• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қаңтар, 2022

Семейде әлеуметтік өнімдердің бағасы тұрақты

214 рет
көрсетілді

Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов әлеуметтік нан, газ және жанар-жағармайдың бағасын тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нан мен ЖЖМ жеткізу бойынша жағдай тұрақты. Қалада 30-дан астам нан өндіруші тұрақты жұмыс істейді. Олардың ішінде ең ірілері: «СемНан», «Тұмар» ЖШС және тағы басқалары.

«СемНан» күн сайын дүкендерге 110 теңгеден үш жарым мың бөлке әлеуметтік нан жеткізеді. Қала әкімдігінің сауда нүктелерімен жасаған меморандумына сәйкес, дүкендер нан үшін 5 теңгеден аспайтын үстемеақы қосады. Нәтижесінде, аталған өндірушіден алынған нанның құны-115 теңге.

Өзінің жеке наубайханалары бар «Апрель», «Адал» сияқты ірі супермаркеттерде нан бағасы одан да арзан. Онда нан 95-100 теңге аралығында сатылады.

«Ұн тарту комбинаттары мен цехтары тұрақты жұмыс істейді. Бұл қаламызға сырттан нан әкелмеуге мүмкіндік береді. Әкімдіктің арнайы жұмыс тобы ұн мен нан бағасының құрамдас бөлігін есептеді. 38% -  бұл ЖЖМ шығындары, 18% - электр энергиясы. Оған қоса, салықтар мен жұмысшылардың жалақысы бар. Мемлекеттік қолдау шаралары қазіргі бағаларды ұстап қана қоймай, біршама төмендеуіне мүмкіндік береді»,  деп хабарлады Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов.

Жанар-жағармайға келетін болсақ, онда мемлекеттік реттеу аясында бағалар тұрақтанды. Жанар-жағармай құю бекеттері желісінде Гелиос, Авантаж, тағы басқалары А-92 маркалы бензин литріне 177-180 теңге аралығында сатады. Автокөлік газы - 60 теңгеден. Дизель отынының бағасының айтарлықтай төмендеуі байқалады. Егер біраз уақыт бұрын оның бағасы 300 теңгеден асып кетсе, қазір - 260 теңге.

«Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде, осы қиын-қыстау кезеңде біздің азаматтарды мемлекеттік қолдау шаралары арқылы қорғауды тапсырды. Бұл шешім уақытылы әрі дұрыс. Енді жергілікті атқарушы биліктің міндеті - мемлекет басшысы мен үкіметтің барлық тапсырмаларын дәл әрі тиімді орындау», деп атап өтті Бақытжан Байахметов.

Қала әкімі өз сөзінде, қабылданған шаралардың нәтижесінде тұрмыстық газ бағасы да төмендегенін хабарлады. 25 литрлік тұрмыстық газ қазір 1700-2500 теңге аралығында сатылуда. Ал, 50 литрлік газ сыйымдылығының бағасы 5 мыңнан 3400 теңгеге дейін төмендеді.

Бақытжан Байахметов барлық жергілікті өндірушілерге семейліктерге қолдау көрсеткені үшін ерекше алғыс айтып, әкімдіктің тиісті бөлімдеріне шағын және орта бизнестің тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасауды тапсырды.

Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасы бойынша, жақын арада тұрақтандыру қорының азық-түлігі базар бағасынан төмен бағамен сатылатын дүкендер мен сауда нүктелерінің желісі кеңейтіледі.