Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Александр Данилов ҚР АҚДМ вице-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Александр Данилов 1991 жылы 16 желтоқсанда Қарағанды қаласында туған. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін және Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі. Президенттік Жастар кадр резервінің мүшесі. Еңбек жолын қоғамдық секторда бастаған, әр жылдары бірқатар жастар қоғамдық ұйымының басшысы болған.
Сондай-ақ жеке ұйымдарда басшылық қызметтерді атқарды.
2020 жылдың шілде айынан бастап Stopfake.kz жобасының жетекшісі болды.