күштерінің Қазақ­стандағы миссиясы аяқталғанша тұрақты байланыста болуға уағдаласты.