Қостанай қаласының 62 жастағы тұрғыны Асылбек Есмағамбетов үйдегі шаруасының біразын әртүрлі техниканың бөлшектерінен өз қолымен құрастырып алған трактордың көмегімен тындырады. Шағын тракторға қуаты 13 ат күшіне тең қытайлық Lifan көлігінің қозғалтқышы қондырылған. Ауланың қарын күреп, шағын тіркемеге жүк тиеп тасуға осы шағын мотордың өзі-ақ жетіп жатыр.
Кәсібі механик болғандықтан, темірдің тілін жақсы білетін әуесқой өнертапқыш үй шаруасына жарайтын шағын трактор құрастырып алуды бұрыннан ойластырып жүрсе де, бұл ойын жүзеге асыруды осыдан бес ай бұрын ғана іске асыра бастаған. Ең әуелі күш агрегаттары қажет болды. Белдеме мен трансмиссиялық жүйенің жаңасын сатып алу аса қымбатқа түседі. Асылбек Есмағамбетов бұл бөлшектерді металл сынығын қабылдайтын орындардан іздеп тапқанын айтады.
– Қажет бөлшектерді іздеп табу үшін біраз тер төгуге тура келді. Бірде металл қабылдау пункттерін аралап жүріп кеңес заманынан қалған ауыр жүк көтеретін ескі кардың бөлшектерін көріп қалдым. Оның белдемесі мен аммортизаторлары ғана жарамды болып шықты. Соның өзін қайта жарату үшін көп еңбектендім. Трактордың қаңқасын агрегаттарға лайықтап шағындап қана жасадым. Ал басқару жүйесін әйгілі Mercedes көлігінің руль тартқышы мен «Москвичтің» басқару бағанасынан жасадым. Басты мақсатым шағын ғана бюджеттік трактор жасау болды. Оның сыртқы әдемілігіне аса мән берген жоқпын, парадқа айдап шықпаймын ғой, ауладағы шаруаны тындырып алсам да жарап жатыр, – дейді А. Есмағамбетов.
Асекеңнің трактор құрастыру барысында қолда бар дүниесін қиюластырып, жоқтан жонып бар жасағаны көрініп тұр. Мысалы, жылдамдық ауыстыратын төрт сатылы қорап бұрын ескі «Газ-51» көлігінде тұрыпты. Ажыратқышты қолдан жасауға тура келген. Тежегіш жүйесі де қырық жылғы қызыл комбайннан алынған.
– Бастан-аяқ құрастырып шығуға төрт ай уақыт кетті. Қолым босай қалса болды, осымен алданамын. Кейде күйеу балам мен інілерім келіп көмектесті. Өйткені жалғыз адамға кейбір ауыр бөлшектерді орнына қойып, бекіту қиынға соғады, – деді өнертапқыш.
Трактордың тұмсығына шебердің өзі жасаған ені бір метрден сәл ғана асатын қыста қар аршуға қолайлы күрек тіркеліпті. Көктемде күректің орнына соқа тіркеліп, шағын трактор бақшада жер жыртуға пайдаланылады. Қажет болған жағдайда телешкі тіркеп, жүк тасуға да болады.
Қостанай облысы